Руханият 0 пікір 1997 лайк

«Әр рөлім – бір ғұмыр...»

Қыркүйек 13 / 2018

 

Тақтайдай тегіс даңғылынан гөрі қалтарыс-бұлтарысы көп театр өнерінде өшпестей із қалдыру екінің біріне бұйырмаған бақ. Әрбір бақытты сәттің артында төгілген тер, қуанышы мен күйініші арпалысқан сәттер, жан-дүниеңді толғантқан ізденіс әлемі тұрары хақ. Тасқа басылған қара сөзді тірілту үшін жүрегіңнің бір үзігін жұлып бергенде ғана кейіпкеріңнің образы шынайы ашылады. Соңғы кездері актерлердің басым бөлігінің кейіпкер табиғатын жүрек сүзгісінен өткізіп әуреленбей-ақ, жаттанды сөздерді мұрнының астынан міңгірлеп айтып шығуы көрермендер наразылығын тудырып жүргені рас.

 

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ардагер әртісі Сапар Өтемісұлы:

– Кезінде рөл қолға тиген сәттен ұйқы-күлкіні ұмытып, кейіпкеріміздің кейпіне енетінбіз. Біз үшін күн мен түннің айырмасы болмайтын. Түн жарымына дейін созылатын дайындықтан сілелеп шаршап, сахна сыртындағы декорациялық заттардың үстіне қисая кететінбіз. Қазіргі жастардан осыны аңғармаймын. Жанын жеп, жүрегін паршалап ойнамайтындарына қапа боламын. Солар өнерге құл сияқты қызмет еткенде ғана еңбегі жанып, сахнада патшадай сый көретінін бағамдамайды-ау, әттең, – дейді бекзат өнердің ертеңіне алаңдап.

Иә, өнерді жанымен сүйіп, азабына төзіп, үлбіреген сезімін қастерлегендер ғана киелі сахнада тұрақтап қалмақ. Сапар Өтемісұлының өнер жолы жайында айтылмақ бір үзік сырда қызығы мен шыжығы мол актерлік ғұмыр жатыр. Бір қызығы, Сапар ағаның өнер жолын таңдауы қарапайым әулеттік тектен келген қасиет екен.

– Соғыс оты өршіп тұрған 1943 жылы жеңістің тілекшісі болып дүниеге келіппін. Жастайымнан туған жерім Бостандық ауылының әнші баласы атандым. Әкемнің анасы қырғыз қызы. Суырып салма ақындығы бар әкей колхозда қос өгіз айдап, бес уақыт намазын қаза қылмай, тақуа ғұмыр кешіпті. Он бір баладан тірі қалған жалғызбын. Бірде әкей аузыма салған қойдың құйрығын көтере алмай, бір апта қатты ауырғанымда «Құдай маған бала тұрақтатпайын деді ғой» деп қатты күйзеліпті. Арзан деген жеңгеміз «Атасына барып айт, балаңыз шақырып жатыр де» – деп хабар жібергенде: «Артымда Сапарым қалса, ризамын» деп тізесі қалтырап отыра кетіпті. Тілегі қабыл болып, мен жасыма толмай тұрып намаз үстінде жантәсілім етті.

Әкемнің туған қарындасы Тоқта – Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Ана–Жер–Ана» драмасының бас кейіпкері Толғанайдың прототипі. 1965 жылы Алматыда консерваторияда оқып жүргенімде қырғыз еліндегі апамызға сәлем беруге немере ағам Орынбай екеуміз атпен бардық. Үш күн жүріп, Шатқал деген ауылға жеттік. Жасы 83-тен асқан Тоқта апамыз бізді жылап-сықтап күтіп алды. Жиырма күн қонақтап жаттым. Сонда апам «Қырғыздың Шыңғыс Айтматов деген жазушы жігіті келіп, өмір тарихымды, күйеуім Полат пен Омар, Оспан, Дәурен деген үш бірдей ұлымның соғыста қайтыс болғанын, елдің қалай күйзелгенін жазып алып кетті. Кітабына керек екен» деген еді. Соңынан М.Әуезов театрының атақ-даңқын асырған айтулы пьесаның туындағанын білесіздер.

1955 жылы 12-13 жасымда ауылымызға Шымкенттен Шанин театры «Қыз Жібек» спектаклімен гастрольге келді. Қыз Жібекті – Жұмабике Серікбаева, Төлегенді – Мұхтар Өтебаев, Бекежанды – Жүсіпбек Тұрсынов, Базарбайды Әкіш Шанин сомдады. Біздің Бостандық ауылының маңында он-он екі колхоз бар. Әртістерден қалмай сол ауылдарға еріп барып жүрдім. Бекежанның Төлегенді қанжар сұғып өлтіретін тұсында қатты қиналатынмын. «Бүгін қайтсем де Төлегенді өлтіртпеймін!» деген оймен бесінші ауылдағы қойылымда сахнаға жүгіріп шығып «ағатай, өлтірмеңізші!» деп Төлегеннің үстіне құлай кеттім. Бекежан–Жүсіпбек сасқалақтап қалғанда шымылдық түсіріліп үлгерді. Еңіреп жылаған мені Әкіш аға «айналайын, бұл ерте заманда болған оқиға. Артистер сахнада өтірік өледі, жылама» деп жұбатты. Театрға деген махаббатым осылай оянды, – дейді Сапекең.

Арман жетегіндегі бозбала 1959 жылдың қарашасында Шанин театрына келіп, реквизитордың көмекшісі болып жұмысқа қабылданады. Театрдың грим бөлмесін паналап, шағын рөлдерді сомдап жүрген оны бас режиссер Ғайнижамал Хайруллина Шымкентке келген әйгілі театр тарланы Асқар Тоқпановқа таныстырады. Тоқпановтың шақыруымен 1964 жылы Алматы консерваториясына режиссер мамандығына оқуға түседі. Оқуын бітірген соң М.Әуезов атындағы академтеатрға жұмысқа қабылданғанымен, Алматының ауа райы жақпай, ауырып қала береді. Содан елге оралып, Шанин театрына қызметке тұрады.

Өмір-өзеннің толқыны адам баласын қай бағытқа бұрып әкетері белгісіз екен. Жұмысқа қабылдануы жазғы гастроль уақытына сәйкес келіп, ұжыммен бірге ауылдарға аттанады. М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясындағы Наршаның рөліне еш дайындықсыз түсіп, сәтті шығарған актерге содан кейін-ақ үнемі бас кейіпкерлерді сомдау бақыты бұйырады. Сол кездегі мәдениет басқармасының басшысы Күлдән Сәрсенбайқызының қамқорлығы арқасында небәрі бес ай ішінде үш бөлмелі пәтерге қолы жетіп, арқа-жарқа болады.

– 1967 жылдың жазында М.Әуезовтің «Қарагөзімен» гастрольге шыққалы жатқанымызда «Не дейсің, жоғары білімді, көркіне көз тоятын жас актер келіпті» деп әртістер шу ете қалды. Бізбен бірге гастрольге аттанып, еш дайындықсыз Наршаны сомдағанда маңдайы жарқыраған жігіттің кербез жүріс-тұрысы мен зиялылығы кейіпкерінің образына дөп түсті, – деп еске алады ҚР мәдениет қайраткері, актриса Айжан Жұмабекова.

1982 жылы Жақып Омаровтың режиссерлігімен «Ақан сері–Ақтоқты» қайта сахналанғанда премьераға әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов қатысады. Актердің ойынына риза болған жазушы сахнада маңдайынан сүйіп «Шәкеннен (Айманов) кейін Ақанды көре алмай жүр едім. Ақаным тірі екен ғой!» деп қайыра құшақтап, көзіне жас алады. Иә, шығармашылық арпалысқа толы жылдардың естен кетпес естеліктері аз емес. 1982-83 жылдары Әлжаппар Әбішевтің «Мәди» драмасында Мәдиді сомдағанында премьераға қатысқан автор қойылымның соңында сахнада тұрып: «Сапардай актер – театрдың бақыты! Мәди сендей-ақ болған шығар?!» деп ризалығын білдірген. М.Шатровтың «Сонда ғана жеңеміз» пьесасындағы (реж. Ж.Омаров) Ленин образы ең үлкен һәм айтулы рөлі болды. Ойлап қараса кеңес өкіметін құрған Лениннің образын сомдау ресейлік Калягин мен қазақстандық Өтемісовке бұйырған бақыт екен.

– Асқар аға Тоқпанов қойылымнан соң грим бөлмеме келіп «Мен де Ленинді ойнағанмын. «Шәкірті – ұстазынан озады» деген! Талантыңа басымды иемін...» деп көңілі босады. Мәскеуден арнайы шақырылған театр сыншылары Петров пен Ларин: «Калягиннен асырып ойнады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек» деген ұсыныс жасаған. Өкініштісі, «қайта құру» дәуіріне тап келгендіктен әлгі ұсыныс жүзеге аспады, – деген кейіпкеріміз өткен күндерін сағынышпен еске алды.

 Мәскеуліктер Ленинді сомдағаны үшін Сапар Өтемісұлын «Республиканың үздік адамы» төсбелгісімен марапаттайды. Драматург Иран Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» драмалық дастанындағы (реж. Е.Оразымбетов) ол бейнелеген Абай образын автор да, әйгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай да өте жоғары бағалаған.

Бұл – киелі сахнада жүзден аса кейіпкерді сомдаған ҚР еңбек сіңірген әртісі, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, «Парасат» орденінің иегері Сапар Өтемісұлының рухани келбетінің бір қыры ғана.

Сая ҚАСЫМБЕК, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ