Руханият 0 пікір 1996 лайк

Даланың дара бұлбұлы

Қыркүйек 13 / 2018

 

«Әнсіз өмір – мәнсіз өмір, Әнсіз өмір – сәнсіз өмір» деп бастаппын ертеректе жазған бір өлеңімді. Расында да, өміріміздің мәні мен сәнін кіргізетіндер сол әншілер мен композиторлар емес пе?! Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әнші Бақыт Шағатаева жайлы сөз қозғағанда ұлы Абайдың «Атадан алтау, анадан төртеу» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. «Абайтану» іліміне үңілген адам ұлы Абайдың әншілік-композиторлық өнеріне қайырылмай кете алмайды. Абайдың өз жүрегінен туған «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» секілді әндері Ұлы Дала сазының мөлдір қайнары іспетті. Жалт еткен сезімінен осындай жарқын дүниелер туған ұлы Абайдың әншілік қыры да терең зерттеуді қажет етеді.

 

Абайдың інісі Ысқақтан – Кәкітай, Кәкітайдан – Әрхан, Әрханнан Шағатай туса, Шағатайдың ұрпағы Бақыт Шағатаева ән әлеміне әсіреқызыл әуестікпен келген жоқ. Ол өнерге Абайдың әншілік, композиторлық дарыны туабітті қанында бар екенін дәлелдеу үшін келді. Семей даласының сызылған сыбызғы әуені, Қарауыл таудың тастарын үрген қоңыр жел уілі тұлымы желкілдеген Бақытты бала кезінен-ақ өзіне баурап алатын. Кең далаға сейілдей ұзап шыққанда Абай атасының «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас» әндерін кеудесін кере шырқауға тырысатын. Балғын арманы оны орта мектепті бітірісімен Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының өнер факультетіне оқуға түсуге жетеледі.

1948 жылдың күзінде Семей облысының Қарауыл өңірінде дүниеге келген Бақыт Шағатаева қыздар педагогикалық институтының өнер, соның ішінде ән-саз бөлімін үздік бітірген соң туған ауданындағы мектеп-интернат пен балалар саз мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасады. Балаларға ұстаздық ете жүріп аудандық мәдениет үйі жанынан «Қаламқас» ән-би ансамблін құруға қатысады. Ансамбльдің ұйымдастырушысы әрі ең алғашқы әншілерінің бірі болады. Бүгінгі таңда әнші Бақыт Шағатаеваның репертуарында жүзден астам ән бар. Соның алпыстан астамы үлкен сахналарда шырқалып жүр. Бақыт асқақтата, тебірене шырқайтын Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні «Қаламқас» ұлттық ән-би ансамблінің лирикалық гимніне айналған.

Өз басым сеңгірлі Семейден, дана Абай туған Шыңғыстау өлкесінен жырақтағы сырлы Сырдария бойында өссем де Бақыттың орындауындағы отыздан астам әнді құмарта тыңдап, жүрегіме сіңірген екенмін. Ол шырқаған әндер тыңдаған жанға эстетикалық, рухани ләззат сыйлайды. Жеке мұрағатымдағы сарғайған жыр дәптерімнің бетінде:

Абайдың әнін Абайдың қызы салғанда,

Жеткендей болам желпініп кетіп арманға.

«Желсіз түнде жарық ай» шомған Сыр суын,

Ертіс деп кешіп, Абай боп кетем жалғанда.

 

Абай бар ұлы – қазақы қан бар жалғанда,

Құнанбай – Абай, Ысқақ тек ұрпақ тұрғанда.

Ұқсаймын мен де басыма бақыт қонғанға,

Шөпшегі Бақыт «Айттым сәлемді...» салғанда»,

– деп жазған өлеңім бар екен. Бүрсігүні Қарауылдағы Абай әулетіне, әнші Бақыт Шағатаева отбасына қонақ болып келе жатып, сол қос шумақ өлеңіме:

Абай, Ысқақтан алатын бастау Ән едің,

Әніңе ғашық, көргенше асық жан едім.

Құдайдың өзі құдағи етіп Бақытпен,

Абай ауылын бетке алып іздеп келемін!

 

Жасай бер жүз жыл, Абайдың әнші ұрпағы,

Көз болып мөлдір, үн болып тембр, тұр қаны.

Ұлы Абай мен туған ел жайлы әндермен,

Тербете бергін Атырау, Алтай, Арқаны!

 

Тербете бергін миллиондардың жүрегін,

Ән-сазбен көмкер Абай атамның ер елін.

Ауырма Бақыт – даланың дара бұлбұлы,

Өзіңнен алып біткен жоқ елің керегін!

 – деп жаңа үш шумақ қосып, қайырма жасадым.

 Абай елін, Ысқақ, Кәкітай, Шәкәрім қажы, Әрхан, Әбіш, Ақылбай, ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов туған, олардың ұлы аталары Құнанбай, Кеңгірбай билер туған киелі жерлерді бір көру аңсар арманым еді. Сонау 25-30 жасар жігіт шағымда радиодан естіген Бақыт әншінің «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін өз аузынан тыңдау ғой, тіпті арманның үлкені болатын. Сол арман-тілек орындалып, құлағымның құрышы қанатын күнге жеткізген Жаратқанға мың шүкір!

Тарқатып айтсақ, Абаймен бір әке-анадан туған Ысқақ деген інісі бар екені белгілі. Ысқақтан Кәкітай, одан Әрхан туады. Ал, бүгін мерейлі жетпіс жасын тойлап отырған әнші Бақыттың әкесі Шағатай – Әрхан атаның ұлы. Осылай өрілетін шежіре даланың дара бұлбұлы Бақыт әншінің ұлы Абаймен қаншалықты қаны туыс жақын екенін айқындап береді. Бұл «Күріш арқасында күрмек су ішеді» емес. Ән-саз теориясын, үн-дауыс пафосын зерттеуші-ғалымдар Бақыттың даусын «колоратуралық сопрано» деп бағалаған. Бұл ән-саз орындаушылар арасында сирек кездесетін табиғи жаратылыс құбылысы. Бұл жағдай сахнада жүрген жылдар бедерінде тоғыз рет облыстық, алты рет республикалық ән-саз байқау-фестивальдерінде жеңімпаз атануға, ал, 1976 жылы Бүкілодақтық ән байқауында лауреат болуға бастайды.

 Ол 1984-1990 жылдары екі шақырылымда Семей облысы Абай аудандық халық депутаттары Кеңесіне депутат болып сайланады. 2000 жылы ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет Грамотасымен, 2002 жылы ҚР Президенті Жарлығымен ҚР Құрмет Грамотасымен, 2011 жылы «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, сол жылы Қазақстан әйелдерінің І съезіне делегат болып қатысып, Елбасының қабылдауында болған. Ол – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының құрметті азаматы.

Қыркүйектің 14-15-інде Семей өңіріндегі Абай ауылында «Қаламқас» ұлттық ән-би ансамблінің болмыс-бітімі дара, өнер жолы сара дәстүрлі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бақыт Шағатайтегінің жетпіс жылдық мерейтойы тойланбақ. Ендеше, тектіліктен тамыр алып, аналық мейірімімен, өзіндік өнер жолымен, әуезді әндерімен елдің құрметіне бөленіп жүрген Бақыт Шағатаеваның мерейтойы қазақ ән өнерінің тойы десек қателеспейміз.

Боранбай ҚҰДИЯР, Ә.Мейірбекұлы атындағы Мырзашөл-Мақтаарал аймағы ақын-жазушылар қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ