Руханият 0 пікір 1775 лайк

Ғұламаның ғұмырлық ғибраты

Тамыз 09 / 2018

 

«Адам ата-анадан туғанда есті болмайды»

 

Ұлы Абайдың «Қартая білу де – қасиет» деген сөзі бар. Өкінішке қарай, данышпан айтқандай, қасиетті қарттардың қатары сиреп кеткелі қашан... Бүгінде «ауылыңда қарияң бар ма?» десе күмілжіп қалатын халге жеттік емес пе?! Кеңестік заманнан қалып қойған жағыну, рухани енжарлыққа салыну қарттарға «қартайып, қайғы ойлауға» мұрша бермеді. Тереңнен ойланбаған соң зиялылыққа жол ашыла қойған жоқ. «Қартаюдың қадірі уақытты пайдалы іске жарата білуге байланысты» деген ой адамдық деңгейде қалуға құлшындырмады. Міне, сондықтан көрген-білгендерін, ақылын айтып, үлгі-өнеге көрсетіп отыруға тиіс қарттарымыз азып-тозып, ада болуға жақындап барып, осы ғасырдың табалдырығын аттады. Шұбарсулық Сәрсенбай қария айтпақшы, қазір қарттар қадірлі, қадірсіз, өсек-аяңға құмар деп үшке бөлінеді. Иә, ұлы Абай «Кеселді жалқау қылжақпас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың пысық, ішің лас, Артын ойлап ұялмас» деп сынағандар өзгеге өнеге көрсете алмас, сірә... Ал, отыз жетінші қара сөзінде айтқан «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» дегені ше? Адамшылық үшін көптің қамын жеп, жастарға жол көрсетіп жүрген қарияларды да сағынасың...

Кеңес Одағы тұсында жұмысшы жастар кешкі мектептерде оқып, сабаққа қатыспаса да жалған баға қойылған аттестат алды. Кітаптың бетін ашпай білімді болуға бола ма? Міне, сол кешегі жастар – бүгінгі қариялар. Сондықтан оларды да күстәналауға болмайды. Бірақ, көкейге тоқығанын жиындарда айтып отыратын біздің ауылдасымыз Ақболат секілді қарияларды да аңсайды екенсің... Ауылдағы Ақболат ақсақал өмірден озғанда да көпшілігіміз ол кісі айтатын Абайдың ой орамдарын тағы бір еске алып едік-ау. Сол Абай он тоғызыншы қара сөзінде «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» деген. Ендеше, жастарға Абай мен заман жайлы, таным мен парасат туралы пайымды қазыналы қарттар айтпағанда кім айтады?

 

Ол бүгінгі сұрақтың жауабын кеше беріп қойған...

Адамдар есейе келе жан-жағына барлай қарап, өткеніне есеп береді. «Өмірімде не тындырдым, қандай із қалдырдым?» дегендей ой кешеді. Өмірдің тәттісі мен ащысын сараптап, «әттең-ай!» деген кездері де аз болмас. Ұлы Абайдың «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды» деген он жетінші қара сөзіне көз жүгіртіңізші... Мүмкіндігінше адал өмір кешіп, достарыңмен, ағайын-туысыңмен тату-тәтті жүргенге не жетсін?! Ал, отыз жетінші қара сөзіндегі «Жаман дос – көлеңке: басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың. Досы жоқпен сырлас, досы көппен сыйлас. Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол» дегенінде де терең астар жатыр. Бүгінде «Адам – адамға дос, жолдас, бауыр» дегенді ұмытып бара жатқандаймыз. Етек-жеңімізді жиған тұста бір-бірімізден амандық-саулық сұрауға да жарамай жүргеніміз жасырын емес.

Тағы да Абайды сөйлетейік. «Үйіңе тату құрбың келсе кіріп, Сызданбасын қабақпен имендіріп. Ері сүйген кісіні о да сүйіп, Қызмет қылсын көңілі таза жүріп» дегенін естен шығарып алған сияқтымыз. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын шақтарында әйелдер қап арқалап базарға шығып кетті. Бала-шағаны асыраған соң, жұбайына міндетсініп, айтқанын істетті. Ерінің танысы есіктен кірсе, сызданып, жөнді жауап қатпауға айналды. Осылайша социалистік қоғам 70 жыл мызғыта алмаған руханиятымызды нарық ширек ғасырда-ақ тас-талқан етті.

Ұлы Абайдың ғасыр бұрын жазған дүниелері бүгінгі күннің де барлық сауалдарына жауап береді. Қай сөзін алсаң да қоғамның кемшін тұстарын тап басып тауып, еш бүкпесіз баяндап, ол тығырықтан шығар жолды көрсетіп тұрғандай. Сондықтан қазыналы қарттарымыз немерелерін Абайдың танымымен тәрбиелеп, ұстаздар шәкірттеріне ұлы ақынның ұлағатын ұқтырса екен дейміз.

Беркінбек ЖАҚЫПҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Ордабасы ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ