Заң-заман 0 пікір 2000 лайк

Әркімнің заң көмегін алуға құқы бар

Қыркүйек 13 / 2018

 

Қазақстан Республикасының Конституциясы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының ортақ құндылықтарын бойына сіңірген құнды құжат. Ал, адам баласының ортақ құндылығын ұстын етер не нәрсе?

Ол адамдардың құқығы мен бостандығы, билік институттарының демократиялық жолды ұстануы, ең бастысы, азаматтық қоғам игілігі. Қазір еліміздегі түрлі идеологиялық, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтар бірлесіп бейбіт өмір сүруде. Ата Заңда бекітілген нормалар олардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып ынтымақпен қызмет етулеріне жағдай туғызып отыр. Сондай игілікті дүниенің бірі ретінде, Ата Заңның 13-бабының 3-тармағында көрсетілген әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар екендігін айтуға болады. Ал, кей жағдайларда мұндай көмектің тегін көрсетілетіндігі баяндалған. Жақында осындай заң көмегін көрсетуді жетілдіру мақсатында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы қабылданды.

«Адвокаттық қызмет туралы» және «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» екі заңның орнына заң көмегін көрсететін адвокаттар, заң консультанттары, мемлекеттік органдардың қызметін қамтитын бір заң қолданысқа енгізілді. Жалпы, заң азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге және осындай қызметтерді көрсетудің механизмін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда қызмет көрсетушіні жауапкершілікке тарту механизмі жетілдірілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету институты енгізілді. Бұқараны ақпараттандыру мақсатында заң көмегінің орташа құны белгіленеді. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап сапасыз заң көмегі көрсетілген жағдайда азаматтардың шығыстарын сақтандыру арқылы өтеу жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш заң Ата Заңда көрсетілген адам құқығының аясын кеңейтуге қызмет етпек. Сондықтан халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған осындай жаңашылдықты жұртшылыққа жеткізу – азаматтық парызымыз.

Мейіржан ИСАБЕКОВ, Түркістан облысы әділет департаменті басшысының орынбасары. «Қазақстанның заңгерлер одағы» РҚБ ОҚО филиалының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ