Руханият 0 пікір 2049 лайк

Байқау басталды!

Қыркүйек 17 / 2018

 

Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейcенбай Тәжібаев Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенттерімен кездесу кезінде мәлімдеді. Басқарма басшысы кездесу барысында көпшілікті байқауға қатысуға шақырды. Байқау Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасын жүзеге асыру және туған жердің туристік әлеуетін көтеріп, тарихын насихаттауды мақсат етеді.

 

– Түркістан облысы құрылып, шежірелі шаһардың жаңа дәуірі басталғанын білесіздер. Ендеше, өңіріміздің тылсым тарихы мен таңғажайып табиғатын насихаттауға, Түркістанды шын мәніндегі Түркі әлеміне ортақ қалаға айналдыруға бәріміз атсалысуымыз керек. Бұл ретте Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті студенттеріне де мол мүмкіндік туып тұр. Осы оқу орнында журналистика мамандығы бойынша 100-ге жуық студент білім алып жатыр. Олардың арасында ағылшын және түрік тілінде терең білім алып жүргендері де бар екен. Демек, Түркістан облысы мен Түркістан қаласы туралы бірнеше тілде мақала, түрлі еңбектер жазып, шетелге танытуға болады. Сондықтан жас әріптестерімізге бізбен бірлесіп жұмыс істеңіздер дегіміз келеді. Бұл мақсатта ерікті журналистер клубын құруға шақырамын. Түркістанның тарихын дәріптеп, туристік тартымдылығын арттыруға сіздер де үлес қосасыздар. Мәселен, бүгіннен бастап облыста «Таңғажайып Түркістан» байқауы басталды. Оған кез келген әлеуметтік желі белсенділері қатыса алады. Сіздерді де бақ сынауға шақырамыз, – деді басқарма басшысы.

Университет кітапханасында өткен келелі басқосуда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жетекшісі Әміреқұл Әбуов, әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Эфтал Батмас, «Туризм және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Бекжігіт Сердәлі және өзге де азаматтар өз ойларын ортаға салып, журналистика саласындағы мәселелер мен ізденістер туралы айтты. Түркістанның әлеуеті жоғары екеніне тоқталды. Студенттер де өз ұсыныстарын айтып, Түркістанның жаңа келбетін қалыптастыру бастамасына белсене қатысатындарын жеткізді.

Д.ЖҮСІПОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ