Қырқында қамал алған Қаныш

Қыркүйек 11 / 2018

 

Патриотизмді елжандылық пен ержүректік, төзімділік пен табандылық, елге деген сүйіспеншілік сезімнің бір ұшқыны деп түсінген абзал. Біздің осынау отансүйгіштік сезімдерді әсіресе әскерилердің бойынан көбірек іздейтініміз рас. Отан деген отты сөзден қайрат-күш алып, жасындай жарқыраған қазақ жауынгерлерінің қай-қайсысы да мақтауға тұрарлық.

 

«Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ!» Бұл сөз Қарулы Күштер қатарында жүрген әрбір сарбаздың басты қағидасы десек те болады. Табанынан сыз өтіп ел тыныштығын күзетіп жүрген әрбір жас өскінге осы сөз қанат бітіріп, қиындыққа төзуге талпындырары анық. Ал, генерал шенін иығына таққан азаматтардың өмірі көбінде аңызға бергісіз болып келеді.

Жуырда қазақ генералдарының қатары тағы бір азаматпен толықты. Жерлесіміз, Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында туған Қаныш Әбубәкіров Елбасының қолынан генерал-майор шенін алды.

Қаныш Асанханұлы 1977 жылы 12 ақпанда дүниеге келген. «Төрткүл» жалпы орта мектебін бітіргеннен соң ҚР Қарулы Күштері Әскери академиясына оқуға түседі. Ауылдың топырағында аунап өскен балаң жігітке ондағы темірдей тәртіпке бірден үйреніп кету оңай соқпағаны анық. Аталған оқу орнын үздік бітірген ол Ұлттық қорғаныс университетіне құжат тапсырып, 2015 жылы Ұлттық қорғаныс Бас штабы факультетін «Әскери және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітіреді. Қаныш әскери салада сатылып жоғарылады. Еңбек жолын ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты №32363 әскери бөлімінің десанттық-шабуылдау батальоны барлау ротасының барлау тобының командирі болып бастаған. Одан кейін осы әскери бөлімнің ауыр оқшашарлар ротасының командирі, десанттық-шабуылдау батальоны командирінің орынбасары қызметтерін атқарған. №61933 әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығы, №2574466, №61993 әскери бөлімдерінің командирі,

ҚР Аэроұтқырлар басқармасы қолбасшысының орынбасары – жауынгерлік даярлық басқармасының бастығы, ҚР ҚК Десанттық шабуылдау басқармасы басшысының орынбасары – штаб бастығы болды. 2017 жылдың желтоқсанынан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы лауазымында.

Қаныш Асанханұлы биыл 7 мамыр – ҚР Қарулы күштері күні қарсаңында Елбасы Жарлығымен генерал-майор әскери атағымен бірге ІІ дәрежелі «Айбын» ордені және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Әскери қызмет – аса жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Былайғы тіршілікке бір сәт мойын бұруға мұрша бермейтін қызметте жүрсе де Қаныш Әбубәкіров туған ауылын ойынан шығарған емес.

– Қандай жетістікке қол жеткізсем де әуелі Алла, одан кейін ата-баба әруағының қолдағаны деп түсінемін. Әсіресе ауылдағы аңғал, кеңпейілді жандардың жүзі көз алдыма тұра қалады, – дейді генерал-майор ағынан жарылып.

Жұлдызы жарқыраған жерлесіміз жуырда туған ауылына ат басын бұрып, қуанышын көппен бөлісті. Өзі білім алған мектепте өзіне арналған бұрышты көріп, ұстаздарына ризашылығын білдірді. Жастармен жүздесіп, ақыл-кеңесін берді. Ауылдастары генерал ұлдарына ат мінгізіп, құрмет көрсетті.

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ордабасы ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ