«Барселона» Шымкентте тiзе бүктi

Қыркүйек 15 / 2018

 

Шымкенттегі «Намыс» стадионында футболдан әйелдер арасындағы УЕФА чемпиондар лигасының 1/16 финалдық кезеңінің алғашқы кездесуі өтті. Шымкенттік «Биік-Қазығұрт» испаниялық «Барселона» клубын қабылдады. Еуропадағы белді клуб саналатын испандық қыздар бұл жұптың фавориті еді. Алайда, шымкенттік қыздар қарсыластарына қарағанда ширақ ойын-өрнегін көрсетіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті.

 

Ойынның алғашқы минутынан «Барселона» қыздары допқа иелік етіп, толассыз шабуылдар жасады. Қақпашы Оксана Железняк бірнеше қауіпті шабуылдың бетін қайтарып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Ал, алғашқы таймның соңғы минутында команда капитаны Гулнара Габелия бұрыштамадан допты қақпаға қарай асырған. Айып алаңындағы қарбалас кезінде испандық қыздар өз қақпасына гол соғып алды. Екінші таймда да қарымта шабуылдарға иек артқан шымкенттік қыздар тағы екі гол соғып, алға шыққан. Команда легионерлері Иквапут пен Габелия бір-бір доптан салды. Барселонадан келген қонақтар осынау үш допқа жалғыз-ақ доппен жауап қайтара алды.

Қарымта ойын 26 қыркүйек күні Барселона қаласында өтеді.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ