Антирекордтар Азиадасы

Қыркүйек 04 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Ұят... Индонезияның Джакарта және Палембанг қалаларында өткен жазғы Азиада ойындарынан кейін аузымызға басқа емес, осы сөз түседі деп кім ойлаған?! Қазақстан спортшылары Азия ойындары тарихындағы өзінің ең төмен нәтижесін көрсетті. Бұған дейінгі Азиадаларда біздің еліміз жалпыкомандалық есепте 4-5-ші орындардан төмен түсіп көрмеген еді. 4 жыл бұрын Инчхонда өткен ойындарда спортшыларымыз 28 алтын, 23 күміс, 33 қола медаль жеңіп алып, құрлық ойындарындағы ең үздік нәтижесін көрсеткен-ді. Сол жылы алғашқы төрттікті түйіндеген Қазақстан құрамасынан биыл да үлкен жетістіктер күткен едік. Алайда, ол үміт ақталмады...

 

Қазақстан делегациясы Индонезиядан 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медальді місе тұтып қайтты. Жалпыкомандалық есепте Азияның 8 мемлекетін алға оздырып, 9-орынға тұрақтадық. Азиада ойындарының жеңімпазы жөнінен де ұлттық құрама кері көрсеткіш көрсетті. Бұған дейін ең кемі 18 алтын медальмен оралатын ел спортшылары бұл жолы бастары төмен салбырап қайтты. Мұның өзін бір антирекорд деуге болады.

Тағы бір антирекордты қазақ балуандары жасады. Олар бұл Азиадада 4 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Бұған дейінгі Азия ойындарында Қазақстан балуандары алтын медальсіз қайтпаған.

Жеңіл атлетика сынында да әр Азиадада кемі 3 алтынмен оралатын атлеттер бұл жолы Рыпакованың жалғыз алтынын қанағат тұтты. Бұл сында тағы бір спортшымыз күміс медаль иеленсе, 5 атлетіміз қола медаль алды.

 

Бокстағы құлдырау

Қазақстан боксы ешқашан дәл бүгінгідей төмендеген емес. Азиададан алтын медальсіз қайту Қазақстан боксы үшін үлкен «нокдаун». Үкілеп қосқан 10 боксшымыздың (ерлер және әйелдер) екеуі ғана ақтық сынға шықты. «Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келіде Асланбек Шымбергенов финалда өзбек Бобо Усман Батуровқа жол берді. Ал, 75 келіде өнер көрсеткен Әбілхан Аманқұл да өзбек боксшысы Исраил Мадримовтан ұтылды.

«Бокстағы төрешілердің әділетсіздігі» деген мәселе Халықаралық Олимпиада Комитетінде тағы бір рет талқыға түсетін шығар... Екі жыл бұрынғы Риода өткен дүбірлі додадан кейін ХОК «бокста әділетсіздік көбейіп кетті. Жағдай бұдан әрі де өзгермесе боксты Олимпиада ойындарынан алып тастаймыз» деген әңгімені айтуға мәжбүр болып еді. Олардың таусыла сөйлеуіне басты себеп сол төрешілердің күдікті шешімдері еді. Алайда, ХОК-тың ызбарлы әңгімесінен кейін де өкінішке қарай, мәселе түбегейлі шешіліп кетпеген сыңайлы. Оған біз осы Азиададағы бокс бәсекелерінде куә болдық. Төрешілердің бір боксшыға бұра тартуы бұл жерде де жалғасты. Әйтпесе әлем чемпионы, жерлесіміз Қайрат Ералиевті тай боксшысы Чадчай Батдидің бодауына байлап беруді немен түсіндіруге болады?! Тай боксшысы әлем чемпионын өз күшімен тізе бүктірердей мықты болса, ширек финалда солтүстіккореялық боксшыдан оңбай таяқ жемес еді ғой.

Ұлттық құрама бапкері Мырзағали Айтжанов бокс бәсекелерінен кейін БАҚ өкілдерімен әңгімелесті. «Бокс оңай спорт емес. Әсіресе, шаршы алаңда қолғабы бар қарсыласың мен әділ деп сенген төреші саған қарсы болған кезде. Жеңілген жігіттеріме де ризамын. Шаршы алаңда барын салды. Қайрат Ералиевтің жеңілерін күтпедік. Ол жеңілген соң төрешілердің бізге деген пиғылын анық ұқтық. Қалған жігіттерге «қарсыласыңнан екі бас жоғары болмасаң жеңісті бермейді» деп ақыл айттым. Нәтижесінде екі шәкіртім финалға дейін жетті. Оларды жеңілді деп санамаймын. Екеуінен де алтынды қарсыластарына төрешілер тартып алып берді. Әр ел өзінің спортшысына жанашыр болуы керек қой. Спортшыларды кінәлаудан аулақпын» деді ол.

Бас бапкердің сөзінің жаны бар. Бұл жеңіліске шаршы алаңда біздің спортшыларға жасалған әділетсіздікке шарасыз кейіп танытқан федерация басшыларын кінәлі десек артық айтқандық емес. Тіпті, олардың төрешілердің шешіміне қарсылық білдіріп, шағым түсірді дегенін де естімедік. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы шығар...

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ