Рухани жаңғыру 0 пікір 2006 лайк

Ұлттық өрлеудің сара жолы

Қыркүйек 13 / 2018

 

Биыл Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсуге бағытталған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Осынау әлеуметтік бастамалардың Арыс қаласында қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде қалалық мәслихат хатшысы Амантай БАЙТАНАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.

 

– Амантай Алтынбекұлы, Президенттің бес әлеуметтік бастамасын арыстықтар қалай қабылдады, ол бүгінде өңірде қалай жүзеге асып жатыр?

– Бүгінгі таңда халықтың ең басты әлеуметтік мәселесі – баспана мәселесі десек қателеспейміз. Әр отбасы өзін осы елдің бір бөлшегі ретінде сезініп, оның дамуына үлес қосуы үшін, елдің ертеңін келісті етер өнегелі ұрпақ тәрбиелеуі үшін оның өз үйі болуы қажет. Бұл орайда, әрине, «Бес әлеуметтік бастаманы» арыстықтар зор ризашылықпен қабылдады.

 «7-20-25» бағдарламасы – еліміздегі тұрғын үй мәселесін толықтай шешуге бағытталған ірі қадам. Бұл дегеніміз – елімізде баспана мәселесін шешумен қатар, құрылыс компанияларына жұмыс көлемін беру, мыңдаған жұмыс орындарының ашылуы, құрылыс материалдары нарығындағы кәсіпкерлерге берілетін үлкен мүмкіндік. Елбасы ұсынған жаңа бағдарлама баспанадан мұқтаждық көріп жүрген миллиондаған жандарға үлкен мүмкіндік, жеңілдік туғызады.

Ал, Арысқа тоқталар болсақ, биыл қаладағы «Көктем» шағынауданында мемлекеттік бағдарламалар аясында әрқайсысы 36 пәтерлік 3 үйдің құрылысы аяқталып, 108 отбасы қоныс тойын тойлады. Қазір тағы да 36 пәтерлік 3 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін оларға салық жүктемесін азайтудың әлеуметтік маңызы зор. Бұл бастама 2 миллионнан астам қазақстандықтың жағдайын анағұрлым жақсартпақ. Сонымен қатар, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып қана қоймай, қоғамымызда көтеріліп жүрген өзекті мәселелердің бірі – студент жастарды жатақханамен қамтудағы оң шешім болып отыр. 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орынды жаңа студенттік жатақханалар салынады. Бұл алдағы жылдардағы тұтыну мөлшері көбеюін есепке алғанның өзінде мәселені толықтай шешуге мүмкіндік береді.

Шағын несие беруді көбейту қажеттілігі туралы біз ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер кезінде жиі естиміз. Сондықтан биыл осы мақсатқа қосымша 20 миллиард теңге бөлініп, несие алатындардың саны 14 мың адамға жететіндігі Елбасының ең алдымен ауылға деген айрықша қамқорлығының көрінісі деп білемін.

Елбасының «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» жөніндегі бастамасы да қаламызда уақтылы іске асырылып жатыр. Газдандыру жұмыстары үш кезең бойынша орындалады.

Өз басым Президенттің бес әлеуметтік бастамасы әлеуметтік бағдарлы мемлекет құрудың және ұлттық өркендеудің шынайы, әрі сындарлы қазақстандық моделі деп білемін. Бұл бастамаларды насихаттап, іске асыруға атсалысу – мәслихат депутаттарының жауапты да абыройлы міндеті.

– Біз мәслихатты жергілікті тұрғындардың қалауын, ықтиярын білдіретін және мүддесін қорғайтын өкілді орган ретінде білеміз. Алтыншы шақырылымдағы депутаттық корпус осы сенімге лайық болып жүр ме?

– 2016 жылы сайланған, бүгінде табысты жұмыс істеп жүрген алтыншы шақырылым депутаттары түгелдей дерлік «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Арыс қаласына қарасты 13 сайлау округінде өз сайлаушыларының аманатын арқалап жүрген депутаттар қалалық мәслихат сессиясына, тұрақты комиссиялар отырысына белсенді қатысады. Қалалық мәслихаттың 2018 жылға арналған жұмыс жоспары құрылып, қаңтар айынан бері тұрақты комиссиялардың біріккен 6 мәжіліс отырысы өткізілді. Тұрақты комиссияда 36 мәселе қаралып, қалалық мәслихат сессиясының қарауына енгізіліп, шешімдер қабылданды.

Депутаттар қызметінде сессиялардағы мәселелерді талқылауға қатысу, қоғамдық пікірлерді зерделеу, Елбасы Жолдауларын түсіндіру, жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау сынды жұмыстар ерекше орын алды.

Депутаттық қызметтің маңызды бір бөлігі – депутаттық сауал жолдау. Қалалық мәслихат депутаттары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты У.Қайназаров пен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаевқа Жиделі ауылдық округіне қарасты Аққала елді мекеніне ұялы байланыс стансасын орнатуға ықпал жасау жөнінде депутаттық сауал хат жолдады. Сондай-ақ, Парламент Сенатының депутаттары Ә.Бектаев пен Ә.Құртаевқа өңіріміздегі шешімін таппай жатқан өзекті мәселелер бойынша және Парламент Мәжілісінің депутаты Қ.Ержанға Байырқұм, Жиделі, Қожатоғай, Ақдала ауылдық округіне қарасты елді мекендерде шіркейдің көбеюіне байланысты халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында хаттар жолданып, тиісті жауаптар алынды.

– Қазіргі таңда қаламызда көптеген игі істер атқарылуда. Солардың біршамасын айтып өтсеңіз.

– Бүгінде Арыс қаласының сәні мен сәулеті жарасып, көркі көз тартатын деңгейде. Мұны қала тұрғындары да, қонақтары да ризашылықпен айтып жүр. Атап айтар болсақ, биыл елді мекендерде 2 орта мектептің, бір балабақшаның және қаладағы 2 гүлзар мен дендросаябақтың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қаламыздағы Құрметті азаматтар аллеясына, Мәңгілік Ел саябағына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, абаттандыру ісі толық аяқталды. Облыстық маңызы бар «Шәуілдір–Ақдала» автомобиль жолының да күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Шардара–Арыс–Темірлан жолының қала аумағындағы Арыс өзені үстінен өтетін көпірлері күрделі жөндеуден өткізілді, яғни сапалы автомобиль жолы салынып, пайдалануға берілді.

Өз кезегінде қалалық мәслихат өзіне берілген өкілеттік шеңберінде қала әкімдігімен бірлесе отырып, өзара түсіністік жағдайында қоян-қолтық жұмыс істеуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұрман АҚЫЛБЕК, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ