«Жеті жарғыдан» тамыр тартқан

Қыркүйек 13 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Күдікке ілінген адамның ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен біліктілікті, қажырлы еңбекті талап етеді. Бар ғұмырын сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған қазылар қашанда қате қадам жасамауға тырысады. Судья атты қасиетті ұғымға кір түсірмей, оған лайықты қызмет етуге күш жұмсайды. Өйткені, жемісті еңбектің кілті осында жатыр. Саналы ғұмырының 47 жылын құқық қорғау органдарында, соның 37 жылын судьялық қызметке арнаған Өмірбек Темір осы принциптерден бір сәт ауытқыған емес. Заң саласына жарты ғасырға жуық ғұмырын берген сырбаз мінезді жан бүгінде жетпістің бесеуін бағындырып, тамыры терең, мәуелі бәйтерекке айналып отыр. Сот жүйесіндегі еңбек жолын 22 жасынан бастаған ол әлі де ширақ, әлі де тың.

 

Ұстаздықтан басталған қадам

Орталық саябақта орналасқан дәмхананы бетке алғанда балалығы Ұлы Отан соғысы жылдарында өтіп, бұғанасы бекімей еңбекке араласқан, ендігі жерде Құдайдың берген жасын жамбастап тосып алып жатқан ақсақал «не естелік айта қояр?» деген пендешілік ойдың болғаны да рас. Бізді жетпіс жастан артыққа қимайтындай жігіт ағасы қарсы алды. Құдай қуат берсе, сексенің де түк емес екен ғой» деп ойлап та үлгердік. Өмірбек аға әңгімесін балалық шақтан бастады.

– Төлеби ауданының қазіргі Киелітас ауылында 1943 жылы дүниеге келіппін. Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысы жылдарына тұспа-тұс келді ғой, – деп әңгімені тарқатты ардагер.

Әкесі Темір ұста, ағаш шебері ретінде ауыл-аймаққа өте сыйлы кісі болыпты. Ол уақытта ауылдың тірлігі ұстасыз алға баспайтыны белгілі. Содан болар, темірден түйін түйген ісмер жанды басшылық соғысқа жібермей, ұжымшардың шаруасына жегеді. Бірақ, өңшең қартаң кісілер мен қыз-келіншектердің арасында еңсе көтеріп жүруді ар санаған Темір көкеміз сұранып жүріп, ақыры соғысқа кетеді. Өмірбек бұл кезде бар-жоғы алты айлық бала екен. Қайран әке сол кеткеннен қайтып оралмайды. Алғашында «Қызыл Октябрь» бастауыш мектебінде сауат ашқан Өмекең кейін С.Буденный (қазіргі М.Әуезов мектебі) атындағы мектептің жетінші сыныбын бітіріп, 1957 жылы Шымкент педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оны 1960 жылы бітіріп, облыстық білім басқармасының жолдамасымен өзі білім алған С.Буденный атындағы сегізжылдық мектептің аға пионер жетекшілігіне тағайындалып, кейін еңбек, ән-күй, қазақ әдебиеті пәндерінен дәріс береді. Әжесі мен анасының арқасында тұрмыс тауқыметін көрмей өскен ол одан әрі білімін жетілдіруді ойлап, Алматыдағы қазіргі Қазақ Ұлттық университетіне құжат тапсырады. Бірақ, Өмірбектің пешенесіне тағдыр мұғалім болуды жазбапты. Ағамыз бұған еш уақытта өкінген емес. Есесіне, сот саласында абыройы артып, беделі биіктеді. ҚазМУ-дің заң факультетінде білім алған Өмірбек ағамыз сот мәжілісінің хатшылығынан бастап, облыстық төрелік соттың төрағасына дейінгі қызмет сатыларынан өтті. Арасында обкомның нұсқаушысы, облыстық әділет басқармасының бастығы, облыстық соттың судьясы да болды. «Соғыстан кейінгі сол қоғамда әділдікпен қатар, әділетсіздік те, қылмыс та орын алатын. Бірақ, менің өмірімде әділдік жолында жүрген мен үлгі тұтар жандар көп болды» деп өткен күндерін еске алады Өмірбек ақсақал.

 

Мырзашевтің шарапаты

Ол кезде соттар түгелдей әділет басқармасына қарайтын. Сарыағаш ауданында 11 жыл судья болып келген Өмірбек ағамыз екі жылдай осы басқармаға бастық болғаны бар. Істей берер ме еді, «желтоқсанның ызғары» соқпағанда... Ол туралы ағамыз былай деп еске алады. «1987 жылдың шамасы болуы керек, «судьялардың 47 пайызы қазақ, 53 пайызы өзге ұлт өкілдері болсын» деген Колбиннің ауызша болса да тапсырмасы түсті. Ертемен обкомның екінші хатшысы Черненко шақырып, тапсырманы орындауымды бұйырды. Мен: «Бізде 120 судья бар, оның 47 пайызы 56 адам болады. 1 өзбек судья, бір орыс судья бар, қалғанының бәрі қазақ. Жарайды, 5-6 судьяны бірдеңе етіп жұмыстан шығарамын, қалғанын қайтпекпін? Тіпті, «кет» деген күннің өзінде олардың бәрі томпаңдап кете қоя ма? Олардың да отбасы, асырап отырған әйелі, бала-шағасы бар емес пе? Олар маған алғыс айта ма?» деп қасарысып көріп едім, одан ештеңе шыға қоймады. Не керек, ұлты өзге маманды Ресейден болса да тауып әкелуімді тапсырды. Бұлай ар азабына түскенше, арыз жазып, қызметтен босатуды да сұрандым. Черненко әлгі шаруаны бітірмей, ешқайда кетпейтінімді ескертті. Бір күні обкомның бірінші хатшысы Рысбек Мырзашев шақырды. Не болып жатқанын сұрады. Ойымдағының бәрін айттым. «Біріншіден, 56 судьяны жұмыстан шығару мүмкін емес. Мүмкін болғанда менің одан кейін бұл облыста жүруім мүмкін емес. Сіздер қонақсыздар, ертең кетіп қаласыздар, біз осы жерде қаламыз. Мен әкемнен алты айлығымда қалдым. Ол кісі соғыстан қайтпады. Анам болса менің қызметімнің не екенін де түсінбейді. Сондықтан мені жіберіңіздер. Қайда жұмсасаңыз, сонда барамын. Сізге сөз келтірмеймін» дедім. Мырзашев орнынан қарғып тұрып, «Өмірбек, сен бір аталы сөз айттың ғой! Мен де сені осындай адам шығар деп ойлаушы едім. Мынау арбитраж бос тұр. Сен соған бар. Алты ай, ары барса бір жылда осы қызметіңе қайта әкеліп қоямын» деген кезде Черненкодан құтылғандай күй кештім.

Осылайша, Өмірбек ағамыз арбитраждық сотты 10 жыл басқарды. Содан соң зейнетке шығарға дейін облыстық соттың судьясы қызметін атқарды. Алайда, кезінде өзін Черненконың «тепкісінен» суырып алып, солақай саясаттың құрбаны болудан сақтап қалған Мырзашевтің «ерлігін» Өмекең әсте ұмыта алар ма!

Биыл 75 жасқа толып отырған заң саласының ардагері Өмірбек Темір әлі тың. Әділет үшін күрескен еңбек жолы ардақты ағаны өмір қазанында әбден пісірген болар. Ғұмырының 50 жылдан астам уақытын әділет, сот саласына арнаған ардагерді мемлекет те қадірлеп, ардақтады. Ол «Құрмет», «Үш би», «Еңбек ардагері», «Қазақстанның Құрметті заңгері», «ОҚО-ға сіңірген еңбегі үшін» орден-медальдарының иегері. Сот жүйесіндегі елеулі еңбектері үшін көптеген Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бүгінде ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған Өмірбек Темірұлы немерелерінің сүйікті атасы болып отырған жайы бар. Ақсақалдық жасқа жеткен сот маманы бүгінде облыстық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде өңірдің қоғамдық-саяси жұмысына белсене араласып, бірқатар жоғары оқу орындарында студенттерге сабақ береді. Өмірін өнегемен өрген Өмірбек Темірұлындай тәжірибелі заңгердің саналы ғұмыры өскелең ұрпаққа қашанда үлгі болып қала бермек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ