Экономика 0 пікір 1980 лайк

Бағаны көтермеу үшін...

Қыркүйек 11 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

«3-Энергоорталық» АҚ бірқатар инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Жуырда ҚР Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Түркістан облысы бойынша департаменті өңір журналистеріне баспасөз турын ұйымдастырды.

 

Жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорында жаңғырту жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұратынын атап өткен бас инженер Б.Байымбетов зауыттағы станса жабдықтарын жаңғырту және жөндеу бойынша инвестициялық бағдарламаның орындалуы барысымен таныстырды.

Жылу және электр энергиясын өндіретін кәсіпорынның жаздыкүнгі өндіріс қуаты 80 МВт болса, қыстыкүні 150 МВт-ты құрайды. Негізгі отын табиғи газ болып табылады. Айта кетейік, 2016 жылы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің өңірдегі департаментімен «3-Энергоорталық» АҚ арасында 2016-2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама бекітілген-ді. Қондырғыларды жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 673 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген.

Ал, 2018 жылға соның 143 млн. теңгесі бөлініп, ол кезең-кезеңімен игерілуде.

– Стансада сағатына 36 мың текше метр табиғи газ жағылады. Бүгінде қазандық қысқа дайын тұр. Біз «Нұрсәт» шағынауданын қоспағанда Шымкент қаласын толық жылумен қамтамасыз етеміз. Екі турбинаның әрқайсысы 80 МВт-тан электр қуатын өндіреді. Бүгінде қазантурбина цехында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды Павлодар қаласының «Грант сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапкершілігіне алған. Жоспар бойынша бұл жұмыс 30 қазанда тапсырылуы тиіс. Жылыту маусымына турбогенератордан басқасы дайын. Әзірге қаладағы жылу беру жүйесін суға толтыра береміз. Одан соң жылу беруді бастаймыз, – дейді цех басшысы Жансерік Ерботаев.

Ал, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрмұхамед Бекмұрзаев шекті тарифті көтермеу аясында департамент пен «3-Энергоорталық» арасында меморандум түзілетінін мәлімдеді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ