Руханият 0 пікір 1961 лайк

Мархабат музасы

Қыркүйек 08 / 2018

Қали СӘРСЕНБАЙ

 

Мархабат Байғұт шығармашылығының атап айтар ерекшелігі көп. Қайсыбір дүниесін оқысаң да әсерсіз қала алмайсың. Тұла бойың тебіреніс күйін кешіп, Махаңның махаббатына, мақамына шомыласың. Іші-бауырыңа кіріп кетіп, жан-дүниеңді аралап жүріп жазатын жазушы ғой. Тіпті, есіңнен шығып кеткен есті күндерді есіңе түсіріп елжіретеді. «Қош бол, кітап…» атты әңгімесін оқығанда осы әңгіме шыққан «Егемен Қазақстанның» бетінің жиегінен орын қалдырмай, әсерімді шимайлап жазып тастаппын. Сол әсердің бір үзігі былай:

Бала күнімдегі бір жағдай әлі күнге есімнен кетпейді. Мектептен келе сала сол үйге баруға асығатыным-ай! (Махаңның мақамымен де сөйлеп қояйын). Телміріп сол жаққа қараймын да жүремін. Ондағы ойым ағай сыртта жүр ме екен деген дәме. Егер ағай үйде болса жетіп барғым бар. Ағайдан бұрын үйде үлкен кітапхана бар. Есіктен кіргеннен кітап. Менің бала көңілім сол жаққа қарай алып-ұшып тұрады. Ол кезде оқуға деген құмарлық аса бір қалыптаса қоймаса да, кітапқа деген құштарлық, қызығушылық алабөтен еді. Қазіргі күнге қарағанда, ол заманда оқу мәселесі шешілгендей еді ғой. Жазушылардың бәрі оқылатын. Ауыл кітапханасынан іздеген кітабыңды табатынсың. Әсіресе, көркем әдебиет көп оқылатын. Тіпті, солай бола тұрса да, қазіргі жастар кітап оқымайды дейтін әңгіме сол кезде де айтылып қалатын. Бірақ, мен үшін осы ауылдағы жалғыз оқырман, жалғыз кітап жанашыры сол ағай болатын. Ол әдебиет пәнінің мұғалімі еді. Басқа-басқа, оның сабағынан қалу, кешігу деген атымен болмайтын. Тек қана ағайдың сабағы бола берсе екен, бар пәннен осы кісі оқытса деп ойлайтынбыз. Ол бізге тек әдебиетті ғана оқытып қоймайтын, біз класс толы бала күй тыңдайтынбыз. Мәселен, Ілияс Жансүгіровтің «Күй», «Күйшісін» оқытқанда патефоннан қобыздың сарыны есіп тұратын. Міне, біз сөйтіп оқығанымызды ұмытпайтын жағдайға жеттік. Мектептен қайтқан мен осы әсерден арыла алмай сол үй жаққа күн ұзаққа қарайлап жүретінмін. Тіпті, ағайдың үйі біздің үйдің қасында болғанын айтсайшы. Ақыры мендегі алып-ұшып тұрған көңіл сол үйдің алдына алып барады. Тіпті, ауылдағы ең қабаған ит сол үйде екенін ұмытып кететінмін. Ол біздің ауылдың рухани шырақшысы еді. Бүгінде де солай болып қалды. Ауылдағы ең көп оқитын адам сол еді, қазір де сол болып қалды. Ол осы ауылдан шыққан дарынды балалардың бәрін қанаттандырған республикамызға белгілі қаламгер Пернебай Дүйсенбин болатын.

«Қош бол, кітап…» әңгімесін оқығанда сол күндердің көрінісі осылайша еріксіз көз алдыма келе қалды. Тура біздің ауылды суреттеп отырғандай. Қазір бірлі-жарымы болмаса, бұл ауыл да кітаппен әлдеқашан қоштасқан. Әңгімедегі жазушының көкесі, оқымаған кітабы жоқ жездесі, нағашы көкесі соңғы оқырман – ұстазымызды еске түсірді. Қазір ауылға кітап бармайды, барының өзінің бетін ашып жатқан тірі пенде жоқ. Бір кітап шықса, ауылдан сол жалғыз адам – ұстазымыз «алып қой, иә, біреуден беріп жібер» деп телефон шалады. Заматында орындаймыз. Міне, осындай жағдай. Қазір тұтас ауылдар кітап оқымайды. Оқу тоқтаған жерде ой да тоқтайтыны, тоқырайтыны әзелден мәлім тәмсіл. Бір ғана әңгіменің өзі бір дәуірге саяхат жасатты. Сол бір қазына толы үйді – кітапхананы еске түсірді. Күні бүгінге дейін қаншама кітапхананың есігін ашқан болармыз-ау, бірақ алғаш оқуға деген құштар, құмар көңілдің бастауы, ой, сыр әлеміне жасаған алғашқы талпыныстың куәсі болған сол кітапханаға ештеңе жетпейді. «Моя родина там, где моя библиотека» деп сірә, тегін айтылмаса керек.

Жазушы шығармаларының оқылымды, тартымды болуының көп сырының бірі оның жазу мәнері, ізденісі бөлек. Бұл әңгіменің хат түрінде жазылуы да бірден тарта жөнеледі. Жазушы ұмытылып бара жатқан эпистолярлық жанрдың құсни түрін де амалын тауып, есіңе сала кетеді. Әңгіменің мына бір тұсын оқып алайықшы.

«Ауылдастармен аралық алшақтап бара жатты. Бірте-бірте бұл жұртыңыз көпе-көрінеу келемеждеп-кекетпекке көшкен. Сіздің жиеніңізді. Кекесін кернеген. Саналарды. Санасыздарды. Оқымақты доғарғандар ақымақтанбаққа кеткен. Шынымен-ақ көркем кітап оқу, ақын-жазушылар туралы айту, өлең мен әңгіме, хикаяттар мен романдар хақында пікірлеспек ерсі саналар кезенейлі кезең де келіп жеткен. Еліңізге. Оның ішінде Үйгентасыңызға. Жылдар жылжыды. Сулар сусыды. Кітаптан көз жазып қалғандар топастана түсті. Жалғыз қалдым. Оқырман ретінде. Көке! Көркем дүниелердің сәулесін сезе алмайтындарды жездеңіз қатты мүсіркеуші еді ғой. Мүсәпір санайтын. Ендігі тобырлар, дос-жарандарыма дейін, мына мені мүсәпір көріп, қашқақтайды. Өзіңіз де өмір бойы меңзеп-мәністеп, мейірімді жүдетіп, жоғалтып алмауға үндеп келесіз ғой. Қорқыныштарым мен қауіптерім қалыңдап, қабыздап бара жатты, нағашы. Құлақтарыма шаншу боп қадалып, ысқыра ышқынатын шуыл үдеген. Мейірім мен махаббат, сезімталдық күн өткен сайын жүдеп-жадап бара жатқандай, жездеңізше шошынатын кездерім көбейді».

Солай кеше бізді тайлы-таяғымызбен тәрбиелеген әдебиет бүгін бізден қашып барады. Құндылықтар қашып барады. Әдебиеті жоқ елден әдеп те жоғалады. Бәзбір ғылыми сараптамалардың қорытындысына сүйенсек, әдебиет көп оқылатын елде қылмыс болмайтын көрінеді. Әдебиет оқылмаған жерде тобыр қалыптасады. Тобыр (социум) мен тұлға (индивидум) арасы қазір алшақтап кетті. Бұрын ауылдың баласы мектептен қазақ түгілі шетел әдебиетін оқып келіп, университеттің профессорын жаңылдырып отыратын еді. Әдебиеттің күші осылай болатын. Бәрімізді әдебиет тәрбиелеген.

Міне, Мархабат музасы, қасіретті муза, мөлдір мұңлы муза. Кітаптың бүгінгі кісі ойламаған жағдайын сөз етуден артық қандай қасірет болмақ!? Кітаппен қоштасу, бұдан артық қасірет бола ма? Оқымаған ел кімнен озбақшы, қарап жүріп тозбақшы. Әдебиет, әсіресе, өнер өшсе, тек заң үстемдік етсе ел кіндігінен ажырап, тобырға айналатынымыз бесенеден белгілі.

Кешегі кеңес әдебиетінде жағымды, жағымсыз кейіпкер деген болушы еді. Бұл да адамдардың арасын алшақтатып, уақыттың ағымымен туған қолдан жасалған, ойлап тапқан пікір тәрізді. Қарап отырсақ, Мархабат жазушы өз кейіпкерлерімен, солардың ортасында өмір сүреді. Алайда, шебердің аты – шебер. Оның кейіпкерлерін жағымды, жағымсыз деп бөле алмайсың. Себебі, жағымсыз кейіпкерлеріне де жаның ашып отырады. Ол қаншалықты шығайбай, алаяқ, қу болса да оны сондай адам болғаны үшін де аяйсың.

Кейіпкерлері де өзі сияқты талантты, дарынды. Адам ретінде. Мәселен, «Дауыстың түсі» әңгімесіндегі Еңсебек сондай. Мұндай ойды айтқызып отырған да жазушының шеберлігі. Сіз кейде кейіпкерді ұмытып, сол тақырыптың, оқиғаның ішіне кіріп кетесіз. Қарапайым қисынға салсақ, дауыстың түсі деген бола ма? Жарайды, заттың түсі, аттың түсі, т.б. делік. Ал, дауыстың түсін білесіз бе? Осынау терең философиялық категорияны ғалымның талдауында оқысаңыз, әсіресе, қарапайым оқырман бірдеңе түсініп жарытпас еді. Жазушының шеберлігі сонда, тосын құбылыстар, детальдар арқылы кейіпкер болмысын есіңізден кетпестей бедерлейді. Оқиық.

«Содан былай шындап күлмейтін. Рақаттана күлетіндерге меңірейе, кейде бедірейе қарайтын. Уақыт өте келе көп нәрседен сол өлі жымиысы арқылы өш алатын. Қанағат та табатын секілді».

«Сөйлеуін бірдеңе етер, дауыстың түсі қиын-ау!

Қатты бедірейгенде астыңғы ерні үстіңгі ерніне, үстіңгі ерні астыңғы ерніне жетпей, жете алмай, көгереңдеп, сөзі қабыспай қалушы еді. Қазір де еріндерінің жыбырлап кетіп, артынша дірілдей бастағанын байқады. Бұл жерде, бірақ көгереңдеуге болмайды. Жұрт секілді есіліңкіреп бастап, кесілте жөнеліп, дауысты дірілдете, көзге жас алғандай болып аяқтау керек. Сонда дауыстың түсін ешкім аңдай алмайды».

«Дауыстың түсі болады деп бір жерден оқығалы өз даусынан өзі қорқады. Тап қазір дауыстың түсін көрер ме еді. Ондай түр-түс жоқ шығар. Егер адамның көзіне көріне қалса бар ғой, мұның даусының түсінен адам бірден инфаркт болар. Иә-иә, инфаркт болар. Өзі қорқатын сияқты. Әрине, өзі емес, өзгелер дауыстың түсінен хабардар «сауаттылар» біліп қоя ма деп сескенер. Өзге бояу керек».

«Адам керек екен ғой, аға-йе-ен…». Күңіренген күбір ыңырсыған ыңқылға қалай ауысты? Ойлануға уақыт жоқ. Линия бос екен. Қыздар тез қосты. Мұның даусының түсінен шошыса керек».

Сонымен қатар, кейіпкер болмысын дауыс түсімен ашуда «өлі жымиыс», «дұрыс күле де алмайды», «күңгірт күбір», «күңіренген күбір» деген сөз тіркестері арқылы ойнатып береді. Адамды даусы арқылы балгерге жүгініп, психологқа бармай-ақ осы туынды арқылы да танып ала қоясың.

«Кісінің келбеті, мінез-құлқы – бұл оның кім екенінің кепілдемесі, өзі туралы ашық хаты іспеттес» депті Шопенгауэр деген кісі. Осы сөз біздің Махаңа арналып айтылғандай. Әр кейіпкердің өз орны, өз болмысы бар десек те жазушы ізгілік, мейірім жағында. Қаламгер, ең алдымен, ауруды емес, адамды емдеуге кірісіп кетеді. Ол – рухи ем. Махаң кез келген туындысына бар махаббатын, мейірімін төгеді. Өмірге ізгілікпен қарасаңыз, басшы болсаңыз ізгілікпен басқарсаңыз, бизнесмен болсаңыз қайырымдылықты ойласаңыз, малшы болсаңыз мал боп кетпеуді ойласаңыз керек. Жазушының жеңісі, ізгіліктің жеңісі осы. Адамдардың тағдыры қандай ұқсас. Бірақ, ол сол ұқсастықтардың жетегінде кетпей өмірдің өз бояуын өрнектеуде соны сүрлеу салады. Егер қаламгер туындыларына суретші көзімен қарасаңыз, ол сізге парасат-пайым полотносы болып та әсер етеді. Парасатты проза бұл. «Гамбургтегі қазақтардағы» сұмдық юмор, қазақы қалып. «Әпкемнің ауылындағы» Үрниса әпкенің бойындағы оптимизм, бауырға деген қамқорлық. Бәріміздің басымыздағы жағдай ғой.

Шіркін дейсің, кейде осындай қаламгердің шығармаларын оқып, одан алған әсеріңді (жақсы дүниенің кереметі сол – кісіге түрлі ой салып, өрісіңді кеңейтеді ғой) бұрқыратып жазып отырсаң ғой. Сондай насихатшысы, мықты сыншысы болған жағдайда ғана бүгінде әдебиетте қаптай бастаған неоклассиктермен күрес тәсілі күшейе түсер еді-ау. Оның әңгімелері тек адамгершілікке негізделген өмірге ғана құрылмайды, ондағы кейіпкерлер тағдыры арқылы сіз өміртану мектебінен өтесіз. Өмір шындығы мен өнер шындығы қоса жымдасқанда сіздің батыл шешім қабылдауыңызға жол ашады. Мысалы, «Ауыл клубының аукционы» әңгімесіндегі клуб меңгерушісі Еңсегейдің көз жасын қалай сүрткіңіз келгенін аңғармай да қаласыз. Міне, көркемдіктің, көркем шешімнің құдіреті. Одан әрі өзіңіз де еңкілдеп жылайсыз. Қазір әлемде «голландық тәсіл» деп аталып кеткен тәсіл оның қанын қайнатады. Өз құндылығын қорғап қалу үшін өзіміздің менталитетімізге сай шешуге болмай ма? Мұндай даулы мәселелерді шешудің өзімізде де бұрыннан қалыптасқан үздік үрдісі болғанын неге қаперге алмаймыз?

Қысқасы, мәртебелі сыйлыққа ұсынылған «Әпкемнің ауылы» жинағындағы туындылардың қай-қайсысы да болсын үлкен рухани олжа, табыс. Бірде Асқар Сүлейменовке біреу: «Мұқағалидың таңдамалысын шығарғалы жатырмыз» депті. Сонда Асекең: «Оның туындыларының бәрі таңдамалы ғой, қайсысын айтасың?» депті. Сол айтпақшы, бәрі де таңдамалы бұл туындылардың төрт аяғын тең басқан жорға екеніне дау жоқ. Ең олжалы туынды оқырманды ойландырған туынды.

Марк Твен ХХ ғасырда оқылатын тек әңгіме ғана болады депті. Мүмкін. Ал, енді А.Камю деген мықты «Қарапайым жазатындардың оқырманы көп болады, күрделі жазатындардың түсіндірушісі болады» депті. Сірә, осы қисын құлаққа кіреді. Қалай болғанда да М.Байғұт – қай кезде де, қай ғасырда да оқылатын жазушы. Жазушы шығармашылығында көбірек кездесетін юмор тілімен сөйлесек, елдегі бір ағамыз «біз өзі көп емеспіз ғой» деп сөйлеуші еді. Сол кісі айтқандай, мұндай жазушылар көп емес. Кейбіреулердің «Астанаға, әдеби ортаға барамын, болмаса жоғалып кететін болдым» деген пікірін елемеген ол өмірбақи ел ішінде тұрып-ақ елге танылды. Танытқан таланты. Мұндай қаламгерлер қай кезде де атақ дегенді елең қылмайды, атақтың өзі оны іздейді. Енді, міне, жылдар жылжи келе еліміздің бір мәртебелі атағының да оған пейілі ауған тәрізді. Демек, еңбек бағалануы керек. Бұл өзі әдебиетті сүйген елдің ықыласымен де сабақтасып жатқандай жағдай болып көрінді бізге.

Әдебиет – ар азабы. Сол азаппен алысқан, арпалысқан жазушы келеді көз алдыма. «Азаппен келген даңқ мәңгілік» дейді Қадыр ақын. Ендеше, Мархабаттың мәңгілік музасына қол соғайық, мырзалар! Сонда кітаппен қоштасудың әлі ертерек екенін терең сезінесіз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ