Теміртауда замандастарымен жүздесті

Қыркүйек 11 / 2018

 

Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысында болған сапарында бір кездері өзі еңбек жолын бастаған кәсіпорын еңбеккерлерімен кездесіп, әңгімелесті.

 

– Қазір зауыт аумағында мені ерекше бір сезім баурап алды. Мұнда алғаш рет 1958 жылы кірген едім. Ол кезде бұл жерде ештеңе болған жоқ. Барлығы менің көз алдымда салынды, – деп Қазақстан Президенті өткен шақты еске алды.

Нұрсұлтан Назарбаев комбинат металлургтері мен еңбеккерлерінің жұмысы ауыр екенін атап өтіп, Теміртау қаласы мен зауыттың ахуалын үнемі өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Әңгіме барысында Елбасы компания басшылығына қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі зор екенін ескертті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы қалада медициналық, білім беру және спорт нысандарының санын көбейту қажеттігін атап өтті.

Зауыттың еңбек ұжымы өкілдері Қазақстан Президентінің бастамаларына және елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға қолдау білдіретіндерін жеткізді.

Елбасы жұмыс сапары барысында Теміртау қаласының мәдениет және демалыс саябағына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген қайта жөндеу жұмыстарының нәтижелерімен танысты.

Мемлекет басшысы бюджеттен тыс қаражат есебінен саябақ аумағында салынған нысандарды аралап көрді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев саябақта қаланың өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы тарихын бейнелейтін театрландырылған қойылымды тамашалады.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті өз замандастарымен және металлургия комбинатында бірге жұмыс істеген бұрынғы әріптестерімен жүздесіп, әңгімелесті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ