Руханият 0 пікір 1813 лайк

Талантты бағалайық тірісінде

Тамыз 14 / 2018

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облысының жұртшылығы талантты көзі тірісінде құрметтеудің жарқын үлгісін көрсетті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты және халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, белгілі қоғам қайраткері, драматург-жазушы Дулат Исабековтің туған жері Ордабасы ауданы, Ақжол ауылында жазушының кітапханасы ашылды.

 

Қаламгер туған жерінен ашылып отырған кітапханаға Алматыдан, өзінің жеке кітап қорынан 2500 дана кітап алып келіпті.

– Біраз шығармаларымды бастап қойып едім. Соны жалғастыратын жайлы орын осы жер болғалы тұр. Шығармашылық үйіме айналады. Ауылға жылына кем дегенде екі рет келуге тырысатынмын. Бала-шағамды ертіп туған жерді жиі таныстырып жүрміз ғой. Дегенмен, мына кітапхананың, шығармашылық үйімнің орны бөлек. Түркістан облысының басшылығына үлкен алғысымды айтамын. Көптен бері ойда жүрген, біраз жыл бұрын қолға алынған жоба еді. Игілікті іс сәтімен бітіп, бүгін міне ашылып отыр, – дейді қуанышты сәтте өз әсерімен бөліскен Дулат Исабеков.

 Астана, Алматы төрінен арнайы келген бір топ ақын-жазушы, Түркістан облысының зиялы қауымы қаламгердің осынау қуанышына ортақтасып, салтанатты іс-шараның сәнін келтірді.

Руханияттың бастауында тұратын кітапхана үйінің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып, облыс басшысы атынан сый-сияпат ұсынды.

– Дулат ағамыз бақытты жазушы. Пьесалары былтыр Лондонда қойылып, Лордтар палатасы мінбе ұсынғаны өз алдына, өз елінде қаншама буын ұрпақты өз шығармаларымен тәрбиелей алған қаламгер. Дулат Исабековтің «Қарашаңырақ», «Бекет», «Ащы бала» әңгімелерін оқып өскен біздер үшін классик жазушының құрметіне осындай кітапхананың ашылуы зор қуаныш. Бұл кітапхананың Қараспанда ашылуының өзі заңдылық. Себебі, қаламгердің шығармаларындағы кейіпкерлердің бәрі де осы ауылдың тұрғындары, өз ауылдастары. Бұл кітапханадан төңіректегі ауыл тұрғындары рухани азық алып қана қоймай, жазушының өмірімен, шығармашылығымен етене жақын таныса түседі деп ойлаймын, – деді Ұ.Сәдібеков.

Расында да, қаламгердің шығармаларымен қатар, марапаттары, түрлі кездесулер мен салтанатты шаралардан сыр шерткен суреттері қойылған кітапхана үйі рухани орталыққа айналары сөзсіз. Мұнда кез келген оқырманға жазушымен сырласып, әдебиетпен танысып, кітаппен дос болуға бар мүмкіндік жасалған.

Салтанатты шарада сөз алған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев «Игі істердің бәрі де Оңтүстік өңірінен басталатынына тағы бір көз жеткізіп отырмын. Жазушысын құрметтеу деген осындай-ақ болсын. Рухани жаңғыру деген осы. Ұлттың ұстыны бола білген азаматтарды өлген соң «арысымыз еді, батырымыз еді...» деп жатамыз. Құрметті осылай көзі тірісінде көрсетіп, өзі барда батасын алып жасаған дұрыс» деді.

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт «мені әдебиет әлеміне енгізген Дулат Исабеков» десе, филолог ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек қаламгерді құрметтеп туған ауылынан осындай кітапхана ашып беріп отырған облыс әкіміне, нысанның құрылысын жүргізуге септігін тигізген Арыс және Ордабасы аудандарының әкімдеріне алғысын айтты.

Кітапхананың ашылу салтанатында белгілі ақындар Қасымхан Бегманұлы, Қазыбек Иса арнау өлеңдерін оқыды. Жиылған көпшілік осылайша әдеби кешке татыған жиынның куәсі болды. Жаңадан ашылып отырған кітапхананың лезде рухани орталыққа айнала бастағанын көз көрді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ