Рухани жаңғыру 0 пікір 2002 лайк

Халыққа жасалған қамқорлық

Қыркүйек 13 / 2018

 

Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында бес әлеуметтік бастаманың маңыздылығын тағы бір екшеп, халық қалаулыларына жыл аяғына дейін оларды заңнамалық тұрғыдан бекітуді міндеттеді. Соның ішінде әр отбасының баспанаға деген қолжетімділігін қамтамасыз ету кезек күттірмес мәселе екеніне назар аударды.

Елбасы айтқандай, үй алу кезегінде тұрған азаматтарға берілетін несиені 7 пайызға, алдын-ала төлемді 20 пайызға дейін азайтып, ал, несиені өтеу мерзімін 25 жылға дейін ұзарту бастамасы үйсіз жүрген талай азаматтардың үмітін үрлегені анық. Ал, төмен жалақы алатын жұмысшылардың салық жүктемесін он есеге азайту көптің көңілінен шыққан бастама болды. Болжамға сүйенсек, бұл бастаманың игілігін елдегі 2 миллионнан астам адам көруі тиіс. Елбасы бұған қоса үшінші бастама ретінде жоғары білімге қолжетімділікті арттыру және оның сапасын көтеруді міндеттеп отыр. Бұл жөнінде «2018-2019 жылдары әр жылға қосымша 20 мың грант бөлуді ұсынамын. Колледждер мен университеттер 2022 жылға дейін жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орынды жатақхана салуы керек» деді. Президент төртінші бастама ретінде жаңадан кәсіп бастағандарға қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие көлемін арттыруды ұсынды. Ол үшін биыл қосымша 20 миллиард теңге бөлінбек. Бесінші бастама ретінде орталық және солтүстік облыстарға бір жарым жыл көлемінде газ тарту міндетін қойды. Осы өңірлер толықтай газдандырылса, ондағы ағайын көмір тасып, от жағып, күл шығару машақатынан құтылады.

Сонымен, Президенттің бес әлеуметтік бастамасы әрбір қазақстандықтың болашаққа деген сенімін арттырып, жүрегіне қуаныш ұялатты. Себебі, олар енді балаларының болашағы үшін уайымдамай, алаңсыз жұмыс істеп, әлеуметтік игіліктердің шарапатын сезінбек. Әрине, ол үшін ортақ үйімізде татулық пен бірліктің, тыныштық пен тұрақтылықтың ұдайы лебі есіп тұруы тиіс.

Дәулет ШАЙЫХОВ, Абай аудандық әділет басқармасы басшысының міндетін атқарушы. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ