Елеусізовтің есімі елеусіз қалмаса...

Қыркүйек 17 / 2018

 

Кез келген өнер түрінен халыққа қалтқысыз қызмет етудің шынайы үлгісі танылып тұруы тиіс. Көптің өнерге деген мейірімін сусындатып, шөлін қандыру үшін терең білімнің өзі де аздық етеді. Ең бірінші кезекте жүрек көзің ашық болуы керек.

 

Дана Абай адам баласының табиғатын, жүрек дірілін, нені аңсап, нені көксейтінін тұжырымдай келе: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген. Ендеше, мұндай тосын құбылыс, әлде құмбыл көңілдің ділгірлігі табиғатында бар адам ғана ұлттық өнердің көшін ілгері сүйремек.

Бір ойды бір ой түртеді, мәселен, Жезді өңірінде туған «Жезкиік» әнінің кең даламыздың ойын да, қырын да шарлағаны қашан... Міне, осы тамаша әнді дүниеге әкелген Жақсыкелді Сейіловтің әсемдік пен сұлулыққа, көркемдік пен сұңғыла өнерге деген құштар көңіліне демеу болған бір қазақ өтті дүниеден.

Ол айтқанынан айтпағы мол, халқына ұсынғанынан ұсынары көп Серік Елеусізов еді. Елдің көркіндей болып бой жетіп, әсем әннің ырғағымен тыныстаған қазақ қыздарының басын қосып «Гүлдер» ән-би ансамблін құрған Серік Елеусізов өзі қызмет етіп жүрген Жезқазған облыстық филармониясына композитор Жақсыкелді Сейіловті шақырады. Мұны бір таланттың бір талантты тануы десек болады. Осылайша сол кезде енді таныла бастаған «Қаракөз» ансамблінен кейін «Жезкиік» ансамблі құрылады. Ансамбльдің ашылу құрметіне арнап Жақсыкелдіге бір ән жазу тапсырылады. Көңілінен нұр саулаған композитор осылайша ақын Кәкімбек Салықовтың «Жезкиік» өлеңіне әйгілі әнін жазған еді...

Адам жаны ошақтағы маздаған шоқ сияқты. Үнемі қызуы бойында тұрады. Оны үрлеп оятқанда ғана ұшқын шығып, алауға айналады. Серік Елеусізов өзінің адам танитын, оның сезім түйсігін оята білетін қасиетімен Жақсыкелдідей талантқа ұшқын сыйлады. Дарын көзін ашты. Сырнайлы сазгер дала төсіне жезмарал болып еркелеп, «Ей, адамдар, жол беріңдер анаға!» деген ұран айта білді.

Біз бір ғана қырын сөз етіп отырған тума талант Серік Елеусізов 1937 жылы 2 желтоқсанда Сыр бойындағы Шиелі стансасында дүниеге келген. Әкесі Елеусізге ілесіп теміржол бойлап жүріп, шойын доңғалақтардың жер танабын дүрсілдеткен ырғағын тыңдап өсті. Сол қуатты дүрсіл тағдырына өнер шуағы болып енді. Мектептен соң Кұрманғазы атындағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға түсті. Студент кезінен алғыр Серік оқуын Мәскеудегі мәдениет институтының мәдени ағарту жұмыстары факультетінің режиссерлік бөліміне ауыстырды. Бұл оқу орнын 1961 жылы бітірген соң білімін А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтында жалғастырды. Осылайша Серік Елеусізов Кеңестер Одағы тарихында алғаш құрылған эстрада және көпшілік қойылымдары режиссері курсын тәмамдаған алғашқы тоғыз адамның бірі болды.

Ізденімпаз жастың студенттік жылдары толқыны жарға соққан өршіл теңіздей дауылды күндерге толы болды. Әрине, ол дауылды тұрғызатын студенттердің өзі еді. Мәскеуде оқитын қазақ жастары бірлесіп құрған «Жас тұлпар» қозғалысының бел ортасында Серік Елеусізов те жүрді. Осынау қозғалысқа қазақ жерінің әр түкпірінен келген жастар тартылды. Олар әр басқосуында қазақ елінің ішкі жағдайларын өзге елдермен салыстырып қарап, оның өркендеп, дамуы жайлы пікірлерін ортаға салып, ой-өрістерін кеңейтіп отырды. Әсіресе, қазақтардың ана тілін ұмытып бара жатуы өзектерін өртейтін. Жастұлпарлықтар сол кезде Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінде білім және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болған Ғалым Сүлейменовпен жиі араласып, пікір алмасып тұрды. Өздерін Алашорда дәуірінің ізбасарларымыз деп санаған қазақ зиялылары ұрпағының үні өткен ғасырдың алпысыншы жылдары осылайша жаңғырды. Жастұлпарлықтар Алаш зиялыларының еңбектерімен бірге Махамбеттің өлеңдеріне де үлкен мән беріп, құрметпен қарады. Махамбетті ел атынан сөйлеген ер, азаттықтың жаршысы санап, өлеңдерін жатқа оқыды. «Исатай–Махамбет» көтерілісін ұлт-азаттық көтерілісі деп таныды. Өйткені, Махамбет ақынның азаттық ой-танымы, жан тебіренісі, бостандықты аңсауы өздерінің арман-мақсаттарымен ұштасып жатты.

«Жас тұлпардың» жиындарын көңілді әрі мазмұнды өткізуде Серік Елеусізов ұйымдастыратын мәдени шаралардың маңызы ерен еді. Өйткені, ол әзірлеген бағдарламалар ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптық көріністерге аса бай болатын. Серік Елеусізов жетекшілік жасайтын көркемөнерпаздар үйірмесінің концерттері Мәскеу, Ленинград қалаларындағы студенттік орталарда табысты өтті. Қазақ жастарымен бірге өзге ұлттардың студенттері де қазақ елінің асқақ әндерін тыңдап, ұлтжандылық, елжандылық сезімдерді бастарынан кешірді.

Біреу білер, біреу білмес, Серік Елеусізов сахнада айтылған әндердің мазмұнын орысшаға аударып, түсініктеме берумен қатар, әннің шығу тарихына, шығарманың маңызына талдау жасайтын. Мұндайда міндетті түрде ел тарихына шолу жасалып, әр әнді ұлтымыздың шежіресімен байланыстырып түсіндіретін. Дәл осы жылдары жинақтаған тәжірибесі талантты режиссердің кейіннен жұмыс барысында еліміздің тәуелсіз рухын тербетіп, болашақ жарқын таңның атарына деген сенімін аялауда көп септігін тигізді.

Ол 1960–80 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрымен және Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр мемлекеттік музыкалық комедия театрымен тығыз байланыста жұмыс істеді. 1974 жылы Жезқазғанда құрылған филармонияның тұңғыш директоры болды. Шабыты шалқып, шығармашылық өрлеу кезеңіне аяқ басқан талантты режиссер осы жылдары М.Әуезовтің туындыларын Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында сахналады. Оңтүстік өңірінің көрермендері «Түнгі сарын» және «Айман – Шолпан» қойылымдарымен осылай табысты. Елеусізовтің режиссерлігімен сахналанған қойылымдар қазақ даласының дархандығын, ұлттың ұлылығын бар бояуымен танытып тұратын. Оңтүстік жеріне осылай қадам басқан, режиссерлік қолтаңбасын мойындатқан өнер майталманы 1980–1990 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық мәдениет институтының профессоры болып, шәкірттерге дәріс оқыды. «Алтыбақан» ойын-сауық отауы Серік Елеусізовтің өміршең идеясының арқасында «Тамаша» әзіл-сықақ театры арқылы республика көрермендерінің көзайымына айналды.

Қазақ жеріне кешігіп жеткен эстрада жанрын барынша өркендетіп, жастардың бірнеше сазды-хореографиялық ұйымдарының тұсауын кескен Серік Елеусізов «Гүлдер», «Ұлытау» эстрадалық ансамбльдерінің тұңғыш көркемдік жетекшісі әрі режиссері болды. Шымкентте «Ақмаржан», «Қазына» атты фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің тұсауын кескен оның тағы бір «перзенті» – Шымкент облыстық сазды-хореографиялық «Достық» халық ансамблі Мәскеудегі Кремль сарайында өнер көрсетті. Ең ғажабы, ансамбль Польшада өткен «Зелена Гура» фольклорлық әндер фестивалінің жеңімпазы атанды. Бұл, әрине, алғашқы саз жетекшісі Қасымхан Байтеміров, биін қоюшы балетмейстер Медеу Баубеков, педагог вокалист Шәкен Есенбековамен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесі еді. Сүйекті-сүйекті қойылымдардан тыс Серік Елеусізов мерекелік күндер мен айтулы даталарға байланысты қаншама ауқымды көпшілік қойылымдарға режиссерлік етті. Қол жеткен табыстары да аз болмады. Ол – Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері. Ол тұрған үйге мемориалдық естелік тақта орнатылды.

Қазақ топырағы таланттарға қаншалықты бай десек те есімі елеусіз қалып бара жатқан Серік Елеусізов секілді таланттарды еске алып отыру, оның атын жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парыздарының бірі болып қала бермек.

Лесбай МАЙЕМЕР, ҚР мәдениет қайраткері, ЮНЕСКО-ның алтын медаль иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ