Экономика 0 пікір 1991 лайк

Ауылдағы кәсіпкерлік дүкен ашудан әрі аса алмай тұр...

Қыркүйек 11 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Таяуда халыққа қызмет көрсету орталығында көптен көрмеген ескі танысым ұшырасып, аз-кем тілдесудің сәті түсті. Ол сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ саудаға икемді, қолының еп-себі бар-тын.

 

Кәсіпкерліктен жолы оңғарылып, ауылда қос-қос дүкені бар деп еститінмін. Салған жерден:

– Банктен несие алып, дүкен ашпақшымын, – деді қолындағы бір бума құжатын меңзеп.

– Онсыз да екі-үш дүкенің бар деп естиміз, мұны не істемексің? – дедім бүгінде дүкен ашудың сәнге айналып кеткенін емеурінмен сездіргім келіп.

– Қазір кәсіпкерліктің ең оңай түрі дүкен ашу болып қалды ғой, – деді ол сөзіме келіспеген сыңай білдіріп. – Салығыңды төле де, кез келген затты әкеліп сата бер. Саған айтайын, соның ішіндегі ең өтімдісі, қазір азық-түлік тауарлары. Өйткені, халыққа ең бірінші керегі тамақ қой. Сондықтан адамдар тамағы үшін ақшасын аямайды. Былайша айтқанда, бұл жылдың төрт мезгілінде саудаң қыз-қыз қайнап тұрады деген сөз.

– Дегенмен, бұл кәсіпкерлік емес, алыпсатарлық қой. Одан да бар қаржыңды пайдалы іс ашуға жұмсамадың ба? Мәселен, шағын цех ашып дегендей...

– Сен де айтады екенсің, ол машақаты көп жұмыс емес пе? Ал, аштым делік, бірақ, өндірген өнімді қайда өткізесің? Мысалы, қазір біздің ауылдағы ақшасы бар азаматтар жаппай мал өсірумен шұғылданып кетті. Үкімет те бұл салаға жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанын білесің. Дала тегіс отар-отар қой, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқыға толды. Бірақ, соның бәрі өнімін қайда өткізерін білмей дал. Себебі, сұраныс аз, есесіне ет мол. Соған қарамай, бағасы да ұшып тұр. Ал, дүкен ашып алсаң, мұндай проблемаларға бас ауырта бермейсің. Сөреңде тауарың сықиып тұрса, тұтынушы өзі-ақ есігіңді босатпайды.

Иә, ойда-жоқта ұшырасқан танысымның сөзі шағын бизнестің ауылдағы ахуалынан біраз сыр аңғартқандай болды. Шымбайға батса да астарында шындығы бар сөз. Бізде шағын және орта бизнесті дамыту керек деген секілді ұрандар жиі айтылғанымен, іс жүзінде алға басуы көңіл көншітпейтіні рас. Танысым айтпақшы, ауылдағы ағайынның кәсіпкерлік жөніндегі түсінігі дүкен ашудан әрі аса алмай тұр. Әйтпесе, шикізаттың бәрі ауылда. Ет, сүт, жүн, дәрі-дәрмек жасайтын шөп дейсіз бе, бәрі ауылдан табылады. Онда балалардың аяқ киімі тігіліп, жүннен киім-кешек тоқылып, теріден былғары бұйымдар өндіріліп жатса, кәсіпкерлік деген осы емес пе? Бір өкініштісі, осындай өнімдер өзімізде бола тұра, тауарды алыс-жақын елдерден тасимыз. Артық айтты демессіз, ауылдағы азаматтарға мұндай кәсіпкерлікпен айналысқанша, дүкен ашып, Қытайдың тауарын сату әлдеқайда тиімді секілді.

Бұрын есігінің алдына шығып шемішке сатудан арланатын қазақ бүгінде сол сауданың түбін түсіреді. Бұл үрдіс тәуелсіздіктің елең-алаңында басталды. Ақшадан тарыққан жұрт жаппай саудаға шығу арқылы кем-кетігін осы жолмен түгендеуге кірісті. Ала сөмке арқалаған жанкешті жерлестеріміздің дені кейіннен ірі сауда жасауға көшті. «Жабайы сауда» жасағыштар әупірімдеп табысы тәуір кәсіпкер болып шыға келді. Бірақ, солардың көпшілігі нарықтың талабы дүкен ашумен ғана шектелмейтінін әлі күнге дейін түсіне бермейді. Қолындағы қаржысына шағын зауыт немесе кішігірім цех ашқаннан гөрі қос-қостан дүкен ашқанды жөн көреді. Мұндай таптаурын психологиядан шағын және орта бизнестің көкжиегі кеңи ме?

Ал, өзге елдерде қалай? Басқасын айтпағанда, өзіміз күнделікті тауарын тұтынатын Түркияда орта кәсіпкерлік жолға қойылған деуге болады. Мұнда қазір шағын өндірістік нарықтың дәурені жүріп тұр. Екі үйдің бірі шағын кәсіпкерлікке бейімделген. Бұл өз кезегінде өнім өндірудегі бәсекелестікті арттыратыны белгілі. Бәсекелестік бар жерде өнім сапасы жақсарып қана қоймай, тауар бағасының да негізсіз көтерілуіне жол берілмейді. Ал, біздегі кәсіпкерлік сауда-саттықтан аса алмай отыр.

Еліміздің бүгін-ертеңін сараптап отыратын сарапшылар мұның төркінін тоқсаныншы жылдардағы жағдаймен байланыстырады. Олардың пікірінше, сол кездегі өндірістік потенциал еліміздің қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін деңгейде болған. Расында, ол уақытта техникалық жабдықтармен жарақтанған үлкен фабрикалар мен зауыттар болды. Әлемдік деңгейге көтеріліп кетпесек те, өндірістік күш пен техникалық әлеуетін пайдалану арқылы кәсіпкерліктің берік іргетасын қалау мүмкіндігіміз де бар еді. Бірақ, жекешелендіру кезінде небір өндіріс құралдары, техникалар «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Осыдан кейін елдің өндірісті дамытатын мүмкіндігі төмендеп, халық сауда-саттық жолына түсті. Өйткені, сауда басты күнкөріс көзіне айналды. Ал, сарапшылардың пайымынша, қоғамның дамуына сауда-саттық әсер ете алмайтын көрінеді. Себебі, сауданың еш жаңалығы жоқ. Ал, жаңалық жоқ жерде даму да, іздену де болмайды екен. Сондықтан ауылдағы ағайынды жаңа кәсіп түрлеріне бағыттап, өздеріндегі бар шикізаттан өнім шығаруға талпындырмасақ, жиі сөз ететін елу елден қалыс қалуымыз мүмкін.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ