Түркiстанға шетел журналистерi келдi

Қыркүйек 15 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазақстанның заманауи мәдени жетістіктерін көрсету және қазақ-стандық туризмнің тартымдылығын арттыру мақсатында Түркістан облысына шетелдің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен келген делегация құрамында Ұлыбритания, Франция, Қытай, Италия, Корея, Польша, Индонезия елдерінен журналистер бар.

 

Өңірдің тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысуға келген 7 мемлекеттің журналистерін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдады. Кездесу барысында өңір басшысы облысты дамыту жөніндегі ойлары мен жоспарларын айтты.

– Сіздер жаңадан құрылған Түркістан облысына шетелден келіп отырған бірінші қонақсыздар, – деген облыс басшысы аймақта туризмді дамыту жайы тарихи-мәдени, ауыл шаруашылығы, дала табиғаты секілді түрлі бағыттар бойынша қарастырылып отырғандығын айтып өтті. Сондай-ақ, туризмді дамыту мақсатында аудандарда да үлкен деңгейде іс-шаралар өтіп отырғандығын жеткізді. Мәселен, Түлкібас ауданында өткен «Қызғалдақ» фестивалі, әз Наурыздың қасиетті Қазығұрттың етегінде тойлануы, Мақтааралдағы «Қауынфест», Бәйдібектегі «Қымызмұрындық» жиындарының баршасы да елдегі ерекшеліктерді насихаттап, туризм саласына жан бітіруге бағытталған. Қысқы маусымда да бұл жұмыстар тоқтамайды.

Облыстағы жастар мәселесі, ірі кәсіпорындар туралы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына кең көлемді жауап берген Жансейіт Қансейітұлы қонақтарды облыстағы аудандарды аралап көруге шақырды.

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы және Түркістан қаласындағы басқа да рухани және туристік орындарды аралап, тарихымызбен танысты.

Түркістан облысының таңғажайып табиғаты мен терең тарихына қаныққан қонақтар баспасөз турының жоғары дәрежеде өткендігін айтып, қазақы дастарқаннан дәм татты.

Бұдан кейін шетелдік қонақтар Түркістан қаласы маңындағы мақта алқабында «ақ алтынды» жинау сәтіне куә болды. Айта кетейік, биыл өңірде 132 мың гектар алқапқа мақта егілген. Еліміздегі «ақ алтын» өсіріп, экспорттайтын бірден-бір өңірдегі шаруашылықтың бұл түрі шетелдік журналистердің қатты қызығушылығын туғызды.

Шетелдік әріптестеріміз бұл күні сондай-ақ Түркістанда жуырда қанат қағатын бірегей жоба «Golden Саmel Group LTD» түйе сүтін өңдейтін зауытына да барды. Тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеп, одан түрлі өнімдер дайындап, 7 түрлі энергетикалық сусын шығаруға мүмкіндігі бар кәсіпорынға салынған инвестиция көлемі 7 млрд. 600 млн. теңгені құрайды. Алпауыт кәсіпорынның жұмысы да шетелдіктердің қызығушылығын туғызды.

Сапар аясында шетелден келген қонақтар тарихы терең Отырар ауданында болып, әлемге әйгілі Отырар қаласының тарихымен танысты. «Арыстанбаб» кесенесіне аялдаған шетелдіктер сырын ішіне бүккен киелі өңірдің мол мұрасына қанықты.

Баспасөз туры еліміздің туристік әлеуетін көтерумен қатар Түркістан облысы ғана емес, тұтас Қазақстанның беделін нығайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Шетелдік қонақтар да бұл шарадан үлкен әсер алғандығын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ