Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Анам әлі жассың дейді

Қыркүйек 13 / 2018

 

Біз көрші тұрамыз. Аңсар үйімізге жақын маңдағы мектепте оқиды. Ал, мен аудан орталығындағы мектепке барамын. Екеумізге саябақта кездескен ұнайды. Көбіне сонда отырып, сабақ барысында түсінбеген сұрақтарды бір-бірімізден сұраймыз. Оны негізінен ғұлама ғалымдардың өмірі қызықтырады. Әлемге әйгілі физиктер жайлы жазылған шығармаларды көп оқиды.

 

Бірде онымен кездесуге сыныптас құрбыларымды ертіп барған болатынмын. Олардың бірі анасына «Аңсар мен Баян «жүреді екен» деп жеткізіп барыпты. Содан ата-аналар жиналысында оның анасы мен туралы айтыпты. Бірақ, оған мамам ашуланған жоқ. Бәлкім, маған сездірмеді ме? Білмедім.

Үйде мамаммен барлық тақырыпта ашық сөйлесемін. Ол да ештеңені жасырып қалмауым керектігін үнемі айтып отырады. Алайда, Аңсармен кейде саябақта кездесетінім жайлы жақ ашпайтынмын. Бір күні мамам ыңғайы келгенде «осы сендер «қыз бен жігіт» болып кездесіп жүрсіңдер ме?» деді. Біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Сасқанымнан не дерімді білмей, жылап жібердім. Сол кезде мамам мені бауырына басып, қорықпай бәрін ашық айтып беруімді өтінді.

... Бәрін де түсінгендей болды. «Қызым-ау, адамда жақсы көру деген сезім болады. Сендердікі бала махаббат қой. Кейде бала махаббат мәңгілік махаббатқа ұласып жатады. Енді оны уақыт көрсетер. Келер жылы мектепті бітіресің. Қазір сенің алдыңда бір ғана мақсат болуы керек. Ол – ұлттық бірыңғай тестті ойдағыдай тапсырып, жоғары оқу орнына түсу» деді.

Мен мамамның осы бір сөзінен оның біздің кездесуімізге әзірге қарсы екенін аңғардым. Бірақ, біз бір-бірімізді шын жақсы көреміз... Мұнымыз әбестік пе?

Баян ЖАҚЫПҚЫЗЫ,

Мақтаарал ауданының тұрғыны.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ