Зәкірдің жиһазы

Қыркүйек 20 / 2018

 

Соңғы жылдары сарыағаштықтар жиһазды Шымкенттен немесе Алматыдан тасуды қойды. Рас, кезінде жиһазды көбісі Ташкент қаласынан сатып алатын. Қазір Сарыағаш қаласының өзінде 20-дан астам жиһаз шығаратын шағын цех жұмыс істеп тұр.

 

2003 жылы отбасымен бірге Өзбекстаннан көшіп келген шебер жігіт Зәкір Умаров пен оның достары аудан тұрғындарына үйге, кеңсеге қажетті жиһаздың бірнеше түрін жасап береді. Осылайша көпшіліктің алғысын алған Зәкір ұста 2008 жылдан бері жеке кәсіпкерлігін жолға қояды.

Орта мектепті бітірген соң Зәкір басқалар сияқты құжаттарын қолына алып, жоғары оқу орындарына тұра жүгірген жоқ. Оны жоғары оқу орнында оқытуға ата-анасының да шамасы келмейтін ол кезде. Ол мектеп бітірген жылы екі қолға бір күрек іздеп қалаға барады. Шымкенттегі нағашыларының жиһаз жасайтын цехында жұмыс істей жүріп, көп нәрсені үйренді. Алғашқыда жиһаздың тақтайларын кесіп-пішіп, сүргілеп, бұрғылап жүрсе, кейін жиһазды құрастыруды үйреніп, қолының епсекті екенін байқатты. Көп ұзамай Зәкір өз ауылына келіп кәсіп ашуға бел буады. Шаһардан үйреніп келген кәсібінің жемісін көру үшін алдымен Сарыағаш қаласында тапсырыспен жұмсақ жиһаз құрастыруды бастайды. Бүгінде жатын бөлмеге кереует, асүйге шкаф, жұмсақ жиһаз бен сандыққа тапсырыс қабылдайды.

Бүгінде Зәкір шағын цех ашып, жеті адамды жұмыспен қамтып отыр. Қалада орналасқан екі дүкеніне өзі шығаратын сапалы жиһаздарды сатуға қойған. Одан бөлек шалғай ауылдарға барып, тапсырыс қабылдайды. Тұтынушылардың тапсырысы бойынша жасаған жиһаздарын үйлеріне жеткізіп береді. Міне, 10 жылдан бері Сарыағашта оны танымайтындар кемде-кем.

– Соңғы 2-3 жылда кәсіпкерлігімнің аясын кеңейттім. Алғашқы кезбен салыстырғанда қазір деңгейіміз әлдеқайда өсті. Әсіресе, жиһаз жасауда тақтайлардың сапасына аса қатты мән беру керек. Одан бөлек жұмсақ жиһаздарға матаны бұрынғыдай базардан емес, арнайы тапсырыспен алдыртамын. Тұтынушының көңілінен шығуға тырысамыз. Дизайн мен материалдарды таңдау тапсырыс берушінің еркінде. Олардың таңдағанын айнытпай жасап береміз. Бағасы да қалтаға қонымды, — дейді кәсіпкер Зәкір Умаров.

Г.НЫШАНХАНҚЫЗЫ. Сарыағаш ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ