Экономика 0 пікір 2008 лайк

Диқандар мақта теріміне кірісті

Қыркүйек 13 / 2018

 

Жетісай ауданында мақта терімі басталды. Қазіргі таңда ауданда ақ алтынды қолмен теру жұмыстарын Ж.Ералиев, Ш.Ділдәбеков, Мақталы, Қарақай ауыл округтеріндегі ұсақ шаруа қожалықтары бастап жіберді.

 

Айта кетейік, биыл ауданда 48220 гектарға мақта шиті себілген болатын. Аудан шаруалары өткен жылы орташа есеппен мақтаның әр гектарынан 25 центнерден өнім жинаса, биыл да осы көрсеткіштен төмен түспеуді межелеп отыр. Енді бірер күнде мақта алқаптарына комбайндар түспек. Әзірдің өзінде ауданда 70-ке жуық «ДжонДир» комбайндарының техникалық дайындықтары пысықталуда. Солардың ішіндегі 65 «ДжонДир» 4 жүйекті саналады. Яғни әрбір комбайн бір мезетте 4 жүйекті алып өтеді.

Ауданда бұдан бөлек, шаруаларға мемлекет тарапынан жанар-жағармай талондары таратылып берілуде. Сондай-ақ, алқаптарда мақтаны химиялық әдіспен қурату жұмыстары жалғасып, мақта қабылдау бекеттері жұмысын бастап кетті.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің Мақтаарал ауданындағы меншікті тілшісі С.Қалдыбаевтың хабарлауынша, осы аймақта да жекелеген шаруалар мақта теріміне кірісті. Әзірге ерте піскен мақта ғана қол күшімен жиналып жатыр. Мұндай мақтаны көп жағдайда тұқымдыққа тереді. Ал, ресми түрде мақта теру науқанының басталуы мақташылардың «ақ алтынды» қабылдау пункттеріне жаппай өткізуден алдын ұйымдастырылатын «Ақ керуен» салтанатты жиынынан соң жарияланады.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл Жетісай, Мақтаарал, Келес, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Шардара аудандары мен Арыс, Түркістан қалаларының егістік алқаптарын қоса есептегенде 132,4 мың гектар алқапқа мақта егіліпті, 332 мың тонна өнім алу көзделуде. Мақта терімі қыркүйектің басында басталып, қара күзге дейін жалғасады.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ