Қос ұстаз...

Қыркүйек 11 / 2018

 

Мүсілім Абировтың есімі түлкібастықтарға кеңінен таныс. Бар ғұмырын ағарту саласына арнаған ұлағатты ұстазды түлкібастықтар ерекше құрмет тұтады. Аудан орталығындағы бір көшеге сол кісінің есімі берілген.

 

1950 жылы түсірілген мына суретте Мүслім ағаның әскерден оралған сәті бейнеленген. «Мені 17 жасымда Мүсілім атқа мінгестіріп алып қашты. Ол

18 жаста болатын. Екеуміз де мұғалімбіз. Сөйтіп, 1944 жылдың жазында Қарабастаудан Жаңаталапқа келін болып түстім. Үйленген соң Шақпақтағы Высокое мектебіне жұмысқа тұрдық. Екі ай өтпей жатып, Мүсілім майданға аттанды. Енем Күлширамен бірге жолдасымның ауылына көштік. Содан ол әскерден араға 6 жыл салып 1950 жылы бір-ақ оралды. Ол күн біздің отбасымыз ғана емес, бүкіл ауыл үшін үлкен мереке іспетті болды. Мына суретке сол қуанышты күні екеуміз орталықта бірге қыдырып жүріп түскен едік...

Шаңырағымның берекесі болған отағасымен бірге мағыналы ғұмыр кешіп, саналы ұл-қыз тәрбиелеп, еліме қызмет еткеніме ризамын» деп Жолтан анамыз өткен күндерін жиі еске алып отыратын. Бүгінде екеуі де өмірден озған. Бұл суретке аттай 68 жыл өтіпті. Екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, өсіп-өнген үлкен әулетке айналды. Балаларының барлығы да оқып, белді қызметтердің басында жүр. Зейнетке шыққандары да бар.

Мүсілім ағай мұғалім бола жүріп, педагогикалық білімін одан әрі жетілдіріп отырған. Өзінің ақыл-парасатының тереңдігімен, қарапайымдылығымен, кәсіби шеберлігімен өзгелерден оқ бойы алда тұрған азамат болатын. Ұзақ жылдар түрлі мектептердің директоры болып еңбек етті. 20 жыл бойы аудандық білім бөлімін басқарған Мүсілім Абиров еселі еңбегінің арқасында КСРО, ҚазКСР халық ағарту қызметінің үздігі атанды.

Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ