Есiмде, сол бiр кез...

Тамыз 16 / 2018

 

Кешегі кеңес дәуірінде редакцияға хаттар конвертпен келетін. Қазір байланыс саласы дамыды, түгелге жуығымыз электронды почтаны пайдаланамыз. Бүгінде конвертпен келетін хат – тұтас ностальгия әлемі! Көңілге жылылық сыйлайтын осындай сирек хаттардың бірі сонау Арқалық қаласынан келіпті. Кезінде Шымкент музыка училищесінде білім алған Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ бүгінде атауы өзгерген Шымкент саз колледжінің 60 жылдық мерейтойына орай өз естелігін жіберіпті.

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің  2008 жылдың 28 тамызындағы №129 санында «Шырайлы Шымкентім» тақырыбымен менің Шымкент музыка училищесінің 50 жылдық мерейтойына орай алғашқы түлегінің бірі ретінде жазған  естелігім жарияланған еді.  Әйтсе де, оқу орнының басшылығы мерейлі оқиғаға орай еліміздің әр түкпіріндегі түлектерінің  басын қосып,  кездесу жасайтын шығар деген үмітіміз ақталмады. 2018 жылдың тамыз айында оқу орнының құрылғанына 60 жыл толады. Бұл жолы да біз секілді алғашқы түлектер  үшін мерейтой  елеусіз қалмасын деген ниетпен қолыма қалам алдым. Төрт жыл бойы Шымкенттің кәусар ауасымен тыныстап, зәмзәм суынан сусынымызды басқанымыз үшін қайырымды қала жұртшылығына қарыздармын, оларға деген сағынышым шексіз.

Осыдан 60 жыл бұрынғы Шымкент шаһары, жасыл желек жамылған көшелері, гүлге оранған масатыдай саябақтары, бәрі-бәрі күні кешегідей көз алдымда. Содан бері қанша оқталсам да арман қалаға жолым түспепті. Тағдырдың жазуымен  осыдан 45 жыл  бұрын, 1973 жылы бір-ақ рет барған едім. Сол жолғы сапарымда қасыма анамды (марқұм), зайыбым мен балаларымды ертіп,  кезінде қызықты сәттерді бастан бірге кешірген Сайлау Ишанқұловтың үйінде  болғанмын. Шымқаладағы аз ғана достарымыздың үйлеріндегі мәре-сәре кездесулерде балаларымызды бір-бірімен таныстырып, қаланың көрікті  орындарын тамашаладық. Бірақ, оқу орнына бара  алмаған едік.

Алайда, осында оқып жүрген сәттер көзден кетсе де көңілден өшпейді екен. Училищенің алғашқы оқушылары қатарында қыркүйек, қазан, қараша айларында жаппай мақта теру науқанына қатыстық.  Мақта теру дегеніңіз оңай болмай шықты. Үлпілдеп төгіліп тұрған ақ ұлпаны өзгелер қолдары қолдарына жұқпай теріп  жатады. Солардан көргенім бойынша мақта теруге кіріскенім сол, саусақтарымның көбесін қауашақтың ине секілді істік ұштары сөгіп жіберіп, қан сорғалап кетті. Саусақ көбесіндегі жараның жазылуы ұзарған сайын мәнісім қашты. Өзгелер күніне  120, 140, 160, тіптен 180-200 келіге дейін теріп, қолма-қол ақша алып, қалталарын қампитып жатты. Күнделікті жоспардың ең төмен  мөлшері 40 келі еді. Белімді жазбастан жұмыс істесем де, тергенім  25 келіден аспады. Бес күн сайын комсомол жиналысында белсенді оқушылар терімдегі қол жеткізген жетістіктері үшін марапатталса, күндік норманы орындай алмаған менің мәселем ерекше қаралатын. Бес күннің ішінде жалқау деген аттан  арылып,  жөнделуім үшін шығарылған  шешімді оқығанда кекесінге толы күлкіні естуге тура келді. Үшінші бескүндікте  жұмыстан еш нәтиже шығара алмағаным үшін оқудан шығарылатын болдым. Көзім қарауытып, басым айналып, құлақ шекем шыңылдап тұрғанда жанымда аттың үстінде отырған қария:

– Әй, балалар! –  деп айқай салды. – Қашан көрсем  осы баланы шырылдатасыңдар да жатасыңдар! Өзінен сұраңдаршы қане, қай өңірден  екен? Жұмысының өнбеуіне қарағанда, бұл жақтың адамы емес сияқты. Шырағым, қай жерденсің? – деді.

Теңселіп тұрғанымда көзім шырадай ашылып:

– Қостанайданмын, Қостанай облысынанмын, ата! – дедім жанашыр табылғанына қуанып.

– Көрдіңдер ме, қарақтарым? Қостанайлықтар мақтаның не екенін қайдан білсін?! Бұл бала таңертеңнен кешке дейін белін жазбастан мақта тереді. Бірақ, саусақпен терген соң, тірлік өне ме! Бұл бала басқалар сияқты мақта ұрламайды, дорбасына  құм, ұсақ тас, балшық араластырмайды. Қажет десеңдер  мына «жүлдегерлердің» кейбірінің «өнерлерін» айтып та, дәлелдеп те бере аламын... Бірақ, әңгімені  тереңдетпейін. Мына балаға шығарған үкімдеріңді өзгертіп, кепілдікке маған беріңдер! – деді.

Ойламаған жерден   маған араағайындыққа түскен ақсақалға іштей алғысымды жаудырып, өзіме-өзім келе бастадым. Қария сосын:

– Күнделікті  теріміңнің мөлшерінен айрылма! Мақтаның терімін қабылдап, өлшеп тұратын жігіт менің ұлым. Саған күн сайын 20 келіні қосымша жазып тұрады. Осы көмегіме разы боларсың.  Өзің сонау 1932 жылғы ашаршылықта мен амалсыздан келген өңірден екенсің. Үйге келіп тұр, жақын танысайық, – деді.

Шіркін, көненің көзі, ескінің жұрнақтары-ай  десеңізші!  Осылайша комсомол  жиналысына шақыру тоқтатылып, мақта теруім жөнге келді. Оқу озаты ретінде келесі  мақта теру науқанына қатыспадым. «Көңілді кеш»  («Веселый вечер») концерттік тобының  мүшесі ретінде гастрольдік сапарға аттандым. Топ жетекшісі армян жігіті, құрамында бүгінде есімі елімізге  танымал әнші Лаки Кесоглу, Ділдәбек Тұрдиев, сосын мен болдым. Гастроль кезінде мақта өсіретін аудандар мен ауылдарға, Арыс, Кентау, Шардара өңіріне (ол кезде бұл жерде қаланың нышаны жоқ, қарқынды құрылыс алаңы еді), Түркістан мен Байқоңыр қалаларына концерт қойдық.  Сапарға шығар алдында музыка училищесінің залында концерттік бағдарламамызды сынақтан өткізіп, ұсыныстары мен толықтыруларын енгізетін. Сұрыптау тобының жетекшісі бұл күндері есімі аңызға айналған  Өзбекәлі Жәнібеков екенін кеш білдік...

Торғай облысы ашылған жетпісінші жылдары облыс орталығы Арқалық қаласындағы музыка мектебінде жұмыс істедім. Бірде сала мамандарын жаңадан құрылып жатқан облыстың мәдениет, білім, денсаулық салаларына жетекші,  жоғары лауазымдағы Өзбекәлі Жәнібеков жұмыс кабинетіне жинады. Мені танып «Еркін, сен мұнда неғып жүрсің?» дегенде, он жылдан аса уақыт өтсе де ұмытпағанына, есте сақтау қабілетінің мықтылығына таң қалдым. Қызмет орнымды естіген соң:

–  Ендеше, сен маған көмектесесің. Ел ішіндегі белсенді жастарды жаңадан ашылып жатқан Торғай облысының орталығына топтастыруымыз керек! – деді.

Иә,  Өзбекәлі Жәнібеков осындай адам еді. Ол кісі үнемі бізге: «Біз бүгін осындамыз, ертең басқа жақта болуымыз әбден мүмкін. Жаңадан ашылған бұл облысқа мәңгілікке келген жоқпыз. Сондықтан да әрбіріңіз тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қарап, жандарыңыз ашып, нәтиже беретіндей етіп, таза істеңіздер!» – дейтін.

Ел ағасы болған Өзаға туралы әңгімемді созыңқырап алғаным үшін оқырмандардан кешірім өтінемін. Студенттік өмірдің  2,5 жылында  шалғайдағы еліме бара алмай, қыста да, жазда да  жатақханада тұрдым.  Училище басшысы Сәмен Сәмиғұлқызы Әжиева жағдайымнан  хабардар болып, қосымша жұмысқа орналасуыма көмектескенін соңынан білдім. Қазақ химия-технология институтында, Қ.Сыпатаев атындағы мектеп-интернатында, қалада өтетін мерекелік концерттерді ұйымдастыруға атсалыстым.  Қалалық, облыстық көркемөнерпаздар ұжымдарына жетекшіліқ жасап, осының арқасында үшінші оқу жылынан кейін туған жеріме барып  қайттым.

Училищені жақсы үлгеріммен аяқтаған соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға оқуға түстім. Отбасындағы жалғыз бала болғандықтан аурушаң анамның жағдайына қарайлап,  оқуымды тастап, елге оралдым. Шымкентте  жинақтаған аз-кем тәжірибемнің арқасында Аманкелді аудандық көркемөнерпаздар ұйымының жетекшісі болдым. Одан әрі Арқалық қаласындағы балалар музыка мектебінде сабақ бердім. Содан бері Арқалықта өтетін мәдени шаралардың ортасында жүргендіктен Өзбек-
әлі Жәнібековтің саладағы жұмыстарынан біршама хабардармын. Бұдан 46 жыл бұрын  Өзаға тұрған үйдің нақ сол пәтерінде бүгінде өзімнің тұрып жатқанымды көпшіліктің  білгенін қалаймын. Алла сәтін салса, ол кісі туралы айтатын, жазатын деректі әңгімеге кейінірек оралармын.

Зейнеткерлік жаста болсам да «Музыка ілімінің негіздері» бойынша алған мамандығыма сай жинақтаған тәжірибемнің арқасында бірнеше оқулығым бүгінде  орта, жоғары музыкалық  оқу орындарында  пайдаланылуда.  Мәселен, Ю.Усовтың  «Шетелдердегі үрмелі аспаптардың шығу тарихы мен орындау шеберліктерінің дамуы» мен Т.Н.Дубровскаяның «Полифония» оқулығын орыс  тілінен аудардым. Ал,  «Қазақтың ән өнері» оқулығын өзім құрастырдым. Бір өкініштісі, қазақтың халық әндері, биі, күй, жыр әуендері негізінде аударма жасаған бірқатар оқулықтарым жоғары санатты ғалымдардың сараптамаларынан өткенімен, 7-8  жылдан бері жолы болмай, республикалық ғылыми-әдістемелік орталығында шаң басып жатыр. Саладағы бастауыш, орта  және жоғары  оқу орындарының өз шәкірттерін ана тілімізде  оқытуға деген шынайы ниеттерінің жоқтығы қапаландырады. Сол себепті осы бір  өзекті мәселені қазағы қалың әрі ана тіліміздің шынайы жанашырлары тұратын өңірдегі Оңтүстік Қазақстан облыстық саз колледжінің ұжымы  көтерсе деген тілегім бар. Саладағы қазақ тіліндегі оқулықтар мен оқу құралдарының жетіспеуіне қарамастан баспаға дайын осы еңбектерге қолдан жасалып отырған тосқауылдарды бұзатындай шынайы қамқорлықтың  болмауы алаңдатады.

Бүгін алдарыңызда ағымнан ақтарылдым, құрметті оқырман.  Бұл – дәріс берген ұстаздарымның, өмірден өткендерінің әруақтарының  алдындағы парызым, оларға басымды иіп, берген білімдері үшін айтқан   рахметім, қазақ тіліне деген қамқорлығым, сонымен қатар музыка саласында білім алып жатқандарына  жасаған базарлығым. Қазіргі атауымен айтқанда, ОҚО саз колледжінің оқушыларына   білім нәрімен сусындатып жүрген  ұстаздарыңның алдында арлы-ожданды болып, парыздарыңды адалдықпен орындап, музыка өнеріндегі ұстанған бағыттарыңнан таймай, жемісті еңбек етіңіздер дегім келеді. Пікір-лебіздеріңізді қалалық «Арқалық хабары»
(arkalуk.һabar @mail.ru) және облыстық «Қостанай таңы» (e-mail: kostanaуtanу@mail.ru)  газеттеріне жіберулеріңізге болады.

Еркін ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, қарт ұстаз, еңбек ардагері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ