Руханият 0 пікір 2060 лайк

«Өзегі – өлең-өмір»

Қыркүйек 20 / 2018

 

Сайрам ауданындағы Қ.Жандарбеков атындағы мәдениет үйінде ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Сайрам ауданының құрметті азаматы, ақын Баян Тіленшинаның «Өзегі – өлең-өмір» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби кеште автордың «Ғибрат» романының тұсауы кесілді.

 

Ақын Қабылбек Төретай жүргізген алқалы басқосуда аудан әкімі Бақтияр Мамаев кеш иесінің азаматтық ұстанымына тоқталып, алғысын білдірді. Қаламгерлер Еркінбек Тұрысов, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалыұлы, Сәрсенбек Сахабат Тіленшинаның қаламгерлік ізденісі, қайраткер әкесінің өмір жолы мен қызметіне арнаған естелік мұрасы, ақындық әлемі жайында әңгіме қозғады. «Өрлеу» мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институты директорының ғылыми әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Мұхтар Бексұлтанұлы «Ғибрат» романындағы Керім Тіленшіұлының өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі екеніне тоқталып, ақынға шығармашылық табыс тіледі. «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының ғылыми хатшысы Зылиха Жантасова «Баян Тіленшинаның жазушылық әлемі» деген тақырыпта баяндама жасады.

Кеш иесінің «Қызыл террор» атты шығармасынан сахналық қойылым көрсетілді. Сабырбек Нұрманұлы мен ақынның шәкірттері арнау өлеңдерін оқып, ықыластарын танытты. Ақынның «Менің Сайрамым», «Сайрам елім», «Құтханам – кітапханам» деген әндері шырқалды. Кітапхана фойесіне қоғам қайраткері Керім Тіленшинге арналған көрме қойылды. Б.Тіленшинаның шығармашылығына арналған «Қара сөз бен қара өлеңнің жүйрігі» атты кітап көрмесі жасақталып, ақынның шығармашылығы жайында слайд көрсетілді.

З.ТҰРАРҚЫЗЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ