Жақсының жақсылығын айтсаң, нұры тасиды

Қыркүйек 08 / 2018

 

Қазіргі кезде қоғам қатыгезденіп барады дегенді жиі естимін. Өйткені, теледидардан, интернеттен беріліп жатқан ақпараттардың дені «ұрып кетті», «жарылыс болды», «адам өлтірді» деген сияқты жағымсыз хабарлардан тұрады. Оны көрген адамның жүрегі қараймағанда, кімнің жүрегі қараяды?

 

Өмірдің жақсы қырларын, ізгі қасиеттерді, ұлттық құндылықтарды көбірек насихаттасақ, жастар содан үлгі алмай ма деп ойлаймын. Түркіменнің ұлы шайыры Мақтымқұлыдан «Жақсыға ерсең, гүлдей ашар көзіңді, жаманға ерсең суқараңғы боларсың» деген сөз қалған. Сол айтқандай, өмірде мен жақсы адамдарды көп жолықтырдым. Солардың ақыл-кеңесін көп тыңдадым. Олар қиналғанымда қол ұшын берді, сүрінгенде демеу болды.

Кешегі кеңес заманында буряттар елінің астанасы Улан-Удэде әскери борышымды өтеп келген соң Семейге жол тарттым. Осындағы ағам сол Семейдегі танысына тілдей хат жазып берді. Ол кісі зооветеринарлық институттың кафедра меңгерушісі, оқулық, кітап жазған үлкен ғалым екен. Сол кісіге жолығып, «осында оқуға түсуге келдім» дедім. Ол да бір инабатты адам екен, қолдан келген жәрдемін беріп, оқуға түсіп кеттім. Бір кездескенімде ол маған «ауылдарыңда қауынқақ бар ма?» деп сұрады. Әкем мал баққанымен, кетпені қолынан түспейтін диқаншылығы да бар еді. Қауын-қарбыз да егетін. Ауылға бір келгенде бір дорба қауынқақ апарып бердім. Ол кісінің сол бір дорба қауынқаққа риза болғанын көрсеңіз! Шынымды айтсам, мен жақсы кісіге жолыққан екенмін. Ағалы-інілі болып, оқу бітіргенше сыйласып кеттік. Сол сыйластықтың арқасында адамзатты емдейтін ветеринария саласынан көп мағлұмат алдым.

Шымкентте тұратын Шәди Ахметов деген ағамыз кезінде шаруашылық басқарған, Қаракөл ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен ғалым кісі еді. Ол ғалым ғана емес, Сүгірдің, Тәттімбеттің, Төлеген Момбековтің күйлерін шебер орындайтын күйші еді. Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» әнін күйге айналдырып тартатын. Ақан серінің «Майдақоңырын» дәл сол кісідей орындаған адамды әлі кездестірмедім. Сол ағамыз кейін Молда Мұсаның жарыққа шықпай қалған, бірақ, ел аузында жүрген өлеңдерін жинап, кітап етіп шығарды. Қазір мырзашөлдіктер сол өлеңдерді жиын-тойларда аузынан тастамайды. Сол үшін Шәди ағамызды ерекше құрметтейді.

Семейден оқу бітіріп келіп, Шардарадағы ауруханаға дәрігер болып орналастым. Мұнда да жақсы кісілермен араластым, дәмдес-тұздас болдым. Кейін отбасылық жағдайыммен Шымкентке ауысқанымда өзіммен әріптес болған бөлім меңгерушісі Сапарғали Бекалисовтың қамқорлығын көп көрдім. Он жыл бірге жұмыс істедік. Сонда қаншама ауыр науқастарды емдей жүріп ашуланғанын немесе біреуге зекіп сөйлегенін көрген емеспін. Мен қанша қиналсам да ағалық ақылын айтып, көмек қолын ұсынар еді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Мен оның жақсы сөзіне жаным семіріп, бір рахаттанып қалатынмын.

Осы бір шағын дүниені жазғандағы мақсатым – өмірде осындай жақсы адамдар көп екеніне көпшіліктің назарын аудару еді. Жақсының жақсылығын айтсаң, нұры тасиды. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр өте шығады. Артыңда тек жақсы ісің, сені соған тәрбиелеген жақсы адамдар ғана қалады. Осыны ұмытпайық, ағайын!

Бақыт ШӘМЕНОВ, зейнеткер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ