ІІІ. ЖӘДІГЕР ҚАЛА

Тамыз 12 / 2018

 

(Соңы. Басы өткен сандарда).

Түркістан қаласы мен ондағы Әзірет Сұлтан кесенесі ғасырлар бойы қазақтың зияратқа баратын орны болып отырды. Мысалы, Әбілмәмбет хан Орынбор губернаторына 1745 жылы жазған хатында Түркістанға Құдайға құлшылық етуге барғанын айтады.

 

ХVІІІ ғасырдың аяғында Орта жүз қазақтарын сипаттаған И.Г.Андреев қазақтар киелі жер деп тек Түркістан қаласын ғана мойындайтынын, онда әулие тұтатын Әзірет Сұлтан мазары бар екенін, оған зиярат етуге кейбір қазақтар жаяу баратынын айтады. Мысал ретінде үйленгелі 8 жыл болғанымен перзент көрмеген, уақ ұлысының қазағы 1779 жылы жолда жарты жыл жүріп Түркістанға зиярат еткені, сапардан келген соң ол бір бала, бір қызды болғаны баяндалады.

Дегенмен, Түркістан қаласы ғасырлар бойына Қазақ елінің саяси-экономикалық және діни орталығы ғана емес, сонау Ахмет Ясауи заманынан кешегі ХХ ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдарына дейін білім мен ғылымның да орталығы болды. Көшпелі қазақ халқы балаларының сауатын ашуда Түркістанның да орны ерекше болған сияқты. Мысалы, 1747 жылғы деректерінде «Үшінші күні Жәнібек тарханға, отаны Түркістан болып келетін және ордада қазақ балаларын оқытумен айналысатын Бердіш молда келді» деп жазылған. Абд әл-Ғафур Түркістани жазып кеткен шығармаға қарағанда Түркістанда бірнеше мектеп пен медресе жұмыс істеп тұрған. Абд Рахим Узканди ХІХ ғасырдың басында хан болған Тоғайдың інісі Әліақбар сұлтанның тапсырысымен 1813 жылы Түркістан қаласында «Шыңғыс хан рисаласы» атты тарихи шығарма жазған. Онда қазақ хандары мен сұлтандарының шығу тегі, шежіресі туралы басқа деректерде кездеспейтін тың мәліметтер бар.

Бүгінде қазақ даласында тек ауыз әдебиеті дамыған да, жазу-сызу болмаған дегенге саятын жаңсақ пікір қалыптасқан. Негізінде, тарихи деректер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ескі кітаптар, жәдігерлер көп болғанын көрсетіп отыр. Ресей және кеңес зерттеушілерінің жазғандарына қарағанда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде көне кітаптар арнайы жасалған ағаш қобдишаларда сақталған. Қазір кесенеде болған біраз кітаптар Алматыдағы Ұлттық кітапханада сақтаулы тұр.

Бұған қоса Түркістанда көне кітаптар қоры болғаны туралы қосымша мәліметтер ғылыми әдебиетте кездеседі. Мысалы, 1866 жылы саяхатшы П.И.Пашино Түркістан қаласында бір дін иесінің үйінде болып, «оның кітапханасында парсы тіліндегі Аристу мен Афлатун (Аристотель мен Платон) кітаптары барын» атап өтеді. Осы кішкентай деректің өзі сол заманда Түркістанда ғылым-білімнің қанатын қаншалықты кеңге жайғанын көрсетсе керек. Себебі, бұл кітаптар сол замандағы ғылым-білімнің биік шыңы болып есептелген.

Түркістан қаласының ірі ғылыми орталық болғанын Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ескі, 1882 жылғы сызбасына қарап отырып та байқауға болады. Көне сызбада ғимараттың бір бөлмесі «кітапхана» деп белгіленген. Бұл бөлме Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты басқа да ескі сызбаларда осылай белгіленген.

Атақты археолог Кемел Ақышев студент кезінде ленинградтық ғалым А.Н.Бернштам экспедициясы құрамында жұмыс істеп, 1949 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болғаны белгілі. Сол кезде К.Ақышев екінші қабаттағы бір бөлме көне кітаптарға тола екенін көзімен көрген. Бұл жөнінде археолог өзінің естеліктерінде «Одна из комнат верхнего этажа была битком забита старинными книгами, исчезнувшими впоследствии» деп жазған.

К.Ақышевтың дерегін одан беріректегі Орынбай Дастанов та растайды. Ол өзінің 1967 жылғы жазған кітабында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің «кітапхана» деп аталатын бөлмесінде «Екі этажы да түрлі діни кітаптарға иін тіресіп тұрғаны баршаға мәлім. Олардың біразы 1950 жылдарға дейін сақталып келген. Бірақ, бұл да бақылаусыздықтың салдарынан кім көрінгеннің қолында кеткен» деп жазған еді.

Белгілі ғалым Зікірия Жандарбектің пікірінше, «Әзірет Сұлтан кесенесін тек архитектуралық жағынан болмаса, тарихи жағынан ешқандай құны жоқ» деген саясаттың кесапаты қаншама тарихи дүниенің жоғалуына, жойылуына себепкер болды. 1942 жылға дейін бүлінбей сақталған қолжазба қоры да үшті-күйлі жоқ болып отыр. Ел аузында 1943 жылы вагонға тиеліп әкетілді деген қауесет те бар».

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі сол көне қолжазбалар, басқа да құжаттар қазір қайда екен? Не себепті асыл мұра ертерек жинап алынбады? Ғалымдар тоталитарлық коммунистік биліктен қорыққан болса керек. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі қалған құжаттардың жұрнағын кештеу болса 1974-75 жылдары жинап алған шығыстанушыларға рахмет айтуымыз керек.

Енді қазір халқымыз рухани жаңғыруға бет түзеп, рухани кодымызды іздеп жатқан тұста сол көне кітаптар мен қолжазбаларды табу, олардың қатарында қандай әдеби, ғылыми шығармалар мен құжаттар болғанын анықтау өте маңызды іс. Үлкен кесененің бір бөлігін алып тұрғанына қарағанда, онда халқымыздың кемінде он ғасырлық рухани мұрасы, небір діни, әдеби-көркем және ғылыми еңбектер болса керек. Шіркін, аман сақталып, бүгін қолымызда бар болғанда халқымыздың тарихына, мәдениеті мен салт-дәстүріне, тарихи тұлғаларына қатысты қанша деректермен сусындар едік. Түркістан қаласы жаңа мәртебеге ие болып, облыс орталығы атанып жатқан тұста жәдігер қаладағы осынау бай тарихи мұраға терең бойлай алсақ, ұлттық кодты табу дегеніміздің өзі сол болар еді-ау.

Мұхтар ҚОЖА, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ