«Көне Түркістанға жаңа леп сыйлау – қасиетті парызымыз»

Қыркүйек 08 / 2018

 

дейді облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев

 

Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдері Ж.Түймебаев пен Ғ.Әбдірахымов арасында кәсіпкерлікті, әлеуметтік инфрақұрылымды, ғылыми-техникалық, гуманитарлық байланыстарды дамыту жөнінде өзара меморандумға қол қойылды.

Мұның алдында облыс басшысы Түркістан қаласын дамыту және инвестиция тарту бойынша аудандық мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлік қауымдастықтарының басшыларымен кездесу ұйымдастырған болатын. Онда Жансейіт Қансейітұлы облыс орталығын дамыту концепциясымен таныстырды. Келген қонақтар осында іскер азаматтар үшін дайын тұрған жоспарлар, алдағы тірліктер және жаңа мүмкіндіктер туралы жан-жақты мағлұматтар алды. Солардың арасында өз жоспарын батыл жүзеге асыруға кірісіп кеткендер де бар. Ж.Түймебаев Президенттің жаңа облыс орталығын дамытуға шақырған үндеуіне алғашқылардың бірі болып үн қосқаны үшін Н.Балабиев пен С.Сейтжановқа алғыс білдірді. Олардың іс-әрекеттері кәсіпкерлердің осында түркі әлемінің мәдени орталығын құруға ынталандырып, жүректеріне от жағуы тиіс.

– Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өзімізге тартып ала алмаймыз. Ол әрі әдепке сай емес, әрі нәтиже бермейді. Түркістанда халық- аралық деңгейдегі мәдени шараларға, рухани дамуға көңіл бөлеміз, – деді Ж.Түймебаев. – Қаланы өркендетудің өзегі туристік саланы дамыту болуы тиіс. Жылына миллион саяхатшы келеді, ол Түркістан мен оның айналасына тастап кеткен миллиард доллар деген сөз. Облыстың екі бюджеті! Мұнда туристерді тартуға барлық мүмкіндік бар. Түркістаннан бөлек Сауран, Арыстанбаб, Отырарды тамашалауға болады. Түркістанның туристік орталығы, әлбетте, тарихи-мәдени Ясауи кесенесінің маңайында шоғырланады. Мұнда түркі әлемінің көне қалаларының макеті орналасқан ашық аспан астындағы музей, Орта Азия халықтары мен түркілердің мәдениетінен сыр шертетін түрлі жәдігерлер болады. Алда маңызды археологиялық жұмыстар күтіп тұр. Мұндағы идея – туристердің ортағасырлық қаланың мәдениетіне еніп кетуіне жағдай жасау. Түркістандағы сервис пен инфрақұрылым заманауи талаптардың бәріне жауап беруі тиіс. Әртүрлі баға мен талғамдағы дәмхана, ресторан, жәдігерлер дүңгіршегі, қолөнер шеберханалары Стамбулдағыдай әр қадам аттаған сайын алдыңнан шығып отыруы керек. Туристер осында өздерінің ақшаларын ризашылықпен жаратуы тиіс. Сондай-ақ, ең қажеттісі әжетханалар қолжетімді жерде және саны көп болуы керек. Қысқасы, туристер үшін барлық жағдай жасалуы қажет. Сонымен бірге, қаланың қонақүй жүйесін жақсартып, аясын кеңейту маңызды мәселеге айналып отыр. Қазір Түркістанда халықаралық санаттағы үшінші және төртінші жұлдыз деңгей аралығындағы қонақүйлер ғана бар. Үкімет делегациясын, мәртебелі меймандарды қабылдауға лайықты ғимарат қажет. С.Сейтжановтың «Rіxos» қонақүйінің құрылысы – алғашқы нысан. Жер телімін бөлу мен коммуникация тарту мәселесі шешіліп қойған.

Қала аумағындағы каналдар мен су қоймаларын, арық жүйелерін қалпына келтіру қажет. Олар шаһардың микроклиматын жақсартып, егілген жасыл желекті сумен қамтамасыз етеді. Қаланың айналасында «жасыл белдеу» қалыптастыру көзделуде. Бұл – Түркістанның болашақтағы басты жоспарлары. Оны жүзеге асыру үшін облыстық әкімдік пен мәслихат ірі жобаларға жергілікті және шетелдік инвесторларды көптеп тартатын болады.

 – Бізде Түркістанды дамытудың қағидасы жасалған, – дейді облыстың бас сәулетшісі Е.Жүсіпов. – Аумақтар бөлінісі мен қала құрылысының жалпы стилі анықталған. Қай нысан қай жерде орналасатыны шешіліп қойылған. Әуежай қаланың солтүстік-батыс аймағында орын теуіп, орталықтағы автомобиль және теміржол вокзалдарымен жылдам көлік жолдармен байланыстырылады. Көліктерді қаланы оңтүстіктен айналдырып өткізу жоспарлануда. Салынып жатқан тұрғын үй алабын кесіп өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі 45 шақырымды құрап, қаланы транзиттік көлік тасымалын азайтуға мүмкіндік береді. Қыркүйек айының соңында облыс әкімі байқауға ұсынған қаланың бас жоспары бойынша түрлі жобалар қарастырылады. Солардың ішінен ең ұтымдысын таңдап аламыз».

Алғашқы кезекте облыс және қала әкімдігі қарапайым мәселелерді шешуге кіріседі. Түркістанға ең бастысы, жаңа инженерлік жүйелер, жол, байланыс қажет. Осылардың көш басында газдандыру мәселесі тұр. Қаладағы құрылысты қалпына келтіру мәселесі де ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Ж.Түймебаев қалада жетпіске жуық тойханалардың барын тілге тиек етіп, түркістандықтардың іскерлігін атап өтті. «Тойхана, әрине, керек. Бірақ, уақытты мерекелік дастархан басында өткізуді қысқарту қажет. Нағыз жұмыс істейтін уақыт келді. Оның үстіне көп мезгіл бос тұратын мұндай ғимараттар тиімді емес. Оларды қалай халық игілігіне жарату жағын ойластырған жөн. Мүмкін онда әртүрлі клубтар мен өзге де мәдени мекемелерді орналастырған дұрыс шығар» деді әкім.

– Күн тәртібінде тұрған Түркістанның инженерлік жүйелерін дамыту мәселесі біртіндеп шешіліп келеді, – дейді қала әкімі Ә.Өсербаев. – Ол – сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мен кәріз су жүйесін жүргізу ісі. Қалаға қажетті 48 мың текше метр су бірнеше көздерден алынуда. Ауызсу Кентау–Түркістан су таратқышы арқылы екі бағыт бойынша Мырғалымсай су көзінен 225 метр биіктіктен өздігінен ағып келеді. Қаладан 6 шақырым қашық оңтүстік-батыс бөлігінде 5,5 млрд. теңгеге тазарту нысанының құрылысы аяқталды. Кәріз су жүйесінің құрылысы қаланың бүгінгі бас жоспарына сәйкес жүргізілді. Қалалық 54 магистральдық кәріз су желісі қосымша 76 шақырымға ұзартылып, 27 сусорғы стансасы салынды. Қазір оның қуаттылығы тәулігіне 5-6 мың текше метр шайынды суды құрайды. Әрі қарай ішкі орамдық желілердің құрылысы мен оларды кеңейту жұмыстары қаланың өсіміне қарай жаңа бас жоспарға сәйкес атқарылатын болады».

Түркістанды дамытуға байланысты жобаларға бүгінгі күннің өзінде Индонезия, Ресей, Түркия және Оңтүстік Корея елдерінің инвесторлары қызығушылық танытуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры А.Әбубәкіров Түркістанға инвестиция тартудың жеті басты бағыты әзірленгенін атап өтті. Бұл – алдымен шаһардың туристік және көліктік әл-ауқатын күшейтуге бағытталған жобалар. Осы ретте облыс әкімімен агроиндустриалды парк құру жөнінде келісім мақұлданған. «Оңтүстік» АИО мен ӘКК жобаларды қаржыландырудың бағдарламасын дайындауда. Табысты бастамаға қаржысын құятын жас кәсіпкерлер де табылуда, сондай-ақ, Түркістанда шағын және орта бизнесті дамытуға қызықты идеялар бар.

Кезінде табысты кәсіпкер болған бүгінде облыстық мәслихаттың хатшысы Қ.Балабиев Түркістанға аз уақыттың ішінде мол инвестиция тартуға болатынына сенімді. Әсіресе, ол шаһарды қалпына келтіру мен қайта салудың алғашқы кезеңінде өте қажет болып тұр. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары осы іске белсене кірісуде. Облыс бизнесмендеріне үндеу тастаған Қайрат Рақымұлы алдымен өзі бастап көпшілікке нақты ісімен үлгі көрсетті. Түркістанда жүзеге асырылатын алғашқы жобалардың бірі фитнес-орталық, мектеп пен балабақша құрылысын баласы Нұрсұлтанның компаниясы жүргізбек.

– Біз тарихи маңызы зор шараға атсалысуға өңірдің барлық депутаттарын шақырдық, – дейді облыстық мәслихат хатшысы Қ.Балабиев. – Өйткені, Түркістанның дамуы туралы жоспарлар мен идеялар барлығының құлағына жетуі тиіс. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде Президент отандық бизнеске барлық жағдайды жасап берді. Жеңілдіктер, несиелер, субсидиялар – мемлекеттік қолдаудың барлық түрі мыңдаған кәсіпкерлерге аяқтарынан тік тұруға, өздерінің ісін дамытуға көмектесті. Енді олардың да мемлекетке жұмыс істейтін, қолдарындағы барын ұсынатын кезі келді. Түркістанда ауқымды құрылыстар басталды. Кәсіпкерлер осыған атсалысып, осында, жаңарған Жібек жолының маңызды аймағында өз бизнестерін ашып, табыс тауып өркендеуге мүмкіндіктері бар. Мемлекет басшысының алға қойып отырған маңызды міндеті – жаңа облыс орталығын жандандыруға кәсіпкерлерді, соның ішінде, Түркістан өңірінің іскер азаматтарын көптеп тарту. Көне Түркістанға жаңа леп, жаңа тыныс беру – біздің ортақ ісіміз. Әрі мемлекеттің жедел дамуының көрінісі, оның түркі әлеміндегі биік абыройы, Қазақстан халқының өткені, бүгіні мен келешегінің бекем бірлігін паш етер мақтанышы. Кімнің тағдырына ұлы істерді атқару жазылса, ол соған шын мәнінде лайықты болуы шарт. Бірінші болу қай кезде де оңай емес, бірақ, ол сонысымен де қызық әрі абыройлы. Мен облыс тұрғындары, әсіресе, кәсіпкерлер шынтуайтына келгенде тарихи оқиға саналатын осынау маңызды бастамаларға үн қосып, қолдау білдіріп, біздің өңір талантты да жігерлі азаматтарға бай екенін тағы бір мәрте дәлелдейтініне сенемін».

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ