Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Ауылда ІТ-сыныбы ашылды

Қыркүйек 17 / 2018

 

Жуырда Келес ауданы, Абай ауылында орналасқан Ө.Жәнібеков атындағы №73 мектеп-гимназиясында заманауи үлгіде жабдықталған ІT-сыныбының ашылу салтанаты өтті. Шараға «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов, Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев, Келес аудандық мәслихатының хатшысы А.Тотиков қатысты. ІT-сыныбы заманауи компьютерлермен, 3D принтер, жоғары жылдамдықты интернет, қажетті веб бағдарламалармен қамтамасыз етілген.

 

Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов мемлекет тарапынан жастарға жасалынып жатқан қамқорлық туралы айта келе, еліміздің болашағы өскелең ұрпақтың қолында екенін атап өтті. ІТ- сыныбы жобасы Елбасы тапсырмасымен қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

Салтанатты шарадан соң аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Келес аудандық филиалының кезектен тыс бірінші конференциясы болып өтті. Жиында партияның аудандық филиалының төрағасын, саяси кеңесінің құрамын және саяси бюросының мүшелерін сайлауға байланысты мәселе қаралды.

Конференция қорытындысы бойынша Келес ауданының әкімі А.Есбаев «Нұр Отан» партиясы Келес аудандық филиалының төрағасы болып сайланды. Сонымен қатар, партия филиалының саяси кеңесі мен саяси бюросының құрамы дауысқа салынды. Ал, қаулылардың орындалуын бақылау «Нұр Отан» партиясы Келес аудандық филиалының саяси кеңесіне тапсырылды.

Гүлдана АЙХОДЖАЕВА. Келес ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ