Әлімқұл ұстаз әлемі

Қыркүйек 17 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ұлы ғұлама Мұхтар Әуезовтің есімін еншілеген қарашаңырақ оқу орны – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті өзінің 75 жылдық тарихында қаншама түлектерді қанаттандырып шығарды. Бүгінде аталған оқу орнының түлектері елімізді айтпағанда алыс-жақын шетелдерде де жемісті еңбек етіп жүр. Осынау жетістіктерге жету жолында оқу орнының профессор-ғалымдарының, ұлағатты ұстаздарының сіңірген еңбектері ерекше. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі – бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған профессор, республикалық білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері Әлімқұл Байбөлекұлы десек, асыра айтқандық емес.

 

Әлімқұл аға 1938 жылдың 23 қыркүйегінде бүгінгі Төлеби ауданының Елтай ауылында дүниеге келген. Шымкенттегі қарашаңырақ білім ұяларының бірі – Қ. Спатаев атындағы мектепте оқып, онжылдықты Ленгір қаласындағы орта мектепте бітіреді. 1957 жылы Қазақ-химия технология институтына түсіп, инженер құрылысшы-технолог мамандығын алып шығады. Жолдамамен Семей қаласы, Үржар ауданында алғашқы еңбек жолын бастайды.

– Марқұм әкемнің заман қиын болса да мені оқытсам деген арманының мәнін кейіннен түсіндім. Бізді білім алуға, ізденуге, алға ұмтылуға үйретіп отыратын ол кісі бір сөзінде «Мені әкем сол замандағы санаулы білім ошақтарының бірі – Әулиеатадағы орыс-қырғыз мектебіне беріп, сауатымды ашып еді. Оның жемісін көп көрдім. Орысша үйренгенімнің, сауатты болғандығымның пайдасы байдың баласы деген айыппен абақтыда отырғанда да тиді» деуші еді жарықтық. «Мүмкіндік болса білім алыңдар, ол өз биігіне шығармай қоймайды» дегенді де үнемі айтып отырушы еді. Жалпы, өмір жолымда жақсы ұстаздар аз кездескен жоқ, дегенмен, мен үшін өз әкемнің орны бөлек. Бүгінде қандай да бір жетістіктерге жеткен болсам, оның жолында мектеп қабырғасында, жоғары оқу орнында дәріс берген ұлағатты ұстаздарыммен бірге ата-анамның да зор үлесі бар, – дейді Әлімқұл аға бір сөзінде.

Ол кезде жолдамамен барған жерде кемі үш жыл жұмыс істеуің керек. Әлекең де сол тәртіппен үш жыл сыртта жүрді. 1965 жылы өзі бітірген институтқа жұмысқа қабылданып, ғылым жолына түседі. Мәскеудің құрылыс-инженері институтына аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертациясын қорғайды. Институтта декан, оқу-әдістемелік бөлім меңгерушісі, сыртқы және ішкі оқыту жөніндегі проректоры, оқу істері жөніндегі проректоры қызметтерін атқарады. Осында кәсіподақ комитетіне төрағалыққа сайланып, одақтық съезге делегат болды. Әр жылдары Қазақ-Араб университетінде проректорлық, Шымкент университетінде ректорлық қызмет атқарды. 1992 жылы жоғары академиялық комитеттің шешімімен профессор атағын алады.

Кез келген өркендеген елдердің дамуы өндірістің экономикалық табыстарына байланысты емес пе?! Мұнда да сол білім сапасын жақсартуда, оның ішінде индустриялық-инновациялық даму, өндірістік революция жолында жасалып жатқан жұмыстар, жоғары оқу орындарына қойылатын міндет заман талабына сай күшейіп тұрған кез. Оның осылай болуы – заңдылық.

Бұл орайда әлі де оқу процесінен қол үзбеген Әлімқұл аға ОҚМУ-дің бүгінгі тыныс-тіршілігіне ардагер ұстаз ретінде былайша баға береді.

– Университеттің оқу үдерісіне жаңа технологияларды кеңінен ендіру нәтижесінде жылдан-жылға гранттық ғылыми-зерттеу жұмыстардың көлемі артып келеді. Кафедралардың, зертханалардың материалдық-техникалық жағдайы жақсарып, шетелдік оқу орындарымен байланыстар күшейтілді. Жалпы, өңірдегі қарашаңырақ оқу орнының әр жылдары жеткен жетістіктері көп. Қазіргі таңда да біраз көрсеткіштер бойынша алда келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жасалатын талдау нәтижесінде ОҚМУ республикалық жоғары оқу орындары арасында рейтинг көрсеткіші бойынша алдыңғы үштіктен түскен емес. Оның бәрі осындағы басшылықтың, үлкенді-кішілі қызметкерлердің еңбегі. Сондай-ақ, білім алушы өнертапқыш студенттердің де еңбегі бар, – дейді ғалым.

Жалпы ардагер ағаның негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары өндіріс қалдықтарын және пайдаланылмай жатқан табиғи ресурстарды тұтына отырып құрылыс бұйымдарын, оның ішінде оңтүстік өңірінің климаты ескеріліп, бетон технологиясын дамытуға негізделген. Осы мақсатта өнертапқыштық 9 куәлігі бар.

Иә, ардагер ағалар үшін бұл оқу орнының орны бөлек. Олар осында жүріп өздерінің есімдерін қалыптастырды, шәкірт тәрбиелей жүріп, елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Әлімқұл аға да сол көштің тізімін жалғастырып келеді. Ол кісіден дәріс алып, ғылымның сара жолына түскен шәкірттері бүгінде ел экономикасын дамытуға өз үлестерін қосуда. Сондықтан да шығар, ғалым аға бұл оқу орнының болашағына үлкен сеніммен қарайды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ