Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2005 лайк

Корей білім беру орталығы ашылды

Қыркүйек 13 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Корей тілін үйренгіңіз келе ме? Енді оған да мүмкіндік бар. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан корей білім беру орталығы ашылды. «Седжонг» деп аталатын орталықтың ашылу салтанатына Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик арнайы қатысты.

 

Делегация құрамында Оңтүстік Кореядағы Санменг университетінің президенті Пэк Унг Ги бастаған ғалымдар бар. Мәртебелі қонақтар алдымен М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжаровамен кездесіп, жаңадан ашылған орталықтың алдағы жұмыс жоспарын талқылады.

– Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас жаман емес. Сауда-саттық, туристік сала бойынша тығыз байланысатын елдер үшін бір-бірінің тілін меңгеруі өте керек. Бүгінгі ашылып отырған орталық осы мақсатта жұмыс істейтін болады. Мұнда тек тіл үйреніп қана қоймай, корей елінің мәдениетімен, салт-дәстүрімен де танысуға мүмкіндік бар. Тағы бір айта кететін жайт, университет қабырғасында білім алып жүрген студенттер бұл орталықта ақысыз білім алады, – деді Дария Пернешқызы.

Тараптардың кездесуі нәтижесінде, өзара тиімді шарттар бойынша академиялық алмасуды ұйымдастыру, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіру, ынтымақтастықты кеңейту және қазіргі зерттеулер саласында тәжірибе алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.

– Бұл институт осыдан он бір жыл бұрын құрылып, үш елдің 13 мектебінде дами бастады. Қазіргі таңда 54 елдегі 131 мектептің қатысуымен ең ірі корей білім беру ұйымына айналды. Қазақстан бойынша мұндай орталық Талдықорған, Ақтөбе, Астана, Алматы қалаларында жұмыс істейді. Енді міне, Шымкенттен да ашылып отыр. Яғни бұл Седжонг институты жанындағы қоғамдық қор қаржыландырып отырған үшінші корейлік білім беру орталығы, – деді Санменг университетінің басшысы Пэк Унг Ги.

Іссапар барысында делегация мүшелері Седжонг корей білім беру орталығының ашылу рәсіміне қатысып, жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, университет ғалымдары қонақтарды тоқыма және азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдары, биотехнология және экология саласындағы ғылыми және техникалық жобалармен таныстырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ