Бауырлас елдердiң болашағы да баянды

Қыркүйек 15 / 2018

 

Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді.

 

БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы қонақжайлылық көрсеткені үшін Түркия Республикасының президенті Режеп Ердоғанға ризашылық білдіріп, өткен президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтті.

– Ортақ тарих пен рухани құндылықтарға негізделген қарым-қарынастарымыз қарқынды дамып, барлық бағыттар бойынша нығая түсуде, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Түркия Республикасының президенті Режеп Ердоғанмен өткен келіссөз нәтижелеріне жан-жақты тоқталып, Қазақстан мен Түркия арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы екі жақты қатынастарға одан әрі тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне тоқталды.

– Қазір елімізде түрік капиталының қатысуымен құрылған 1800-ден астам кәсіпорын бар. Тауар айналымының көлемі өткен жылы шамамен 2 миллиард доллар болды. Бұл көрсеткішті болашақта 5 миллиард долларға жеткіземіз деп келістік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламаны жүзеге асырудың аралық қорытындыларын атап өтіп, «түрік бизнесінің капитандарымен» жүргізілген келіссөздердің нәтижелеріне тоқталды.

– Жалпы, сапар барысында құны 2 миллиард долларға жуық коммерциялық жобаларға қатысты келісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта бүгінгі қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін күш жұмылдыруымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті түрік инвесторларын Ақтау және Құрық порттары негізінде жұмыс істеп жатқан көлік-логистика хабын дамытуға белсенді атсалысуға шақырды.

Р.Ердоған Қазақстан Президентіне ресми сапары үшін ризашылық білдіріп, өткен кездесулердің нәтижесін жоғары бағалады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ