Бiз Головкиннен не үшiн жеңiс күтемiз?..

Қыркүйек 15 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы бір ай ішінде ел спортының абыройы халықаралық аренада біршама құлдырап кетті. Индонезияда өткен Азия ойындары кезінде Қазақстан атлеттері өз тарихында ең төмен нәтиже көрсетті. Ол аз десеңіз, әрдайым осындай ойындарда үміт артатын боксшыларымыздың да жолы болмады. Азиададан тұңғыш рет алтын медальсіз қайтқан боксшыларымызды жерден алып, жерге салып жатқанда дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпаршыларымыз Өзбекстан құрамасынан жеңіліп, жігерімізді одан сайын құм қылды. Кім не десе о десін, көкпардан Өзбекстаннан жеңілу футболдан Бразилияның Лихтенштейннен жеңілгені сияқты бірнәрсе ғой... «Өзбекстанды осал деп кім айтты?» деп өзеурей кетудің түп атасы «Көп сөз ... сөз» деген мақалға келіп тіреледі.

 

Азиаданы да, боксшыларымызды да ұмытып, көкпаршыларымызға күйіп отырғанда футболшыларымыздың өз алаңында Грузияға ұтылып қалғанын қайтерсіз?! Бір жолғы сәтсіздік шығар деп қабылдап, көңіл жұбатқанымыз сол еді, футболдың иісі мұрнына да бармайтын Андорраны жеңе алмағанын көріп, жағдайдың бұл салада тым ушығып кеткенін ұқтық. Әйтпесе, ойын сайын қақпаларынан кемі

4-5 доп алып шығатын Андорра құрамасын біздің жігіттер қиналмай ұтуы керек еді ғой. Бұрын Қазақстан футболшылары жеңілсе арагідік «футболға бөлінген ақша желге ұшып, құмға сіңіп жатыр. Одан да сол ақшаның жартысын боксқа, көкпарға бөлейік. Осы екі спорт бізді жарыққа алып шығады» дейтін әңгімелер айтылатын. Құдайдың көрсетейін дегені де сол шығар, бокстан да, көкпардан да, футболдан да жеңілдік. Енді ақшаны қайда бөлеміз?

Осы жексенбі әлем жұртшылығының назары Лас-Вегастағы Т-mobile аренасына ауады. Осыдан бір жыл бұрын дәл осы спорт кешенінде жұдырық түйістірген Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес қайтадан шаршы алаңға шықпақ. 2017 жылдың қыркүйегінде өткен кездесуде төрешілер қос боксшы тең жұдырықтасты деген шешім шығарған-ды. Алайда, бокс мамандары да, спорт сарапшылары да бұл шешімге келіспейтінін, қазақстандық спортшының жеңіске лайық болғанын жарыса айтып жатты. Головкиннің командасы да бұл шешімге әрең қанағаттанған. Кім біледі, өз елінің тәуелсіздік күнінде жұдырықтасқан Сауль Альваресті төрешілер жеңіліске қимаған болар?! Генаның қолында тұрған жеңісті жұлып алған олардың артынан талай көз тесілген жоқ па?! Осы аптада өтетін кездесудің Мексика елінің тәуелсіздік күніне тура келуінен қауіптенуімізге де себеп бар. Себебі, кәсіпқой бокс десе әлем халқының есіне алдымен Мексика түседі. Кәсіпқой рингте жасындай жарқылдаған талай таланттар осы Мексиканың өрендері еді ғой. Ұлттық мерекесі екен деп Альвареске төрешілердің жеңісті ұстата салмайтынына кім кепіл?!

Қазақстан халқы қарағандылық боксшыдан жеңіс күтері хақ. Соңғы жылдары еліміздің абыройын асқақтатып жүрген былғары қолғап шеберінің де аянып қалмайтынына сенеміз. Енді Геннадий Головкиннен бұл кездесуде жеңіс күтуімізге басты 3 себепті атасақ...

Біріншіден... Соңғы кездері қазақстандық боксшының атына сын әңгімелер жиі айтылып жүр. Бокс мамандарының аузынан «Головкин бокс үшін қартайды. Енді оны жеңу оңай болады» деген сөздерді де естіп қаламыз. Олар сөзіне дәлел ретінде Головкиннің соңғы рет қарсылас ретінде Ванес Мартиросянды таңдағанын алға тартады. Кәсіпқой бокста жетістіктерді көп бағындыра қоймаған армян боксшысымен қолғап түйістіру қазақстандық спортшының абыройына сәл де болса нұқсан келтірді. Оның үстіне, соңғы бір жылда өз-өзіне жарнама жасау жағынан «Канело» алдына жан салған жоқ. Сол себепті де оның жанкүйерлері бұл жекпе-жекте мексикалық «алтын жігіт» жеңіске жетеді дегенді айтады. Ал, қазақстандық боксшыға өзінің бабында екенін, мықты қалпынан танбағанын дәлелдеу үшін бұл жекпе-жек таптырмас мүмкіндік.

Екіншіден... Қазақстан спортының төмендеген абыройы жөнінде бекер айтқан жоқпыз. Әуесқой бокстан, көкпардан, футболдан жерге қарап қалғанымыз рас. Сол жерге қараған басты тік көтеретін Головкин болар деп сенеміз. Қазақстан абыройы үшін Головкин Альваресті рингте «жермен жексен» етуі керек-ақ.

Үшіншіден... Лас-Вегастағы жекпе-жек Мексика елінің тәуелсіздік мерекесі алдында болатынын айттық. Ұлттық мерекелерінің қарсаңында олардың үміт артатын мықты боксшысын тізе бүктіру Головкин үшін де, Қазақстан үшін де үлкен абырой болмақ. Қалай дегенде де, Мексика халқының кәсіпқой рингте үміт артар ең мықты боксшыларының бірі Сауль Альварес болып табылады.

Қазақстандық жанкүйерлердің Головкинге қояр талабы жеңіл емес. Қарағандылық боксшыдан біздің ел жалғыз-ақ нәтиже күтеді. Ол – жеңіс! Сондықтан да, отандастарымыз сол күні басқа проблемалардың бәрін бір Құдайға тапсырып, теледидар алдында Генаның тілеуін тілеп отырады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ