Шардаралықтар чемпион жерлестерімен мақтанады

Қыркүйек 06 / 2018

 

Әділ ӘБДІРАМАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қаладағы «ШардараАрмспорт» спорт клубының жанындағы көшеге кілең шардаралық чемпиондардың билбордтары ілінді. Бұл құрмет спорттың қол күресі, гир көтеру және ауыр атлетика түрлері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген спортшыларға арналып отыр.

 

Атап айтсақ, армрестлингтен әлем чемпиондары Қыдырғали Оңғарбаев, Талғат Ақтаев, Шынболат Райханов, Нұрдәулет Айдархан, Мағжан Шәмиев, Ержан Әбілда, Жазира Ақбаева, Талғатбек Рүстембек, Қыдыр Өсербай, Нұрхан Қадыр, Ердәулет Сарыбай, Дәурен Әбсаттар, армрестлинг спортынан әлем кубогының иегерлері Нұрдәулет Сәдуақасов, Медет Құттымұратов, осы спорт түрінен Азия чемпиондары Ғалымжан Қарсыбаев, Ләззат Мәлікайдар мен әлем чемпионатының жүлдегері Медет Оразбеков, гир көтеруден Қазақстан Республикасының чемпиондары Медет Әуесбек, Нұрболат Ергешов, ауыр атлетикадан ел чемпионы Аружан Ерімбеттің жеңісті сәттері билборд бетінен көрініс тапқан.

 «Қазақстанды спорт арқылы танытайық», «Біз салауатты өмір салтын насихаттаймыз», «Шынықсаң шымыр боласың» деген тақырыптармен ілінген билбордтар бірінші кезекте әрбір жасты спортпен шұғылдануға үндесе, екіншіден, олардың бойында жерлес чемпиондарға деген мақтаныш сезімін ұялататыны сөзсіз.

Шардара ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ