Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2010 лайк

Тарихты біз жасаймыз!

Қыркүйек 13 / 2018

 

Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Ақордада Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, онда облыс әкімінің көші-қон мәселесі жөніндегі баяндамасын тыңдады. Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс басшылығына нақты тапсырмалар берді. Жалпы, Елбасы Жарлығымен Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері хат-қоржынымызға түсіп жатқан хаттардың мазмұны «Түркістанды қайтсек көркейтеміз?» деген мәселеге саяды. «Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» саналатын көне шаһардың болашақта бұдан да гүлденіп, көркейетініне үміт артады. Барлық мәселені облыс әкімдігіне артып қана қоймай, жастар мен кәсіпкерлердің өздері бастама көтеріп, өңірдің патриоты ретінде өз үлестерін қосуға шақырады.

Міне, біз бүгін сондай ізгі лебіздер топтамасын өздеріңізге ұсынып отырмыз.

 

Елге деген сенім бұл

Мемлекет басшысының Түркістан қаласын дамыту жөніндегі кеңес отырысында аймақ басшыларына берген нақты тапсырмалары көңіл сүйсінтті. «Бұл қалай болар екен, көшіп барғандарға жағдай жасала ма?» деп екіұдай көңілде жүргендер Президенттің жеке бақылауында тұрған бұл шаруаның жуық арада жүзеге асатынына қарап көңіл демдегендей болды.

Мемлекет басшысының «Бұл – түркі халықтарының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген» деуі тектен-тек емес. Киелі мекенді дамытудың нақты жоспары жасалынып, түркі дүниесі көз тіккен шаһардың болашағы зор екеніне кәміл сенуіміз керек.

«Елімізде жаңадан Түркістан облысының пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістан қаласына көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс» дей келе Елбасы елге сенім артты. Ендеше, осындай тарихи маңызы зор істе ауызбіршіліктің, татулықтың сақталуын күйттейік, ағайын!

Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, облыстық мәслихат депутаты.

 

Кез келген мәселе оң шешімін табады

Қыркүйек айы басталғалы Президент Нұрсұлтан Назарбаев осымен төртінші рет Түркістанды дамыту мәселесіне қатысты пікірін айтты. Алдымен, Парламенттің жаңа сессиясының ашылу салтанатында жаңа өңірлерді басқару қызметін реттейтін заңдарды тезірек қабылдау керектігін айтса, одан кейін Түркі кеңесінің отырысында түбі бір туысқан халықтардың басшыларына Түркістан облысының құрылғаны туралы ақжолтай хабарды жеткізді. Өткен аптаның соңында Алматы қаласына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы кәсіпкер азаматтарды жаңа облысқа инвестиция құюға шақырса, осы аптаның басында Ақордада Түркістан қаласын дамытуға қатысты арнайы кеңес өткізді. Міне, осы жағдайдың өзі Түркістан облысы мен оның орталығының дамуына Елбасының ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді.

Туризм саласын дамытуды айтпаған күннің өзінде Түркістанда шешімін күткен бірқатар күрделі мәселелер бар. Ол – қаланың инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетуді жетілдіру, экологиялық ахуалды жақсарту, шаһарды «жасыл экономика» қағидаттарына сүйене отырып дамыту. Президенттің тікелей бақылауында болуына байланысты бұл мәселелер ендігі жерде жүйелі түрде шешімін табады деп сенеміз.

 Әбділда МЕЙІРБЕКОВ, техника ғылымдарының кандидаты, профессор.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ