Экономика 0 пікір 1812 лайк

Берешегіміз – бір миллиард немесе салық мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Тамыз 14 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жуырда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жартыжылдық есебін тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев Түркістан облысы мен Шымкент қаласы тұрғындарының тек қана көлік салығы бойынша бюджеттің алдындағы мерзімі өткен берешегі 1 миллиард теңгеден асқанын айтты. Мініп жүрген көлігінің салығын уақтылы төлемей, берешегі бір миллион теңгені еңсерген азаматтар да бар. Мысалы, биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша түркістандық Пайзымбетов есімді азамат «Lexus» автокөлігін иемденгені үшін төлеуі тиіс 1 миллион 289 мың теңге салығын уақтылы төлемеген. Тағы сол Түркістан қаласының тұрғыны Нурова есімді азаматшаның «Нummer h2» автокөлігін иемденгені үшін бюджетке төлеуі тиіс, алайда, уақтылы өтелмеген қарызы 787 мың теңгеге жетіпті. Мұндай мысалдарды облыстың кез келген аудан, қаласынан табуға болады.

 

Қазір құрылыс, ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету салаларында ондаған мың жерлесіміз жалданып жұмыс істеп жүр. Бірақ, жұмыс берушілердің көпшілігі жалдамалы жұмысшыларымен арадағы қарым-қатынасын заңдастырмайды. Ауызша келісім жасап, жалақыны қолма-қол төлейді. Яғни, бұл жалдамалы жұмысшылардың ешқайсысы жеке табыс салығын төлемейді деген сөз. Мысалы...

 Жазда Шымкент қаласы мен Төлеби, Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан демалыс аймақтарына барсаңыз аптап ыстықтан бас сауғалаған ығы-жығы халықты көресіз. Тиісінше, демалушыларға қызмет көрсетіп, жұмыс істеп жүрген адамдар да аз емес. Әкімші, бухгалтер, даяшы, аспаз, күзетші, тазалық сақтаушы, құтқарушы, сантехник секілді мамандар мен жұмысшыларсыз бұл демалыс аймағының күні өтпейтіні белгілі. Бірақ, демалыс аймақтарының қожайындары сол жұмысшыларды жалдағанын мойындамай, олардың табыс салығын төлеуден жалтарып бағуда.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, өңірде 62 демалыс және сауықтыру аймақтары салық төлеуші ретінде тіркелген. Оның 24-і заңды тұлға болса, қалған 38-і жеке кәсіпкер. Күн сайын мыңдаған клиентке қызмет көрсетіп, миллиондаған табыс тауып жатқан әлгі 24 заңды тұлғаның бюджетке төлеген салығы мардымсыз. 2017 жылы олар бар-жоғы 17 миллион, ал, биыл 6 айда 20,1 миллион теңге салық төлепті. Ал, 38 жеке кәсіпкердің жыл басынан бері төлеген салығы 11,3 миллион теңгені құраған. Яғни, демалыс орындарының көпшілігі өз табыстары мен жалдамалы жұмысшыларының санын мейлінше азайтып көрсетіп, салықтан жалтарған.

Атап айтар болсақ, «Жеке кәсіпкер «Мөлдір бастау» демалыс аймағы 2017 жылы бар-жоғы 6 мың теңге салық төлеген болса, осы жылдың 6 айында мүлде салық төлемепті. Аумағы атшаптырым демалыс аймағы салық есептілік нысандарында 2017-2018 жылдары бірде-бір жұмысшы жалдамағанын көрсетіп отыр. Сонда «Мөлдір бастауға» демалысқа барған адамдарға кім қызмет көрсетіп, кім ақы алды екен?

«Талдыбұлақ» кооперативіне (басшысы Жартыбаев дейтін азамат) қарасты «Көкжайлау» демалыс аймағы 2017 жылы бар-жоғы 12 мың теңге, ал, биылғы 6 айда 3 мың теңге салық төлепті. 40 мың теңге жалақы алатын мектептегі еден жуушы ай сайын 4 мың теңге, жылына 48 мың теңге жеке табыс салығын төлейді. Ал, туған жеріміздің ең көрікті жерлерін иемденіп, онда үлкен демалыс аймағын ашып жүрген Жартыбаев сындылардың қазынаға қосқан үлесі әлгі еден жуушы төлеген салықтың ширегіне де татымағаны ғой...

Көпшілікке кеңінен танымал «Изуми тау» демалыс аймағы да салықты кем төлейтіндердің қатарында. Бұл демалыс аймағында еуропалық стильдегі 24 нөмір бар. Бұл нөмірлердің әрқайсысының тәуліктік жалдау құны 15 мың мен 35 мың теңгенің аралығында. Жиырма төрт нөмірдің бір тәуліктік жалдау құнының жиынтық соммасы – 480 мың теңге. Мұнан бөлек «Изуми таудың» аумағында бір мезгілде 180 адамға қызмет көрсететін элиталы ресторан мен 250 адам жайғаса алатын жазғы террассалар мен тапшандар бар.

Былайша айтқанда, бұл – жай тау емес, табиғаты тамылжыған Төлеби ауданының ең көрікті жерінде, таудың баурайында орналасқан, қалтасы қалың бай-бағландар ғана барып демала алатын «Изуми тау». Бірақ, оның құрылтайшысы «Изуми Групп» компаниясы салық есептілік нысандарында 2017 жылы да, биыл да «бізде бар-жоғы 3 адам жұмыс істейді» деп көрсеткен. Сөйтіп, нөмірлерін күніне 480 мың теңгеге жалға беретін демалыс аймағы биылғы жылдың алғашқы 6 айында бар-жоғы 6,3 миллион теңге салық төлеген.

Шамасы, «Изуми таудың» үш жұмысшысы жай адамдар болмаса керек, оның үшеуі де күндіз-түні ішпей-жемей, бір ауық демалып, көзін ілмей тәулік бойы жұмыс істей беретін «супермен» болса керек. Әйтпесе, аумағы бірнеше гектарды алып жатқан үлкен демалыс орнын тазалап, көгалдандырып, гүлге орап, үлкен қонақүйді, ресторан мен террассаларды, саунаны да мұнтаздай таза ұстап, күнделікті келіп жатқан жүздеген адамның жатын орнын, ас-ауқатын қамдап, ыдыс-аяғын жуып, қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, көңіл-күйін көтеріп, осы қызметтерінің бәрінің ақысын есептеп, оны алып отыруға ол үшеуі қайдан үлгерсін?!

Айтпақшы, Мұсалиев дейтін адам басқаратын «Алтын дән» демалыс аймағында 10 коттедж бен 18 нөмір бар екен. Басқа қызмет түрлерін айтпағанда, сол коттедждер мен нөмірлердің бір тәуліктік жалға алу құны – 700 мың теңге. Құдайдың күні көп пе, 700 мың теңге ме дерсіз. Мейлі, істің көзін тапқан азаматтардың мол табысқа кенелгені жақсы ғой. Бірақ, сол жарықтықтар салықты да уақтылы төлеп тұрса, қанеки! Бірақ, күніне 700 мың кірісі бар «Алтын дән» демалыс аймағы биылғы 6 айда бар-жоғы 2,1 миллион теңге салық төлепті.

Биыл облыста ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдауға 160 миллиард теңге бөлініпті. Аз ақша емес, облыс қазынасының төрттен бір бөлігінен де көбірек. Бірақ, өкінішке қарай, мемлекеттен осыншама қолдау көріп отырған кәсіпкерлер мен диқандардың арасында да салықтан жалтаратындар аз емес екен. Мәселен, мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметтері бойынша, облыста 62 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер салық төлеуші ретінде тіркелген. Соның ішінде 7200-ден астам ірі шаруа қожалығы бар. Ондаған, тіпті кейбірі жүздеген, мыңдаған гектар жерді игеріп отырған сол шаруа қожалықтары басқа кезді айтпағанда егін салу мен жиын-терім науқанында жылына кемінде 2 ай жұмысшылар жалдайтыны белгілі. Бірақ, салық есептілік нысандарында солардың бірде-бірі жұмысшы жалдамаған болып шығып отыр. Егер сол шаруа қожалықтарының әрқайсысы бір-бір жұмысшыдан жалдап, оларға 50 мың теңге жалақы төлегенін көрсеткенде, олар айына 36 миллион теңгені бюджетке салық ретінде төлер еді. Бұл – бір жұмысшы жалдағандағы есеп. Ал, жүз гектар алқапта жалғыз адамның жұмыс істеп жүргенін көз алдыңызға елестете алар ма едіңіз?! Сонда мемлекеттен миллиардтап субсидия алып жұмыс істеп жатқан шаруалар соның миллиондарын салық етіп қайтаруға жарамай отырғаны ғой...

Салықтан жалтарғандар туралы деректерді әлі де тізбектей беруге болады. Бірақ, осының өзі біздің елде әлі де салық мәдениетінің толық қалыптасып үлгермегенін көрсетсе керек. Ал, мұның бірнеше себебін атап көрсетуге болады. Біріншіден, азаматтар салық жүйесінің таза және әділетті жұмыс істейтініне сенбейді. Оған негіз де жоқ емес. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстанға ҚР Қауіпсіздік кеңесінен келген комиссия өңірдегі көлеңкелі экономикадағы қаржы айналымының көлемі облыстың жалпыөңірлік ішкі өнімінің 50 пайызына тең екенін анықтаған. Яғни, қаншама адамдар, топтар, компаниялар мемлекеттің есебіне кіргізбей, бір тиын салық төлемей, заңсыз жолдармен табыс тауып жүр. Осыны көріп, біліп отырған тіркелген салық төлеушілердің көңіліне күдік кіретіні аян. «Бәрі бірдей төлемейтін салықты мен неге төлеуім керек?» деген ой көпшілікті салықтан жалтарудың жолын іздеуге бастайды.

Оның үстіне салық мәдениетінің жетілмеуіне елдегі жемқорлықтың бәсеңсімей отырғаны да теріс әсер етуде. Мемлекет сыбайлас жемқорлықпен күресті соңғы жылдары күшейткенімен, көпшіліктің көкейінде «біз төлеген салық бюджетке түсіп, одан халықтың игілігіне жұмсаларына, жемқорлардың жемсауына кетіп қалмайтынына кім кепіл?» дейтін сұрақ әлі тұрғанын жасыра алмаймыз.

Екіншіден, салық есептіліктерін тапсыру кезінде әкімшілік кедергілер бар. Оның үстіне, әсіресе, заңды тұлғалар үшін салықтық жүктемелер әлі де ауырлау болып тұр. Қазір мемлекет бұл екі мәселеге де баса назар аударып отыр. Салық есептілігін электронды форматта тапсыру мүмкіндігі мен әртүрлі санаттағы салық төлеушілерге ұсынылып жатқан салықтық преференциялар соның дәлелі.

Үшіншіден, қазіргі идеология азаматтар мем мемлекеттің қарым-қатынасы жайлы дұрыс ұстанымдар мен көзқарастар қалыптастыра алмай келеді. Қазір адам дегеніміз мемлекеттің пайдалы ресурстарының бірі емес. Мемлекет дегеніңіздің өзі адамдар. Дұрысы, мемлекеттің қожайыны – адамдар, халық.

Негізінде қазір елімізде бюджеттің игілігін көріп, оның бенефициары атанбай отырған бірде-бір отбасы жоқ. Бюджеттік сала қызметкерлерін айтпағанда, миллиондаған отандастарымыз ортақ қазынадан білім гранттарын, шәкіртақы, зейнетақы мен жәрдемақы алады. Кәсіпкерлікпен айналысып жүргендердің де көбі бюджеттен түрлі гранттар, жеңілдетілген несиелер немесе субсидиялар алуда. Жалпы, отандық бизнестің үштен екі бөлігі бюджеттен бөлінген қаржыға түрлі салалардағы мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен күнелтіп жүр.

Қорғаныс, құқық қорғау, ғылым, мәдениет, спорт және тағы басқа салалар толықтай бюджеттің қаржыландыруына тәуелді. Бәріміздің балаларымыз бюджет қаржыландыруындағы мектептерде тегін орта білім алып жүр. Қазір медициналық қызметтің, дәрі-дәрмектің қымбат екенін айтып шағымданатындар көп. Егер бюджеттен қаржы бөлініп, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі белгіленбесе, шет мемлекеттердегідей денсаулық сақтау мекемелері толықтай ақылы немесе сақтандыру полистері арқылы ғана жұмыс істесе, халіміз нешік болар еді? Мемлекеттік ауруханаларға барып туған-туысына күрделі оталар жасатқан кезде сол отаның жекеменшік клиникаларда қанша миллионға жасалатынына бас қатырып жатқан кім бар?

Енді осының бәріне жететін қаржы қайдан түсіп жатыр? Әрине, салықтан. Үлкен компаниялар мен холдингтер төлеген салықтардан ғана емес, қарапайым халық, Сіз бен біз де төлеп жүрген салықтардан құралуда.

Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым ақпарат құралдарына берген сұхбаттарының бірінде «Халық арасында «Мемлекет деген – менмін. Мен мемлекет үшін емес, мемлекет мен үшін, қазақ үшін жаралған. Әкімдер мен министрлер – біздің жалға алған менеджерлеріміз» деген психологияны оятуға жұмыс істеуіміз керек» деп айтқан болатын. Сол айтқандай, адамдар мемлекеттің қожайыны өзі екенін сезінсе, елде сондай қоғамдық пікір, сондай орта мен көңіл-күй қалыптасса, ешкім салық төлеуден жалтару үшін әлгіндей өлермендікке бармас еді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ