Заң-заман 0 пікір 2027 лайк

Мектепке ақша жинау...

Қыркүйек 15 / 2018

 

Бастаманы ата-аналардың өздері көтереді

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Қазақстанда мектеп оқушыларынан ақша жинаған ұстаздар қатаң жазаға тартылады». Білім және ғылым министрлігінің осы мәлімдемесін естігелі бірнеше жылдың жүзі болды. Министрлік ата-аналардан ақша алуға тыйым салғанымен, мектептер үйреншікті әдетінен танар емес. Осы аптада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов аймақтардағы мектеп басшыларымен онлайн режимде кеңес өткізіп, мектеп қабырғасында қаржы жинауға қатаң тыйым салынғанын тағы бір рет ескертті.

 

Ауызбастырыққа – 6 миллион теңге...

 Бір қызығы, дәл осы сәтте облыстық білім басқармасы жанындағы әдістемелік орталықтың басшысы мен бас есепшісі және денешынықтыруды дамыту бөлімі басшысының пара беру кезінде ұсталғаны белгілі болды. Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі оларды «қаржы жымқыру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің оң шешілуіне 6 миллион теңге пара берді» деген күдікпен ұстаған. Қазір істің мән-жайымен тиісті органдар айналысып жатыр. Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен орталық басшысы мен денешынықтыруды дамыту бөлімінің басшысы уақытша тергеу абақтысына жабылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюроның облыстық департаменті берген мәліметке сүйенсек, дәл осындай күдікпен биылдың өзінде 20 қылмыстық із қозғалып, 12 іс бойынша 5 адам сотты болыпты. Жақын арада тағы екеуіне сот үкімі шықпақ. Сотты болғандардың төртеуі – мектеп директоры болса, қалғаны есепші, білім бөлімінің жетекші маманы, соңғысы «Балапан» бағдарламасынан ақша жымқырды деген күдікке ілінген ауыл әкімі. Бұдан өзге, балабақшада жоқ балалар үшін мемлекеттен қаржы алып келген түркістандық төрт бірдей балабақша басшыларының ісі таяуда сотқа түспек. Оларға осы әрекеттерімен қазынаға 15 миллион теңге шығын келтірген деген айып тағылып отыр.

 

«Ата-аналар туралы» кодекс қабылданбақ

Күз келіп оқу жылы басталысымен баласы мектепке баратын ата-ананың жылдағы уайымы қайта қозады. Мектеп қорына ақша жинау, сыныптың құрал-жабдықтарын түгендеу, мерекелерді атап өту, ұстаздарға сыйлық жасау. Қысқасы, таусылмайтын «салықтар». Ең қызығы, мектепке «жылу» жинауға бастамашыл болатын да, наразылық танытатын да ата-аналардың өздері екен. Мұны төрт баласы мектепте оқитын Азамат Оңғаров та растайды.

– Менің төрт балам мектепте оқиды. Оқу жылы басталған кезде әр сыныптың ата-аналар жиналысы болады. Сол жиында ең бірінші қорға ақша жинау мәселесі көтеріледі. Оны және ата-аналардың өздері бастайды. Басында 2500-3000 теңгеден деп бастама көтергенімен, белсенді ата-аналар 5000 теңгеден жинайық деген шешімге келеді. Егер бұған қарсы уәж айта бастасаң, «бәрі өзіміздің балаларымыз үшін емес пе?!» дейді. Осылайша сөзден тосыласың. Жаңа жылға қарай немесе одан кейін қордағы ақша бітіп қалады. Тағы «ақша жинайық» деген бастама көтеріледі. Сөйтіп, бір оқу жылында тек қана сыныптың қорына деп 5000 теңгеден екі-үш рет ақша жиналады. Келесі жылы балаларымыз басқа сыныпқа көшеді, тағы солардың бөлмесін жабдықтауды мойнымызға аламыз. Шындығында мұндай шығындарға қаржы бөлінеді емес пе? Ол қайда жұмсалып жатқандығы түсініксіз. Бірақ, бір айта кетер жай, ақша жинау мәселесін үнемі ата-аналардың өздері көтереді. Әр сыныпта сондай белсенді ата-аналар болады, – дейді ол.

Азаматтың айтуынша, сынып қорына ақша жинауға көбіне ауқатты ата-аналар бастамашы болады екен. Ұстазға қымбат сыйлық алу, бітіру кешін қымбат мейрамханада жасау туралы ұсыныс та көбіне сол тараптан. Алайда, олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсуі мүмкін екенін ескере бермейді. Табыстары күнделікті ас-ауқаттан артылмайтын көпбалалы отбасылар аз ба, бүгінде?! Онсыз да күндерін шиқылдап әзер көріп отырған отбасылар мектеп қорына несін берсін?! Соңғы тиынын санап берсе де, баламды қатарынан қалдырмаймын деп тыраштану мүмкін. Бір берер, екі берер, одан кейін ақша жинап жүрген белсенді ата-анадан, мұғалімнен, ақырында бүкіл мектептен жериді.

Олжас Абайұлының айтуынша, мектептегі кез келген алым-салық бұдан былай сыбайлас жемқорлықтың көрінісі ретінде қарастырылмақ. «Ата-аналар білім беру ұйымдарындағы жөндеу немесе басқа да іс-шараларды өткізу жұмыстарына ақша шығаруға міндетті емес. Мұндай фактілер ендігі жерде сыбайлас жемқорлық ретінде қарастырылады. Өйткені, осы мақсаттар үшін бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінеді. Ал, мектеп қажеттіліктеріне ақша жинаудан бас тарту жағдайлары «Ата-ана туралы» кодексте егжей-тегжейлі айтылады. Онда ата-ананың міндеті, құқы белгіленген, – дейді ол.

 

Қаржыны бақылай аласыз

Агенттік өкілі мәселені шешудің жолы ретінде мектептер мен балабақшалардың қаржы есебін міндетті түрде жариялауды ұсынды. Оны мекемелердің веб-сайттарына кез келген адамға түсінікті әрі қолжетімді түрде орналастыру қеректігін де мектеп басшыларының қаперіне салды. Қаражат демекші, кеңесте Астана қаласындағы балалар үйінің қаржы үнемдеу тәжірибесі ортаға салынды. Балалар үйінің директоры Динара Закиеваның айтуынша, басқару тиімділігін арттырып, кейбір процестерді оңтайландыру есебінен аталған мекеме 90 миллион теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдеген. Ол қаржыны қайда жұмсаған дейсіз ғой? Үнемделген қаржының есебінен жұмысшылардың жалақысын 3-4 есеге дейін көтерген. Бұрын 30 мың теңге алып келген жұмысшы бүгінде 120 мың теңге алатын жағдайға жеткен. Әрі балалар үйінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қол жеткізген.

 

Ақылы тест – заңға қайшы

Бүгінгі білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің тағы бірі – мектеп оқушылары арасында ақылы тест өткізу фактілері. Бұл жердегі әңгіменің ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысы жоқ. Ондай тесттерді 10-11-сыныпта өткізеді. Алайда, кейбір дайындық тесттерін 9-шы сыныптан, тіпті, 4-ші сыныптан ұйымдастырып жатады. «Мәселен, Алматы облысында 9-11-сыныптар арасында тест өткен. Әр тесттің бағасы 300-500 теңге шамасында белгіленген. Оны кейбір мектептер аптасына бір рет, кейбіреуі айына екі рет тапсырады. Бір қызығы, ата-аналар сынақты министрлік өткізіп жатыр деп ойлайды. Шындығында, олай емес, ондай тесттер үшін ақша жинау заңсыз, – дейді Олжас Абайұлы.

Біле білсек, мектептерде ҰБТ-ға оқушыларды ақылы даярлау жемқорлықтың бір көрінісі саналады. Себебі, тестке дайындық оқу бағдарламасының шеңберінде өтуі тиіс. Ал, «Білім беру туралы» Заңда жалпы білім беру тегін жүргізілетіні көрсетілген.

Ресми органдардың статистикасына сенсек, мемлекеттік мекемелерге жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлінеді екен. Мектеп секілді бюджеттік мекемелерге мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі де тәуелсіздік алған жылдардан бері еселеп өскен. Алайда, мектептерде ақша жинау әлі де тыйылар емес. Ал, жең ұшынан жалғасқан бұл қылмыс үшін ешкім жауап беріп жатқан жоқ. Қайта ата-ана, ұстаз болып, мектептегі «жемқорлықтың» гүлденуіне атсалысып жатырмыз. Қоғам болып күреспесек, мектептегі осындай ұсақ-түйектен басталған жемқорлық тұтас қоғамның дамуына тұсау сала бермек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ