Бір әулеттің ұйытқысы

Қыркүйек 08 / 2018

 

Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылында тұратын Гүлдариха Тәшенова – өмірге 11 ұл-қыз әкеліп, олардан 45 немере, 26 шөбере сүйіп отырған әзіз әже. Ол әкесі соғысқа аттанғанда анасының құрсағында қалған екен. Кейін жұрттан «Ұл болғаныңда әкеңнің аты өшпес еді-ау, жалғыздан қалған тұяқ» деген сөздерді жиі естіп, әке есіміне дақ түсірмеуге іштей бекініпті. Сондықтан болар «темір тұлпарды» ерте тізгіндеп, намысын қайрап, озат механизаторлар қатарынан көрінеді.

Гүлдариха апа 1964 жылы өзі секілді озат механизатор Расул Төлендиевке тұрмысқа шығады. Өмірдің қуанышы мен қиыншылығын 34 жыл бірге бөліскен отағасы да атадан қалған жалғыз ұрпақ екен.

– Адам алпыстан асқаннан кейін бұл өмірден не ұттым, неден ұтылдым деген ойлар мазалай бастайды екен. Біз отағасы екеуміз кеңшарда еңбек еттік, бала-шаға тәрбиеледік. Енді қартайған шағымызда осылардың рахатын бірге көреміз бе дегенде отағасын ажал арамыздан алып кетті. Бірақ, шүкір, бүгінде балаларымыз абыройлы қызмет етіп жүр. Әке жолын жалғаған ұлдарыма ризамын, – дейді абзал ана.

Әулеттің үлкен ұлы Бекасыл – Шымкенттегі «Азамат-R» компаниясының президенті. Төлендиевтердің жетекшілігіндегі «Лидер-НК», «Азамат-R», «Арт-құрылыс», «Түркістан жол - сервис» компаниялары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ел үшін игілікті істер тындыруда.

Төлендиевтер отбасының мүшелері кіндік қаны тамған мекенге көмек көрсетуді перзенттік парызымыз деп санайды. Мәселен, олар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қарабастау елді мекеніне саябақ, «Белгісіз солдат» монументін және «Ана мен бала» аллеясын салып берді.

Сондай-ақ, бүгінде ауылда 100 орынды балабақша мен жабық спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Бүтін бір әулеттің татулығы мен бірлігінің ұйытқысы болып отырған Гүлдариха апа 3 рет Меккеге қажылық сапарға барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтыпты.

Қазығұрт ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ