Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Бірлік пен бірегейлікті нығайту шарасы

Қыркүйек 13 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласында «Қазақстан өңірлерінде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» тақырыбында өңірлік семинар-тренинг өз жұмысын бастады.

 

Іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырып отыр.

Үш күндік семинар-тренингтің ашылуына ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы басшысының орынбасары Дастан Көшербаев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков қатысты.

Жиынға Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Түркістан облыстарынан мемлекеттік қызметшілер, ішкі саясат бөлімдерінің, дін істері, тілдерді дамыту, жастар саясаты басқармаларының мамандары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Алғаш болып сөз алған Ұ.Сәдібеков семинар-тренинг қонақтарын Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың атынан құттықтай отырып, осынау іс-шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

«Астанадан арнайы келген практик-ғалымдар мен кәсіби мамандардың тәжірибесінен үйрену, оны жұмысымызда өз деңгейінде пайдалана білу біз үшін қашанда маңызды» деді ол.

Дастан Көшербаевтың айтуынша, семинар-тренингтің мақсаты – Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде айқындалған жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру бойынша міндеттердің мәнін ашып көрсету, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХҮІ сессиясы жұмысының қорытындылары бойынша қоғамдық сананы жаңғырту, бірлік пен бірегейлікті нығайту жөніндегі міндеттерді жүзеге асыру тетіктерін талқылау, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ағартушылық жобасының негізгі ережелерін таныстыру, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіру болып табылады.

Семинар барысында отандық ғалымдар мен сарапшылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері баяндамалар жасап, өз ойларын ортаға салатын болады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ