Ұмыт қалған авторлар

Қыркүйек 17 / 2018

 

Әділетсіздік, сондай-ақ, адамның жолы болмаушылығы өмірдің әр саласында-ақ бар. Ол күнтізбе – календарь саласында да болған. Біздің дәуірімізге дейінгі 753 жылдан бері қолданылып келе жатқан Рим күнтізбесі Күн жылымен теңеспей, мүлдем сәйкессізденіп кеткендіктен, б.д.д. 46 жылы ол Жаңа күнтізбемен ауыстырылды. Астрономиялық жыл есебімен теңестіру үшін Жаңа күнтізбеге 80 күн қосылды. Жыл 30-31 күндік 12 айдан, рас, ақпан 28 күннен тұрды, толық жылда (високосный) оған 1 күн қосылып отыратын болды. Алайда, Жаңа күнтізбеде қателік бар еді. Онда жылдың ұзақтығы астрономиялық ұзақтықтан 11,14 минут артық болған. Осы ұзақтық жинала келіп, 1582 жылы Жаңа күнтізбенің астрономиялық жылдан 10 тәулікке озып кетуіне әкеліп соқтырған. Бұл екеуін теңестіру үшін 1582 жылдың 5 қазаны 15 қазан деп есептелетін болды.

 

Б.д.д. 46 жылы қолданысқа енгізілген күнтізбе авторы – Египетте тұратын грек астрономы Созиген. Бұдан кейінгі, қазіргі қолданыстағы күнтізбенің авторы – италиялық дәрігер-математик Алозий Лилий (1520-1586). Олардың күнтізбелерін қолданысқа енгізу туралы тиісінше Римнің сол кездегі императоры Юлий Цезарь мен Рим Папасы Григорий ХІІ жарлық берді. Бұл екеуінің күнтізбелерді жасауда осы жарлық берулерінен басқа қандай да бір қатысы жоқ. Алайда, «күштінің дүмі диірмен тартады» деген, күнтізбелер қолында өте күшті билік бар осы екеуінің аттарымен: Созиген жасаған күнтізбе Юлий Цезарь атымен аталып, «Юлиан күнтізбесі», ал, Лилий жасаған күнтізбе Григорий Папа ХІІ атымен аталып, «Григориан күнтізбесі» аталып кетті. Ал, Созиген мен Лилийді бүгінде екінің бірі біле бермейді.

Христофор Колумб та (1451-1506 ж.ж.) осындай жағдайға ұшыраған деуге болады. Ол – Америка құрлығын ашқан адам. Алайда, жаңа құрлық оның атымен емес, оны ашушы емес, тек 1499-1504 жылдары ғана Жаңа жерге барып, негізінен Бразилия жағында болған Америго Веспуччидің атымен аталып кетті. Колумб Испания корольдігінде жалданып жұмыс істеп жүрген италиялық теңізші болатын. Индияға алып баратын ең қысқа теңіз жолын іздеген ол басқарған испан экспедициясы Атлантика мұхитын кесіп өтіп, 1492 жылдың 12 қазанында Саман аралына барып жетті, бұдан кейін Багам аралдарының өзгелерін және Кубаны, Гайтиді, Ямайканы, Пуэрто-Риконы ашты. 1492 жылдың 12 қазаны – Америка құрлығы ашылуының ресми күні деп саналады. Колумб бұдан кейін де Америкада 1498-1500 және 1502-1504 жылдары болып, Үлкен Антиль аралдарын және Кіші Антильдің бірқатар аралын тапты, Оңтүстік және Орталық Америка жағалауларында болып, Венесуэланы, Колумбияны, т.б. ашты. Ол өзі ашқан жерлерді Индия, оның жекелеген аумақтары деп білді.

Ал, Америго Веспуччи болса жаңа ашылған жерді Индия емес, бұл – әлемнің бізге белгісіз болып келген бөлігі деді және Бразилияны, Венесуэланы, тағы басқа елдерді Еуропаға таныстырды. Бұған дейін жаңадан ашылған құрлық туралы кең көлемде сөз, әңгіме айтыла қоймаған. Колумб өзінің сапарлары туралы жария жасамаған, оны Еуропада көпшілік біле де, тани да қоймаған. Ал, Америго Веспуччидің Жаңа Әлем туралы әңгімелері, жазулары орасан зор қызы-ғушылық туғызады. Оның аты ауыздан түспей, өзі аңыз адамға айналады. А.Веспуччи де (1454-1512 ж.ж.) итальяндық, ол да Колумб сияқты Испания, Португалияда жалданып жұмыс істейтін. 1507 жылы лотарингиялық карта сызушы (картограф) М.Вальдземюллер Америго Веспуччидің әңгімелеріне сүйене отырып, жаңа ашылған жерлердің картасын (әрине, нобайы ғой) сызып, оны «Америго жері» деп атады. Осыдан бастап жаңадан ашылған жерлер, Жаңа Құрлық, Жаңа Әлем Веспуччидің атымен Америка құрлығы аталып кетті. Айтпақшы, американдық ғалым Д.Биржер таяуда архивтен Америго Веспуччидің біреуге өз қолымен жазып берген қолтаңбасын – автографын тауып алыпты. Онда қолтаңба соңына автор латынша «Эмеригус Веспуччиус» деп қол қойған екен. Осыған қарап ғалым Д.Биржер құрлықтың атын жазуда о баста қате кеткен, сондықтан, құрлық қазіргідей «Америка» деп емес, «Эмерико» деп аталуы тиіс дейді.

Дайындаған Сәділ КӘДЕЕВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ