Дайындық мәселелері талқыланды

Тамыз 14 / 2018

 

Түркістан облысы әкімдігінің селектор мәжілісі өтті. Жиында мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы, өңірдің жылыту маусымына әзірлігі және Түркістан қаласын дамыту мәселелері сөз болды.

 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тиісті сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жаңа оқу жылына дайындық мәселесін назарда ұстау керектігін айтты. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін мектептерді жаңа оқу жылына дайындау, құрылысы жүріп жатқан білім ұяларының сапалы әрі уақтылы тапсырылуын жіті қадағалауды жүктеді.

Сонымен қатар, жиында жылыту маусымына дайындық шаралары да сөз болды. Өңір басшысы күз және қыс мезгілдерінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ешбірінде жылудан проблема болмауы керектігін шегелеп айтты.

– Облыстағы жылу электр стансаларының дайындығын пысықтап, жылу қазандықтары мен жүйелерін алдын ала тексеруден өткізген жөн, – деді Ж.Түймебаев.

Селектор мәжілісінде Түркістан облысы мен оның орталығы – Түркістан қаласын дамыту жолдары да талқыланды. Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналдыруға Елбасының өзі бастамашы болып, қолдап отыр. Алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» секілді алпауыт акционерлік қоғамдар да Түркістанның дамуына тікелей атсалыспақ. Облыс әкімі Түркістанды түлету бағытында әрбір аудан мен қала әкімдіктері де үлес қосулары керектігін айтып, жұмысты ширатуды тапсырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ