Экономика 0 пікір 0 лайк

Жеңімпаз командаға – миллион теңгелік қара мал!

Тамыз 12 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласындағы «Saukele the ballroom» залында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің қатысуымен «Neo Nomad» тақырыбында іскерлік ойын өтті.

 

Аталмыш іс-шараның мақсаты – «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жобалық басқару түрінде қалай жүзеге асыру керектігін ойын арқылы үйрету. Шараға облыстағы мал шаруашылығы дамыған 6 аудан мен қаладан және Шымкенттің өзінен, сондай-ақ мал шаруашылығы мамандары мен ғалымдарынан құралған 7 команда қатысты. Олар – Ордабасы, Төлеби, Сайрам, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларынан жасақталған командалар. Әр топтың құрамы сол аймақтың әкімдері және шаруаларынан жасақталды. Алғашқы сайыста қатысушылар мал шаруашылығын дамытудың жоспарымен таныстыруы керек болды. Жүргізуші мұнда аудан, қаладағы жайылым жағдайын және ет өндірісінің әр аймақтағы индикативті көрсеткішін есепке алу қажеттігін ескертті. Яғни әрбір топ мал шаруашылығын өркендету үшін алдына қандай мақсат қойғанын, оған жету жолдарын және кезігуі мүмкін кедергілер жайлы жан-жақты баяндап беруі тиіс. Өз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков жеңімпаз командаға құны миллион теңгеден асатын асыл тұқымды Ангус қара малы сыйға тартылатынын айтты. Сондай-ақ, ойынның кіріспесінде Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары А.Евниев аталмыш бағдарламаның маңыздылығына тоқталып, ет, сүт өндірісін арттыру үшін қандай шаралар қамтылғандығы жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, мал шаруашылығын дамытудың ең негізгі шарты бойынша болашақта жеке отбасылық фермерлер мен мал бордақылайтын ірі кешендер саны көбейтілмек.

– Мұндай шара өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұдан былай ауыл шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жобалық басқару арқылы іске асырылады. Яғни қағаз жүзінде құрғақ сандарға сүйеніп жұмыс істеу енді қалады. Ойынның мақсаты да сол, ең тиімді деген жобаны шара барысында анықтап алып, кейін оны барлық шаруашылықтарға үлгі ретінде ұсынамыз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Бадырақов.

Алдағы уақытта мұндай шара ауыл шаруашылығының басқа да салалары бойынша ұйымдастырылмақ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ