Руханият 0 пікір 2061 лайк

Замана шежіресі

Қыркүйек 20 / 2018

 

Журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, табиғат қорғау тақырыбына арналған көркем прозалық туындылардың республикалық бәйгесінің бірнеше мәрте жүлдегері Жеңіс Баһадүрдің Алматы қаласындағы «Толғанай Т» баспасынан «Толқын дәурен», «Мұнар» атты қос томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

 

Жеңіс Баһадүрдің есімі оқырмандарға журналист ретінде де, жазушы ретінде де кеңінен танымал. БАҚ саласында ұзақ жылдар еңбек ете жүріп, заман шежіресін түзумен бірге әдебиетсүйер қауымға «Қос қайың» («Жалын»), «Қайта оралған аққулар» («Қайнар»), «Мөлдір тамшылар», «Үш қиян» («Өлке»), «Үңгірден шыққан адам» («Жебе») және басқа да прозалық туындыларымен танылды.

Ал, оның сұхбаттар, суреттемелер, эсселер (І том) және мақалалар, ойтолғамдар, әуезелер (ІІ том) топтастырылған мына кітаптары бірыңғай журналистика жанрына арналыпты. 50 баспа табақтан астам көлемді қос кітапты замана шежіресі деп атасақ та болғандай. Өйткені, журналистиканың әртүрлі жанрларында беріліп, сан түрлі оқиғаларды қамтыған туындыларда ел өмірінің 40 жылға жуық кезеңі көз алдымыздан өтеді. Оларда мемлекет тарихындағы алмағайып кезеңдер де, жеке адамның басындағы әр-

алуан жағдайлар да, мейірімді жанның бойынан тараған шуақ та, заманының көкейкесті мәселелерін қозғаған ой-толғамдар мен жүрекжарды пікірлер де, дәуір сипатын білдіретін өрнек-белгілер де, бәрі-бәрі бар.

Автордың мазмұн түзудегі шеберлігі бірден көзге ұрып, оқырманды еліктіре жетелей жөнеледі. Бірінші томның бірінші кемерінде «Ақтарыла айтқанда» деген тақырыптың қойылуы да тегін емес. Бұл тақырып аясында заманымыздың аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтан бастап, еліміздің басқа да көптеген қайраткерлері заман, қоғам туралы ойларын ортаға салады. Ал, одан кейінгі бөлімдерде автордың тақырыпқа сай мақалалары рет-ретімен баяндалады.

Екінші томдағы үш бөлімге топтастырылған мақалалардың да әрқайсысы өзіндік жүк көтеріп тұрған дүниелер. Сөз ретіне қарай екі томның да беташарына берілген көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің өлеңдерінен үзінділер кітаптардағы туындылар мазмұнын аша түсуге септігін тигізіп тұрғаны айқын аңғарылады.

Журналист-жазушы Жеңіс Баһадүрдің аталған қос томдығын шолу үстінде автордың сөз саптаудағы өзіндік қолтаңбасын байқадық. Әсіресе, оның нағыз жазушыға тән көркем ойлап, келісті баяндай білуі қос кітаптың да өн бойынан аңғарылады. Бұлай дейтініміз, әдетте, журналистикада көбіне оқиғаны тақ-тұқ тілмен нақты баяндау орын алып жатады. Ол бір есептен дұрыс та шығар. Өйткені, журналист көрген-білгенін, орын алған оқиғаны айтып отыр. Сондықтан да оған көркем ойлап, кестелі сөйлеу шарт емес. Ең бастысы – болған нәрсені, жаңалықты оқырманға жеткізу.

Жоғарыдағы бір сөзімізде жазушы-журналист Жеңіс Баһадүрдің өзіміз әңгімелеп отырған қос томдығын замана шежіресіне теңеген едік. Бұл ойымызды қайтара еске салып отырғандағы мақсатымыз пікірімізді дәлелдей түссек деген пайымдаудан туған-ды. Ол үшін шағын шолуда кітаптардың мазмұнын бастан-аяқ баяндап шығудың мүмкін еместігін ескере отырып, шежіре деуге себін тигізер ондаған мақала мен сұхбаттардың кейбірінің тым болмаса тақырыбын атай кеткенді жөн көрдік. Олар мыналар: Д.Қонаев, «Халқыма арнағанмын өмірімді»

(І том, 4-бет), А.Әшімов, «Кіші Асанәлінің келешегіне алаңдаймын» (І том, 144-бет), «Атажұрт» (І том, 334-бет), «Ұлылықпен ұмытылмас екі кездесу» (І том, 408-бет), «Елімен тамырлас тағдыр» (ІІ том, 87-бет), «Тәуке хан тұрса тұғырда» (ІІ том, 154-бет), «Жақсының жағасына жармаспа» (ІІ том, 262-бет).

Осымен Ж.Баһадүрдің қоғамның ондаған жылдық шежіресін қамтып, алуан-алуан тағдырларды әңгімелеген, өзекті проблемаларды ортаға салған, туған тілдің болашағына алаңдаған журналистік жазбалары төңірегіндегі қысқаша шолуымызды қорытындылай келе, «жақсы кітап – жан азығы» деген қанатты сөзге лайықты туындының оқырманға жол тартқанын еске салумен шектелеміз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ, филология ғылымдарының кандидаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ