Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Жылыжайдан жыл он екi ай өнiм

Тамыз 16 / 2018

 

Түркістандық диқандар жылыжай шаруашылығымен айналысып, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Жылыжайда көкөніс жыл он екі ай бойы өсірілетінін білесіздер.

 

Қарашық ауылының тұрғыны Рахманбердi Халметов 17 сотық жеріне жылыжай салған. Бүгінде қияр егіп, пайда табуда. Тамшылатып суару жүйесін қолданады. Қыста пеш жағады. Сондықтан шаруа қысы-жазы бойы өнім алады. Ол жылыжай шаруашылығы бойынша бар білгенін жерлестеріне де үйретеді.

Бүгінде Түркістан қаласында 73 гектардан астам аумақты алып жатқан 570 жылыжай бар. Олардың біразы автоматты жүйемен жұмыс істейді. Биыл 6 айда 8 гектардай жылыжай іске қосылды. Бірінші айналымда шаруалар 2107,5 тонна өнім алған. Олар – қызанақ, қияр мен тәтті бұрыш. Қазіргі таңда шаруалар екінші өнім алуға дайындалып жатыр.

Кентауға қарасты Қарнақ ауылының тұрғындары да несiбесiн жерден айырады. Мұнда егістік даласынан бөлек есігінің алдындағы шағын жылыжайдан  өнім алып, қаланы қысы-жазы көкөнiспен қамтамасыз етіп отырғандар бар. Мәселен, «Шахнұр» шаруа қожалығының басшысы Уәлихан Асаев қызанақ, қияр, пияз бен лимон өсiреді. Дайын өнiм негiзiнен Кентау, Түркістандағы сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Ол жылыжайының сыртын корейлiк әдіс бойынша үш қабат плеенкамен каптаған. Сондықтан iшiнде жүрiп жұмыс iстеуге ыңғайлы. Өйткені, суықты да, ыстықты да өткізбейді. Қосымша тамшылатып суару технологиясы мен арнайы жылыту қондырғыларын орнатқан. Жылыжай аумағы 20 сотық жер. Көкөнiс түрлерінен жылына екi рет өнiм алады.

Жалпы, Кентаудағы жылыжайлар көлемі 14,7 гектарды құрайды.  Барлығында да заманауи агротехнологиялар пайдаланылады. Онда шаруалар тек көкөніс қана өсірмейді, сонымен бірге, көшеттерін де дайындайды. 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ