Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Заң көмегін кімдер тегін алады?

Тамыз 30 / 2018

 

Нарықтың қатал қыспағында өмір сүріп жатқандықтан, «тегін» деген сөзге кейде таң қалатынымыз бар. Қадам басқан сайын ақша төлеуге дағдыланып қалғандықтан ақысыз немесе арзан дүние көрсек, алдымен сапасын екшеп жатамыз. Десе де, қоғамымызда халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан ақысыз қызметтер барын білген абзал. Соның бірі – «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңында көзделген тегін заң көмегін беру тетігі. Сонымен, тегін заң көмегін кімдер ала алады? Ең бірінші, мұндай көмек Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оған теңестірілгендерге, атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға, бірінші және екінші топ мүгедектеріне, жасына байланысты зейнеткерлікке шыққандарға, арнайы мекемеде тұратын қарттарға, әлеуметтік және қаржылық жағдайы ауыр адамдарға көрсетіледі. Ескерте кететін жайт, тегін заң көмегі азаматтық сот ісін жүргізу кезінде кәсіпкерлік қызметке байланысты дауларға көрсетілмейді.

 

Осыған орай адвокаттық қызметке ақы төлеудің бірыңғай тарифі белгіленіп отыр. Енді азаматтар арнайы белгіленген заң көмегінің бағасын біле алады. Бұл өз кезегінде бағаны негізсіз көтерудің алдын алады. Сонымен қатар, жаңа заңға сәйкес, сапасыз көрсетілген заң көмегі үшін азаматтардың сақтандыру төлемін алуға мүмкіндігі бар. Халықаралық тәжірибенің қазақстандық үлгісі 2020 жылы қолданысқа енгізілмек. Сондықтан адвокаттар мен заң кеңесшілері өздерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті болады. Ең бастысы, адвокат мәртебесін алу тетігі жеңілдеп, ол үшін алынатын жарналарға тыйым салынды. Бұл адвокаттар арасындағы бәсекелестікті арттырып, кәсіби білімін жетілдіруге жетелемек.

Әділет органдарындағы тағы бір маңызды жаңалық, мемлекеттік сот орындаушыларына ерікті түрде жеке сот орындаушысы қызметіне ауысу ұсынылды. Қазір Түркістан облысы бойынша 15 мемлекеттік сот орындаушы бар. Есесіне, жеке сот орындаушылардың саны 102-ні құрап отыр. Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27- қадамында жекеменшік сот орындаушылар институтын одан әрі дамыту, сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп кезең-кезеңімен қысқарту көзделген. Бүгінгі таңда ҚР Әділет министрлігіне қарасты Сот актілерін орындау департаментінің тапсырмасына сәйкес, өңірде мемлекеттік сот орындаушыларды қысқартудың соңғы кезеңін саралау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Айталық, бүгінге дейінгі 114 523 атқару құжатының 1406-сы ғана мемлекеттік сот орындаушыларына түскен. Ал, қалғаны жеке сот орындаушыларының үлесіне тиген. Нәтижесінде, 30779 актінің заң талабына сай шешімі табылған. Соның ішінде басым бөлігі алимент өндіруге қатысты құжаттар. Бұл жөнінде өндіруші тараптың өтініштері ескеріліп, оларға 50-ге жуық мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Осы атқару құжаттарының басым бөлігі жеке сот орындаушыларының қолынан өткен. Бір сөзбен айтқанда, жеке сот орындаушылардың болуы сот шешімінің дер кезінде орындалуына мүмкіндік береді.

Мұхит ТҰРҒАРАЕВ, Түркістан облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары, Қазақстан Заңгерлер одағы ОҚО филиалының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ