Рухани жаңғыру 0 пікір 2013 лайк

Жыр байқауының алғашқы кезеңі басталды

Қыркүйек 13 / 2018

 

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырып отырған «Жақсылар, дастан айтайын...» атты 2-ші аймақтық жас жыршылар байқауының бірінші кезеңін Жетісай және Мақтаарал аудандарының оқушылары бастап берді. Оған 5-10-сынып оқушылары қатысты. Жетісай ауданындағы 70 мектептен 57, Мақтаарал ауданынан 56 мектептен 34 оқушы бұл күні «Алпамыс батыр» жырын толық жатқа айтудан бақ сынады. Бізді қатысушылардың жырды жаттауға деген ұмтылыстары қуантты. Әрине, кемшіліктер де кездесті. Оқушылардың бірқатары жырдың «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұсынған нұсқасын емес, өзгесін жаттап келген. Кейбірі жырдың бас жағын соңғы сәтте ғана жаттап келгені де белгілі болды. Бұдан байқауға ұстаздардың оқушыны дайындауға, бағыт-бағдар беруге тым аз көңіл бөлгені сезіледі.

 

Байқау қорытындысы бойынша Жетісай ауданында бірінші орынды Д.Қонаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Жарылқасын Мәмбетов иеленді. Ол жырды әдемі, әуезді мақаммен мүдірмей жатқа оқыды. Жас жыршының ұстазы Жансұлу Құрманбекова аудандық, облыстық жыр байқауларында топ жарып жүргенін айтып, Жарылқасынның болашағы зор екенін мақтаныш етті. Екінші орынды «Ынтымақ» орта мектебінің 7-сынып оқушысы Орал Торғауытов, үшінші орынды №119 орта мектептің оқушысы Бағдат Көпжасаров иеленді.

Ал, Мақтаарал ауданы бойынша бірінші орынды Т.Әубәкіров атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Асан Нұржанат жеңіп алса, екінші орын Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Торыбай Аружан, үшінші орын Қ.Әбдуәлиев атындағы орта мектептің оқушысы Аягөз Шадаеваға бұйырды.

Байқау жүлдегерлері «Оңтүстік Қазақстан» газетінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ