Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Меморандумға қол қойылды

Қыркүйек 17 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасының ерекше назарында тұрған Түркістан қаласына бүгінде облыстық әкімдік пен мәслихат, басқармалар мен департаменттер толығымен орналасып үлгерді. Солардың қатарында Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі, Түркістан облыстық соты және мамандандырылған соттар да бар. Кешегі аптада облыстық сот жүйесінің 33 судьясы, 128 сот қызметкері және келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген 15 азамат Түркістан мен Кентау қалаларына қоныс аударды. Әрине, уақытша қолайсыздықтар кездескенімен, қазіргі таңда сот жүйесі ғимаратпен және қызметкерлер тұрғын жаймен толығымен қамтамасыз етілді.

 

Әрине, бұл ретте жұмыстың сапасын жоғалтпас үшін көшті ұтымды ұйымдастырып, судьялар мен сот қызметкерлерін баспаналы ету маңызды. Осы мәселені бірігіп шешу үшін өткен аптада Түркістан облысы әкімдігінің, Түркістан, Кентау қалалары әкімдіктерінің және Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісі мекемелері арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

– Меморандумға сәйкес, облыстық сот жүйесінің жаңа орталыққа кідіріссіз орналасуы үшін қос тарап жүйелі жұмысты бастап та кетті, – дейді Түркістан облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев. – Сот мамандары бүгінде Түркістан, Кентау қалаларындағы соңғы үлгідегі жатақханаларға орналасты. Кентаудағы сот қызметкерлерін тегін тасымалдауға автобус бөлініп отыр. Осы игі іске қолдау білдірген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербайға және Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевқа үлкен алғысымызды білдіреміз. Облыстың жаңа тарихы бастау алып жатқан тұста көші-қонды тіпті де кешеуілдетуге болмайды. Себебі, басына бармасаңыз жұмыс бітпейді. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын қолға алу керек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ