Экономика 0 пікір 1962 лайк

Шаруа шүкірінен танбаса, қыркүйек жайлы болмақ

Қыркүйек 08 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ауа райы биыл шаруаларға қолайлы болмады. Көктемде жауын жаумай, соның салдарынан көк шықпай қалды. Диқандар еккен егіндеріне су жеткізе алмай қиналса, мал баққан шаруа қысқы мал азығын жинауда біраз әбігерге түсті. Көпшілігі көктем бітпей жатып жайылым қурап кеткен соң малдарын сатуға мәжбүр болды.

 

Табиғат күзге салым шаруаларды тағы да бір сынап көргісі келгендей әсер қалдырды. Қыркүйектің алғашқы күндері күн күрт суытып, жел соғып, жұрт дем арасында бүрсең қағып, сандықтан жылы киімдерін шығара бастады. Күз басталмай жатып ауа райының салқындауы, әсіресе, шаруаларға ұнай қоймағаны анық. Әлі мақта терімі бар, мақсары орылып жатыр, көптеген ауыл шаруашылығы дақылдары түгел жиналып бітпеді. Осындай кезде табиғаттың тосын мінез танытуы фермерлерді біраз әбігерге салғаны рас. Күннің күрт суытуы айналып келгенде бағаға да кері әсер тигізеді.

Алаңдауымызға негіз де жоқ емес. Кешегі салқында Қазақстанның солтүстік өңірлерінде түнде аязды температура орнады. Шығыс Қазақстан облысында тіпті қар жауды. Синоптиктердің болжауынша, еліміздің солтүстік аймақтарында суық ауа әлі бірнеше күн сақталатын көрінеді. Ал, біздің облыста ауа райы қаншалықты салқындады? «Қазгидромет» РМК Түркістан облыстық филиалының инженер-синоптигі Арайлым Маханованың айтуынша, солтүстік-батыстан келген антициклонға байланысты Түркістан өңірінде күн күрт суытқан. Таулы және солтүстік аудандарда түнгі температура +5 градусқа дейін төмендеді. Күндіз +10, +12 градус жылылықты көрсетті. Дегенмен, А.Маханова қыркүйек айы шаруаларға жайлы болатынын айтты. Алғашқы онкүндікте күн сәл салқындау болғанымен екінші, үшінші онкүндіктерде күн жылынбақ. Күндізгі ауа температурасы +32 градусқа дейін көтеріледі екен. Дегенмен, екінші онкүндікте таулы аудандарда өткінші жауын жауып, жел соғып, найзағай ойнауы мүмкін.

Қазір диқандар жиын-терім науқанына қызу кірісіп кетті. Солардың бірі «Жұлдыз» өндірістік кооперативінің басшысы Әлібек Арыстанбай қыркүйектің әрбір қолайлы сәтін пайдаланып қалуға тырысуда. Биыл 650 гектарға мақсары, 250 гектарға бидай еккен. Бидайын орып алды. Ендігі кезек – мақсарыда. Майлы дақылды қыркүйектің аяғына дейін орып бітірмек.

– Жылда бидайдан гектарына 22-24 центнерден өнім алушы едім. Осы жылы гектар берекелілігі 8-ақ центнерден айналды. Құрғақшылықтың кесірінен далада шөп қурап кетті. Мақсарыға орақ түскеніне 2 апта болды. Әлі 400 гектар оруымыз керек. Өнімділігі әзірге жаман емес. Гектарына 7 центнерден түсуде. Бұрынғының адамдары ауа райының қалай болатынын табиғатқа қарап болжай алған ғой. Көктемнің басында Сайрам ауданына бір құдайы тамаққа барғанымда қариялардың «наурыздың жиырмаларында жерге шық түсті, енді егін шықпайды, бірақ жеміс-жидекке ешқандай кесірі тимейді» деген әңгімелерін естіп, сенбеген едім. Құдайдың құдіреті, болжамдарының дәл келгенін қарашы. Таулы аудандарда диқандар бидайдан, мақсарыдан сәл де болса өнім ала алды. Ал, етектегі ағайындардың еккен бидай, мақсарылары шықпай қалды. Сол дастарқан басында қариялар мұндай қуаңшылық аракідік қайталанып тұрады деген еді. Құдай қаласа, келесі жылы жауын молынан жауып, табиғат бізге қарасатын шығар, – деді ол.

«Балапанды күзде санайды» демекші, биылғы ауа райының жайсыздығы ауыл шаруашылығына қаншалықты зиянын тигізгенін күзгі жиын-терімнен соң белгілі болатын шығар. Алда қыс келе жатыр. Бұл да мал ұстаған шаруаға бір сынақ болғалы тұр. Қалай болғанда да

Құдай шүкірліктен айырмаса, бұл қиыншылықтан да аман-есен өтіп кетерміз!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ