Рухани жаңғыру 0 пікір 1808 лайк

Электронды үкімет – цифрлық дәуірдің көрінісі

Тамыз 14 / 2018

 

Елбасының 2018 жылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы Қазақстан үшін жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұрудың жолдары айқындалған құжат болды. Мемлекет басшысы ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы еліміздің 10 негізгі міндетін белгілеп бергені мәлім. Аталған тапсырмалар Қазақстанның болашақ дамуының негізгі бағыттарын анықтап берді. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың әл-ауқатының негізі ретінде әлеуметтік салаға, зейнетақымен қамсыздандыруға және адами капиталды дамытуға ерекше назар аударды. Өнеркәсіптік немесе мемлекеттік басқару болсын, көрсетілген 10 міндеттің барлығында цифрландыру бағыты анық көрсетілген. Бұл – біздің экономикамыз үшін үлкен тәуекел. Бұл бағыттар бойынша жұмыс төртінші индустриалды революцияның қазіргі жағдайында теңгерімсіздікті азайтуға көмектеседі. Ең бастысы, цифрлық дәуір, технологиялардың дамуы, жалпы төртінші өнеркәсіптік революцияның шеңберіндегі мемлекеттің дамуының айқын бағыттарын анықтаған. Экономика, мемлекеттік басқару, тіпті агроөнеркәсіп саласын дамытудың өзінде технологияларды енгізуге, оны дамытуға басты назар аударылып отыр.

 

Бұдан бөлек, цифрлық теxнологиялар биліктің ашықтығын, яғни қабылданып жатқан шешімдердің жариялылығын қамтамасыз етеді. Халық пікірталасқа қатысып, өз ұсыныстарын айта алады. Мемлекеттік шешімдер қабылданғанда xалықтың пікірі ескеріледі. Мәселен, біздегі электронды үкімет – цифрлық дәуірдің бір көрінісі. Қазіргі кезде біз анықтаманың бәрін электронды жүйе арқылы аламыз. Ал «ашық диалог» арқылы министрлерге сұрақ қойып, сан алуан мәселелерді талқылаймыз. Мұның барлығы мемлекеттік басқарудың біртіндеп цифрлық теxнологияларға ауысып жатқанын көрсетеді. Осындай игі шаралар ары қарай да жалғаса береді. Ендігі кезекте аймақтарда ақпараттық теxнологияларды кеңінен дамыту қажет. Соның арқасында жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерінің жұмысын басқаруға ғана емес, ауыл-аймақта атқарылып жатқан шаруаларды да бақылауға болады. Президент Жолдауының негізгі түйіні – кез келген саланы цифрлық теxнологиялардың негізінде дамыту.

 Елбасы Жолдаудың үшінші бағытында «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуын, шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығу қажеттігін, бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңыздылығын көрсетеді.

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Президент оның ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажеттігін атап өтті. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды даярлауы тиіс. Бұл үшін жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналуы талап етіледі.

Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.

Осы негізгі бағыттар бойынша Елбасы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.

Мұхит АЯЗОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекцияның басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ