Руханият 0 пікір 1997 лайк

Көңілдің шуақты кездерінде

Қыркүйек 13 / 2018

«Қарияларды сөйлеткенді қойыңызшы»

Оңтүстікте түрлі-түсті телеарна 1990 жылы 5 қарашада дүниеге келді. Міне, содан бері алты жыл өтсе де телеарнаның меншікті үй-жайы болмай, Әл-Фараби аудандық әкімдігінің үшінші қабатында қысылып-қымтырылып тұрып жатты.

Бұл кезде көрші Жамбыл облысының телеарнасы университеттің зәулім ғимаратында, ал, Қызылорданың телеарнасы облыстық саяси ағарту үйінің салтанатты сарайында жұмыс істеп, көрсетілімін емін-еркін ұсынып жатты.

Осындай қиын-қыстау жағдайды әкімдікке қаншама ескертсек те селт ете қоймады. Содан сол кездегі облыс әкімі Зауытбек Тұрысбековтің, Шымкент қаласының әкімі Анарбек Ормановтың, Әл-Фараби ауданының әкімі Оразкүл Асанғазиеваның аттарына жазылған «Айта-айта Алтайды...» деген ашық хат «Оңтүстік Қазақстан» мен «Шымкент келбеті» газеттерінің бірінші беттерінде жарқ ете қалды.

Облыс жұртшылығы ашық хатты оқысымен газеттерде, теледидарда үш әкімдікке, оның әкімдеріне телеарнаға жеке жай беруі жайлы өз ойларын ортаға салды. Облыстың қадірменді ақсақалдары Төлепбек Назарбеков, Ыдырыс Тілеубергенов, Оспан Байдәулетов, Талқы Әйменов, тағы басқалары облыс әкімдігінің атына сын айтып, осы уакытқа дейін сөзбұйдаға салып келе жатқандығына реніш білдірді. Мұндай сын-ескертпелер телеарнадан күн сайын айтылып, газеттердің әрбір сандарында жазылып, үлкен талқыға түсті.

Ашық хат жарияланғаннан кейін 6-7 күннен соң облыс әкімі Зауытбек Қауысбекұлы телефон соқты.

– Байеке, уақытыңыз болса, келіп кетіңізші, – деді Зәкең.

Облыс әкімінің өзі телефон соғып, шақырған соң, сол замат жолға шықтым.

Үлкен бөлменің төрінде отырған әкім орнынан тұрып, маған қарсы жүрді.

Екеуміз бір-бірімізге қарама-қарсы отырдық.

– Сіздің жазған ашық хатыңызды оқыдым. Өзім де телеарнаға берілер үйді таңдап жүрген едім. Енді сәті келіп тұр, – деп маған тікелей қарады. Мен үндемедім, әңгіменің соңын күттім.

– Ана қарияларды күн сайын сөйлете бергеніңізді қойыңыз. «Ұра берсе Құдай да өледі» деген рас-ау деймін. Бәріне де мен кінәлі сияқтымын, ақсақалдардың сөзіне қарағанда. Ешкімге айтпаңыз. Ары кеткенде үш айда немесе екі айда қаладағы үш аудан қысқартылады. Өздеріңіз отырған Әл-Фараби ауданы әкімдігінің үйін басы бүтін Сіздерге береміз, – деді әкім. Аудандардың қысқарғанына өкінсем де, үйлі болатынымызды естіп:

– Рахмет, Зәке! – дедім қуанышымды жасыра алмай.

– Сонымен келістік қой. Ал, ақсақалдарға өзіңіз түсіндірерсіз, – деп орнынан тұрды. Зауытбек уәдесінде тұрды. Екі жарым айдан соң әкімшілік үйінің толық иесі біз болдық. «Көп түкірсе көл болады», «Көп қорқытады, терең батырады» деген мақалдың өміршеңдігіне көзіміз жете түсті.

 

Қара мысықтың қамқорлығы

Немерем Әсел жабық базардан кіп-кішкентай қара мысықты 2 мың теңгеге сатып алыпты. Қара мысықтың тұқымы парсылық екен. Ол үйде бір, ары кеткенде екі-ақ адамды ұнатып, соның жанынан шықпайтынын оқып, білдік.

Өсе келе ол күндіз Әселдің, кешке менің қасымда болатын болды. Бірде қан қысымым көтеріліп, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болдым. Осы заматта қара мысық аз ғана «мияу» деген дыбыс шығарып, шалқалап жатқан менің кеудеме келіп жайғасты. Сәлден соң пырылдай бастады. Мен жұп-жұмсақ жүнін сипадым. Қан қысымым жеңілденгендей сезіндім. Жедел жәрдемнің дәрігерлері келе салысымен қан қысымымды өлшеді. 180-ді көрсетіп тұрған шкала 140-ты көрсеткенде мен де, дәрігерлер де таңданды. Бұл көрініске «Пушоктың» – қара мысықтың әсері болғанына бәріміздің көзіміз жетті. Содан бері «Пушок» мені күтіп тұрады. Қалай келіп, төсекке қисая салған замат кеудеме секіріп мінеді де жайласып, пырылына басады. Менің шаршағаным басылып, көңілім көтеріліп, сергіп қаламын.

 

«Жақсы болса, жақсы шығар…»

2002 жылы қараша айында «Оңтүстік Қазақстан» газетіне редактордың бірінші орынбасары қызметіне келдім. Редактор – Оразхан Жарқынбеков, жауапты хатшы –Суханберді Оразәлиев.

Газеттің жұмысына қанықпын. Телерадиокомпанияда төраға болғанға дейін 20 жылдай осы газетте жұмыс істеп, жауапты хатшы лауазымына дейін көтерілгенмін.

Дегенмен, газет жұмысы бұрынғыдай емес, жеңілдеген екен. Мәскеуден, Алматыдан, Астанадан ресми материалдарды көп күтпейді. Ең ары кеткенде кешкі сағат 20-21- лерде газет түгелімен дайын болады. Қалған уақытың бос. Баяғыдай түнгі сағат 3-4-ке дейін жүрмейміз. Рахат!

Журналистердің бәрі сайдың тасындай. Бірінен бірі озады. Қаламдары ширақ. Жазғандары өтімді. Жұмысты аяқтаған соң шығармашыл адамдар бос отырсын ба, әңгіме дүкенін еркін ағытамыз. Әрине, «Тараздың жігіттерінсіз» әңгіме қызбайды ғой.

Жаухатшы Суханберді – ақкөңіл, ақпейіл азамат. Кейбіреулер сияқты қитұрқы мінезі жоқ. Ашығын айтып, ағынан жарылады. Осындай күндердің бірінде үйіне кешігіңкіреп барғанда алдынан шыққан жарына:

– Сен білесің бе, бізге жақсы азамат басшы болып келді. Жұмысын жақсы біледі. Орынды талап етеді. Әңгімесі де әдемі. Өткен-кеткен жоғары буын журналистер туралы әңгіме айтқанда еріксіз тыңдайсың. Сабырлы, салмақты Байекеңді бәріміз жақсы көреміз, – дейді ғой. Сонда келіншегі Суханбердіге тікелей қарап:

– Кім біледі? Жақсы адам болса, жақсы адам шығар. Ол жағында шаруам шамалы. Алайда, сол ағаң сендерге келгелі бері үйге қызыңқырап келетін болдың ғой, – дейді ғой.

Басшысын мақтайын деп отырып, бар сырын жайып салғанына, келіншегінің қан шығармай мақтамен бауыздағанына қатты ұялғанын маған айтқанда:

– Мені мақтамай-ақ тып-тыныш төсенішке қисая кетсең қайтер еді, өзіңді де, мені де жығып беріпсің ғой келінге, – дедім өкінішімді жасыра алмай. Сол сыннан соң отырысымызды сирете бастадық.

 

Ақ көңіліне ризашылық

Алпыстан асқанда қарашаңырақ «Оңтүстікке» қайта қызметке келдім. Тепсе темір үзетін жас перілер ортасында жасы үлкені мен. Бас редактор – Иса Омар. Газет жұмысына әбден ысылған, тәжірибесі де, шығармашылығы да, адами кісілігі де жоғары. Ол да бұрын осы ұжымда қызмет етіп, жоғарылап кеткен. Келген күннің ертесіне:

– Байеке, «Жигулимен» жүр екенсіз. Кеше байқадым. Сізге жараса қоймас. Ертең машина базарға барып, шетелдің жеңіл автокөлігін алайық. Зейнеткерлікке шыққанша соны мініп жүріңіз, – деді Иса.

Сонымен ақсұр «Ауди» автокөлігін қызмет бабына падаланатын болдым. Басшының ағаларына деген ақ көңіліне риза болдым.

Байдулла Қонысбек, журналист.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ