Қазақстан құрамасы 18 алтын, 24 күміс, 34 қола медаль иеленді!

Қыркүйек 11 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Осыдан біраз күн бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көршілес қырғыз елінде болып, Шолпан Ата қаласында өткен ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылу салтанатына қатысқан болатын. Міне, сол дүние жүзін дүр сілкіндірген көшпенділер ойыны кешегі күні мәреге жетті. 1 аптаға созылған додада әлемнің 74 мемлекеті спорттың 37 түрінен бақ сынады. 1 986 спортшы жарыс жүлдесі үшін таласты.

 

Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайындары Қырғызстан құрамасы топ жарды. Олардың еншісінде 40 алтын, 32 күміс, 31 қола медаль бар. Ал, 18 алтын, 24 күміс, 34 қола медаль иеленген Қазақстан құрамасы екінші орыннан көрінсе, үздік үштікті Ресей құрамасы түйіндеді. Солтүстіктегі көршілеріміздің еншісінде 17 алтын, 12 күміс, 27 қола медаль бар.

Ойындардың жалпы жүлде қоры 403 мың долларды құраған екен. Дүниежүзілік көшпенділер ойынынан хабар тарату үшін әлемнің 56 елінен 600-ге жуық БАҚ өкілі қырғыз еліне аяқ басқан. Бұл әлем жұртшылығының көшпенділер ойынына деген қызығушылығын көрсетсе керек.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейінгі ойындардың барлығы Қырғызстанда өткен еді. Әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын дүбірлі доданы 2020 жылы өткізу құқығына Түркия Республикасы ие болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ